Қауіптің алдын алу үшін аймақта қандай жұмыстар атқарылуда? Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында Павлодар облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ирина Сорокина айтып берді.

Ағзадағы темір тапшылығын болдырмаудың алғашқы қадамы - дұрыс тамақтану, дәрумендерге бай тағамдарды тұтыну мен салауатты өмір салтын ұстану.

- Аурудың алдын алу үшін ұнның жоғары және бірінші сұрпы міндетті түрде В1 және В2 дәрумендерімен, сондай-ақ фолий қышқылымен байытылған болуы тиіс. Өткен жылы өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінің 25 пайызы аталған дәрумендермен байытылған ұнды пайдаланса, биыл бұл көрсеткіш 44 пайызға дейін көбейді. Ал облыстағы білім беру нысандарындағы асханалардың 92 пайызы ас дайындауда минералдар мен дәрумендерге байытылған ұнды қолдануға көшті, - дейді И.Сорокина.

Бүгінде Павлодар облысында 14 астық өңдеу кәсіпорны тұрақты түрде жұмыс істейді. Олардың жетеуі бірінші және жоғары сұрыпты ұнды байытуды қолға алған. Сондай-ақ Павлодар, Екібастұз қалалары мен Тереңкөл ауданында 24 сауда орны микронутриентті азық-түліктерге арналған сөрелермен жабдық-талған. Сауда нысандарындағы фортификацияланған ұн өнім-деріне мониторинг жүргізу кезінде 12 сынама алынып, олардың барлығы талаптарға сәйкес болып шыққан.

Басқарма басшысының сөзінше, аймақта жұқпалы емес аурулардың ішінде қан айналымы жүйесі және зәр шығару жолдарының сырқаттары жиі белең алуда. 2018 жылға арналған болжам бойынша қан айналымы аурулары 100 мың халыққа шаққанда 216,72 мөлшерінде болады деп межеленген. Бірақ бұл көрсеткіш жылдың алғашқы 6 айында 226,4-ке дейін өскен. Несеп жолдары ауруларының салдарын анықтау мақсатында кейінгі бір жыл ішінде аймақтағы 369 елді мекеннің ауызсуына мониторинг жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде тұрғындар тұтынатын судың 16 пайызы қажетті талаптарға сай емес екендігі анықталған.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz