Дүйсен Мұстафин 1948 жылдың 30 тамызында қазіргі Ақтоғай ауданы Мүткенов ауылында дүниеге келген. 1968 жылы Семей автомеханикалық техникумын тәмамдаған соң екі жыл Отан алдындағы азаматтық борышын өтеді. Кеңес әскері қатарынан оралғаннан кейін, яғни 1970 жылы еңбек жолын Краснокутск (қазіргі Ақтоғай) ауданында механик болып бастады. Ал 1972 жылы Қазақ политехникалық институтының архитектура факультетіне оқуға түсті. Себебі, бала кезінен бері сурет салуға, қағаз бетіне түрлі сызба түсіруге бейім еді. Өнердің бұл түріне зор қызығушылық танытып, туындылары қатарластары тарапынан жоғары бағаланатын көрінеді. Сондықтан болар, механикалық қызметін ысырып қойып, сәулет ісіне білек сыбана кірісті. Сөйтіп, 1977 жылы институтты тәмамдап, жолдама бойынша туған өлкесіне тура тартты. Дәлірек айтқанда, «Қазсевсельпроект» мемлекеттік жолдамалық институтына жұмысқа қабылданды.

Дүйсен Бейсенбекұлы бірқатар мекемеде жауапты, жоғары лауазымды қызметтерді атқарды. Айталық, 1982-1986 жылдары Павлодар қаласы Индустриалды ауданының бас сәулетшісі, 1987-1992 жыл аралығында архитекторлар тобының жетекшісі, кейін «Павлодар азаматтық жобасы» МЖИ сектор меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ал еліміз егемендік алған кезден бергі уақытта Павлодар облысы тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғау бойынша мемлекеттік инспек-циясының басшысы, «Павлодаррес-таврация» кәсіпорнында ғылыми-өндірістік шеберхана басшысы, «ДАМС» өндірістік кооперативінің төрағасы, «Павлодар мемлекеттік сарапатамасы» мекемесінде директор, директордың орынбасары болды.

Жарты ғасырға жуық уақыт аралығында Дүйсен Мұстафиннің тікелей жетекшілігімен қолға алынған жобалар көп. Әсіресе, Усолка, Дачный, Восточный, №30, 33, 50 және 64 шағын аудандардың құрылысының басы-қасында болғанын атап өту керек. Сонымен қатар, облыс орталығындағы ең биік баспаналар – Тәуелсіздік даңғылы мен Ак.Шөкин көшелері қиылысындағы үш бірдей 16 қабатты үй жобаларының авторы да – Дүйсен Мұстафин.

Дүйсен Бейсенбекұлы Павлодар қаласындағы ғана емес, Ақсу және Екібастұз шаһарларындағы, облыстың елді мекендеріндегі маңызды әлеуметтік нысандардың жобасы мен құрылысында қолтаңбасын қалдырды. Мәселен, кеншілер шаһарының дамуына зор серпіліс берген Екібастұз отын-энергетикалық кешенін жобалауға қатысты. Ал ауылдық жерлерде үйлермен қатар механикаландырылған мал фермаларын салуға айтарлықтай үлес қосты.

- Ол кезде жұмыс өте көп еді. Өндіріс орындарын, тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды жобалау міндеті тұрды. Ал бұл міндет – ең маңыздысы. Нысанның қағаз бетіндегі нұсқасында қателік кетсе, барлық істің жоққа шыққаны. Сондықтан жобалаушылар мен сәулетшілерден зор жауапкершілік, асқан шеберлік талап етілді. Тіпті, күні-түні, демалыссыз жұмыс істеген уақыт болды. Бірақ сол еңбегіңнің, маңдай теріңнің нәтижесін көргенде шаршағыныңды да, тынбай қызмет еткеніңді де ұмытып кетесің. Біздің үлес қосуымызбен бой көтерген ғимараттардың ел игілігіне берілгенін көргенде қуанып, марқайып қаламын, - дейді Д.Мұстафин.

Дүйсен Бейсенбекұлы 1992-1995 жылдары тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғау бойынша мемлекеттік инспекцияда басшылық қызмет атқарды. Осы уақыт аралығында Баянауыл ауданында Қаныш Сәтбаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев пен Сұлтанмахмұт Торайғыров музейлерінің жобасына жетекшілік етті. Ақын-композитор Естай Беркімбайұлының Ақтоғай ауданы Мүткенов ауылдық округіндегі кесенесінің жобасын жасады. Осы орайда Дүйсен Бейсенбекұлы Естайдың ұрпағы екенін айрықша атап өту керек. Естай ақын Дүйсен Мұстафиннің нағашы әжесінің әкесі екен.

1995-1997 жылдар аралығында «Павлодарреставрация» мекемесінде басшылық еткен тұста Потанин атындағы облыстық өлкетану музейі, Майра Шамсутдинова музейі қалпына келтіріліп, «Россия» қонақ үйі күрделі жөндеуден өтті, П.Васильев музей-үйі жаңадан жасалды. Тағы бір маңызды іс – Дүйсен Бейсенбекұлының жобасы бойынша Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш бой көтерді.

Д.Мұстафин жобалау ісімен шектеліп қалмай, сол жобаларды мемлекеттік сараптамадан өткізу, оны жан-жақты талдау жұмысымен де айналысты. 2002-2012 жылдары «Павлодар мемлекеттік сараптамасы» мекемесінің директоры, құрметті демалысқа шыққан соң екі жыл бойы осы мекеме директорының орынбасары болып еңбек етті. Ол басшылық еткен жылдары 6 мыңнан астам жобалық-сметалық құжат сараптамадан өтті. Олардың қатарында облыс орталығында Мәшһүр Жүсіп мешіті, облыстық диагностикалық орталық, «Тұлпар» және «Артур» сауда үйлері сынды ірі жобалар бар.

- Сарапшы құрылыстың инженерлік, экономикалық және әлеуметтік салдарын саралауы тиіс. Айталық, кейбір жобалаушы фирмалар нысанның құрылысына қажет қаражатты дұрыс есептемейтін. Біздің мамандар олардың қателігін анықтап, түзетіп отырды. Сөзім дәлелді болу үшін мына бір деректі келтірейін: сметалық есептердегі қателерді байқап, қайта есептеу нәтижесінде 10 жыл аралығында мемлекеттік қаржының 26 млрд. теңгесі үнемделді, - дейді Д.Мұстафин.

Тәжірибелі жобалаушы, сәулетші облыстағы құрылыстың бүгінгі қарқынын оң бағалады. Айтуынша, соңғы жылдары бұл салада ауыз толтырып айтарлық ауқымды істер атқарылды.

- Кеңес одағы тұсында жылына 200 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілетін. Бүгінгі күні бұл көрсеткіш асып түсіп, биыл 300 мың шаршы метр тұрғын үйді тапсыру көзделіп отыр. Міне жетістік! Оған қоса, құрылыстың дамуы үшін мемлекет те, жеке кәсіпкерлер де қомақты қаржы бөліп, әлеуметтік мекемелер, жекеменшік ғимараттар бой көтеруде. Ал біз қызмет еткен кеңестік кезеңде нысандарды тұрғызуға аз ақша қарастырылатын. Сол аздың өзін қанағат тұтып, бөлінген қаржыға салуға тура келді. Бұл ретте сапалы, әдемі, кең, жарық, жылы нысандарды салу қыруар қаржыны қажет ететінін атап өту керек, - дейді білікті маман.

Дүйсен Бейсенбекұлы жарты ғасырға жуық уақыт бойы жинаған тәжірибесін жастармен бөлісіп, оларға жобалаудың, сәулеттің қыр-сырын үйретуден жалыққан емес. 2001-2002 жылдары С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің сәулет және дизайн кафедрасында аға оқытушы болып еңбек етті. Оның тәлімі мен білімін алған студенттер бүгінде облыста ғана емес, еліміздің өзге өңірлері мен шетелдерде дизайнер, сәулетші қызметін атқарып жүр. Көп жылдан бері С.Торайғыров атындағы ПМУ мен Инновациялық Еуразия университетіндегі мемлекеттік емтихан бойынша комиссияға төрағалық етіп келеді. Оған қоса, жоғары оқу орындарының түлектеріне рецензия жазады.

Дүйсен Мұстафиннің еңбегі елеусіз қалған жоқ. 1984 жылы КСРО Сәулетшілер кеңесінің мүшелігіне қабылданды. 2008 жылы «Қазақстанның Құрметті сәулетшісі» атанып, 2011 жылы «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісіне ие болды. Сонымен қатар, ҚР Құрылыс істері жөніндегі комитеттің, Қазақстан Сәулетшілер одағының, Павлодар облысы мен Павлодар қаласы әкімінің, «Мемлекеттік сараптама» мекемесінің марапаттары табысталды. Қазіргі таңда Павлодар қалалық әкімдігі жанындағы қала құрылысы комитетінің мүшесі және 2016 жылдан бері «ExGroup» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Павлодар өңірлік өкілдігін басқарады.

Дүйсен Бейсенбекұлы қандай кәсіпорында қызмет етсе де ұжымды ұйыстыра білетін білікті басшы, облыстың құрылыс саласына жанашыр ел азаматы ретінде танылды. Қызметімен қатар, отбасының жағдайын да жасап, балаларын тәрбиелеп, бүгінде ұрпағының қызық-қуанышына кенеліп отыр. Жұбайы, ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері Сәуле Қабдықызы екеуі Меруерт, Әсия есімді қыздарын мәпелеп өсірді. Қазіргі таңда Меруерт Дүйсенқызы – медицина ғылымдарының докторы, Павлодар облыстық перинаталды орталығы бас дәрігерінің орынбасары, Әсия Дүйсенқызы – Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген заңгер. 70 жасқа толған Дүйсен Мұстафинге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.

Қ.ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz