Облыс әкімдігінде ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті төрағасының орынбасары Самат Ғылымов қатысқан жиында жаңадан төселген тас жолдардың аз уақыт ішінде кетіле бастауының себептері айтылды. Жүк тасымалына қатысы бар мүдделі азаматтар да шақырылды. Сондықтан, төрт көз түгел болған отырыста әр тарап өз уәждерін алға тартты.

Облыс әкімі Болат Бақауов жолдардың бұзылуына жүкті шамадан артық тиеп, жолға түсетін тиісті жүктемеден асыра жүйткитін ірі жүк таситын көліктер кесірін тигізіп отырғанын мәлім етті.

- «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жол құрылысына, жөндеуге басымдық беріліп келеді. Былтыр жергілікті бюджеттен 9,5 млрд. теңге бөлсек, биыл 12,4 млрд. теңге қарастырылды. Орталық пен Шығысты байланыстыратын дәліз құрылысы аяқталмақ. Бірақ атқарылған жұмыстарды бақылаусыз арлы-берлі жүретін ауыр жүк тасымалдайтын көліктер жоққа шығаратын түрі бар, - деді облыс әкімі Б.Бақауов.

Сондықтан аймақ басшысы қадағалауды күшейтіп, талапқа қырын қарағандар жазасын алатынын айтты. Негізі, артық жүкке алған арнайы рұқсат қағазы барларды полициялар тоқтата алмайтын көрінеді. Көлік инспекциясы талапқа сай рұқсат беретіндерін алға тартуда. Бірақ, бұл бір-біріне сілтеудің салдары кейінгі кезде қатты сезілуде. Бүгінде облыс жолдарының 82 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ал бақылау уыстан кетсе, бұл коэффициент кері кетуі мүмкін деген ойда облыс әкімі.

Облыстық көлік бақылау инспекциясының басшысы Серік Жолдыбаевтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері габаритті емес, бірақ ауыр жүкке жалпы сомасы 81 млн. теңгенің 1212 арнайы рұқсатын берген. Жүйелі тексеріс барысында рұқсаттан бөлек те талапты белшесінен басатындар кездес- кен. Мәселен, ағымдағы жылы көлік бақылау бекеттерінде жүк тасымалымен айналысатын 12 мың көлік тексерілген. Олардың 1673-і заңды бұзған. Оларға айыппұл салыныпты. Бірақ бұл сомалар жыл сайын жол құрылысына қарастырылатын қаржының «тамшысына» да татымайды. Олай дейтініміз, биыл республикалық бюджетті қосқанда жолға 54 млрд. теңге жұмсалмақ. Сондықтан қатаң қадағалау ғана барымызды бүлдіртпеудің амалы, деген пікірде биліктегілер.

Негізгі жер қойнауын пайдаланушылар жиі орналасқан бағыттардағы тас жол тез тозатын көрінеді. Жүк тасымалының көптігінен, әсіресе, Екібастұз-Майқайың, Қалқаман-Беловка арасындағы жол өте «нәзік». Жыл сайын мамандар бұл аралықтың тесілген жерлерін жамауға мәжбүр. Сондықтан облыс әкімі Болат Бақауов осы тұстарға екі бақылау бекетін орналас- тыруды тапсырды. Әр бекетке екі-екіден полиция жасағы қарастырылмақ. Осы ретте, облыс әкімі заң бұзушылыққа жол бергендерге қатысты хаттама толтыруда мұқият болуды ескертті. Яғни, ары қарай сотқа жүгінгенде хаттамада жіберілген қателік істі соңына жеткізуде тұсау болмауы тиіс. Аймақ басшысы мәселені шешуге қоғамдық кеңес мүшелері мен нұротандықтарды араласуға шақырды. Арнайы сайт ашылады. Оған кез келген адам «көлік инспекциясы қайда қарап отыр?» деген айдармен жүкті аузы-мұрнынан асыра тиеп алғандардың фото-бейне материалдарын жібере алады.

Астанадан келген комитет өкілі Самат Ғылымов өзекті мәселені қолға алған әкімдіктегілерге алғысын айтты. Өйткені көбі қатаң қадамға көшуге жүрексінеді, деді. Сондай-ақ, комитет тарапынан қолдаудың болатынын мәлім етті. Заң бойынша кен орындарының әрқайсысында жүктің салмағын өлшейтін құрылғысы болуы керектігін еске салды. Тиісті талапты ескермегендер, жүкті толтыра тиеп жөнелте беретіндер заң бойынша жауапқа тартылып, тіпті лицензиясынан айырылу қаупі барын да атады.

Айта кету керек, жүк тасымалдаушы ұйымдар мен жүк тиелетін кен орындарының өкілдеріне де талап күшеймек. Яғни, кен орындары өздерінен жөнелтілген жүктің шамадан тыс болмауын қадағалаулары тиіс. Артығымен артып алған жүк көліктері үшін олар да жауапты болмақ. Сондықтан кен орындарының басшылары талапты сақтаймыз деп уәде етті. Алайда «Богатырь көмір» кәсіпорнының өкілі бұл қатаң шара тасымалдаушылар тарапынан наразылық тудыратынын алға тартты. Облыс әкімі Болат Бақауов мұндай наразылық барлық тараптан болатынын жоққа шығармады. Әсіресе, «аз тиеп әкелдік» деп тауарының бағасын шарықтату әрекетіне баратындарды да бақылауға алу тапсырылды.

Тасымалдаушылар да пікірлерін ортаға салды. Олар мұндай талапқа сай тендер кезіндегі шарттарды да қайта қараған жөн болар, дейді. Әйтпесе, тасымалдан шығынға батамыз деп безек қағуда. Сонымен қатар, тасымалдаушылар жүк салмағына шектеу қойғанмен қатар жолдың сапалы салынуы қатаң қадағаланса деген тілектерін бүгіп қалмады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz