Шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев қатысып, жиналған жұртты тілдер мерекесімен құттықтады. Мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматқа ҚР Мәдениет және спорт министрі мен облыс әкімінің марапаттарын табыстады.

- Мемлекеттік тілдің қолданыс аясы күн санап артып келеді. Бұған өздеріңіздей тіл жанашырларының қосқан үлесі зор. Еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілін қастерлеу – әрбір қазақстандықтың парызы. Сонымен қатар, біздің жерде тұратын әрбір этнос өкіл-дері де өз ана тілдерін құрметтеуі керек. Өйткені тілдер достығы еліміздегі ұлттар достығын нығайтуға, тұрақтылықты сақтауға үлес қосады. Оған бүгінгі шараға жиналған түрлі этнос өкілдерінің бір-біріне деген құрметі дәлел бола алады. Баршаңызды Қазақстан халқының тілдері күнімен құттықтаймын, - деді Мейрам Бегентаев.

Шара барысында тіл саяса-тының жүзеге асуына ерекше үлес қосқаны үшін белгілі айтыс- кер ақын, облыстық «Желдірме» ақындар мектебінің жетекшісі Асығат Тұрғанбекке ҚР Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасы берілсе, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Батырбек Қайыр республикалық Тіл саясаты комитеті төрағасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Осы күні тіл саясатына белсенді араласып жүрген тағы бірқатар азаматқа облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды. Оның ішінде «Регион.kz» газетінің жауапты хатшысы, әріптесіміз Жарқынбек Амантайұлы да бар.

Павлодар облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сәуле Османова марапат иелерін құттықтай келе, биылғы тілдер мерекесіне орай жарияланған «Тілдер онкүндігі» аясында қалалар мен аудандарда 150-ден астам шара ұйымдастырылғанын айтты.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz