Естеріңізде болса, алаяқтар қоңырау шалу, жалған жарнама беру арқылы жұртшылықты алдап келген еді. Қазіргі уақытта оңай олжаны көксегендер халықты құрыққа түсірудің жаңа әдістеріне кіріскен. Қандай дейсіз ғой? Тізіп көрелік.

Бүгінгі алаяқтар кезексіз пәтер алып береді, банктен үлкен сомада несие бере алады, тіпті, жер алуға да көмектеседі. Осындай уәделерді үйіп-төгіп, қарапайым адамдарды қақпанға түсіріп жүр. Көпшілік қалай алданып қалғандарын білмей қалып, қалтасындағы қаржысынан қағылады. Құқық қорғау саласының мамандары көшеде жолыққан бейтаныс адамдармен сөйлеспеуді қатаң ескертеді. Оған себеп те жоқ емес.

Егер көшеде немесе қоғамдық орындарда бейтаныс адам ұялы телефоныңызды сұрап, қоңырау шалуды өтінсе, «қуаты таусылды», «бірлігі аз» деп жауап қатып, құрылғыны бермегеніңіз дұрыс. Өйткені алаяқтар осындай әдіс арқылы байланыс құралдарын жымқыруда. Қоңырау шалу үшін сұрап алып, сол арада қаша жөнеледі екен. Ал көшеде бейтаныс адаммен тілдесіп, танысқан соң үйіне кіріп, ақша жымқыратындар туралы не айтасыз? Мұндай алаяқтың арбауына Павлодар қаласының зейнеткері түсті. Көшеге шыққан әжейге жасы 35-40 шамасындағы әйел жолығып, ұлының танысы екенін айтқан. Сөйтіп, қариядан не себепті жалғыз жүргенін, үйде кіммен тұратынын сұрап алған. Өзімен сыпайы сөйлескен әйелге зейнеткер балаларының Ресейде екенін, үйде жалғыз тұратынын жеткізіп, еш күдіктенбестен бар сырын ашық айтып берген. Сөйтіп, әлгі алаяқ әжейді үйіне кіргізіп, қарияның аяғына массаж жасап, ұйқыға кеткенін күткен. Осылайша, сөреде тұрған 200 мыңға жуық қаржыны қалтасына басып, үйден шығып кетеді. Қазіргі уақытта бұл факті бойынша іздестіру шаралары жүргізілуде.

Полицейлердің сөзінше, әдетте әлеуметтік желі арқылы жұмыс ұсынатын азаматтардың қалтасы қалың болады екен. Неге дейсіздер ғой. Әккілер жұмысқа шақыру арқылы тұрғындардан түйіндеме жинайды. Ал мұндай қағазға адамдар жеке мәліметтерін толық жазатыны белгілі. Ал пайдақорлар сол арқылы онлайн несие рәсімдейді екен. Себебі, қазіргі уақытта жеке мәліметтер мен суретіңізге қарап, төлқұжат сұрамай несие беретін мекеме өте көп.

Сондықтан әрдайым қырағы болы-ңыздар! Өйткені алаяқтың қармағына түсу оңай. Өйткені олар адам сеніміне тез кіретін мықты «психолог» болып дағдыланған! Жиған дүние-мүлкіңізден бір күннің ішінде айырылып қалғыңыз келмесе, өз әрекеттеріңізге жауапты болғандарыңыз абзал.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz