- Соңғы бірнеше жыл ішінде еліміз бойынша жекпе-жек спорты қанатын кеңге жайып келеді. Ел чемпионаты аяқталған соң, спортшыларымыз Азия чемпионаты, Азия Кубогы, Еуразия Кубогы, Әлем Кубогына қатысады. Алдағы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жекпе-жек спорт түрінен елімізде әлем чемпионатын өткізсек деген жоспарымыз бар, - дейді ҚР жекпе-жек спорты федерациясының директоры Ерназар Әлімбетов.

Үш күн бойы аймағымызды дүбірге бөлеген айтулы доданың финалдық кездесулері тартысты өтті. Ерлер арасында 53 келі салмақ дәрежесінде ақтөбелік Бағдат Жұбаныш алтыннан алқа тақты. 57 келіде Алматы облысының спортшысы Азамат Мақсұм жеңімпаз атанды. Алматы облысының намысын қорғап жүрген Павлодар өңірінің тумасы, «M-1 Figter» жобасының жарық жұлдызы Арман Әшімов 61 келі саламақ дәрежесінде топ жарды. Айта кетерлігі, аталған салмақ дәрежесінде сынға түскен павлодарлық Көкежан Қабылда жартылай финалдық кездесуде Арман Әшімовпен шаршы алаңға шыққан еді. Атақты спортшыға лайықты қарсылас бола білген Көкежан Қабылда жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. Тең дәрежеде өткен кездесуде төрешілер ұпай саны бойынша Арманға жеңісті берді. Нәтижесінде Көкежан Қабылда қола медальді қанағат тұтты. Жекпе-жек спортынан әлем чемпионы ақтөбелік Мирас Ұлықпан 65 келіде қарсылас шыдатпады. Қостанайлық Ербол Мұқанов 70 келіде топ жарса, павлодарлық Олжас Тілеубергенов осы салмақта үшінші орынға табан тіреді. Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғаған Максим Миленин 75 келіде чемпион атанды. Астана қаласының атынан сынға түскен Руслан Базиев 80 келіде алтыннан алқа тақты. 85 келіде алматылық Сағындық Мұқанов, 90 келіде Мәди Досмұхаметов жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Ал 90 келіден жоғары - аса ауыр салмақта Ақмола облысының спортшысы Манарбек Шахенов ел чемпионатының абсолютті чемпионы атанды.

Қыздар арасында өткен жарыстардың қорытындысы бойынша 52 келіде Алматы облысының спортшысы Аян Тұрсынның мерейі үстем болды. Шығыс Қазақстан облысынан келген Дарина Абылғазова 57 келіде алтын медальді еншілесе, Алматы облысының атынан сынға түскен Гүлмира Нұғманова 62 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Ал 67 келіде жұдырықтасқан павлодарлық спортшы Шара Қамзина қарсылас шыдатқан жоқ. Қыздар арасындағы 67 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен алматылық Дидар Екпін чемпион атанды.

Жарыс жеңімпаздарына ҚР спорт шебері атағы мен чемпиондық белдік табыс етілді. Жүлдегерлердің барлығы Алғыс хаттармен және медальдармен марапатталды.

- Осы чемпионатта маған сәттілік серік болды. Жартылай финалдағы қарсыласым кездесуден бас тартқан соң бірден ақтық мәреге жолдама алдым. Семейлік спортшымен болған бәсекені уақытынан бұрын аяқтадым. Ертіс – Баян өңірінің намысын абыроймен қорғағаныма ризамын. Тыңғылықты жаттығуда ақыл-кеңесін аямай, дұрыс бағыт-бағдар сілтей білген бапкерім Алтынбек Рысжановқа алғыс айтамын - дейді жекпе-жектен ел чемпионы Ш.Қамзина.

Шара Қамзина 5 жылдан бері кикбоксингпен айналысады. Ол - аталған спорт түрінен ҚР спорт шебері. Азия чемпионы, Италияда өткен Әлем Кубогының күміс жүлдегері.

Жалпы командалық нәтиже бойынша Алматы облысының спортшылары көш бастады. Сәтті өнер көрсеткен Ақтөбе облысының командасы 2-орынды еншілесе, Шығыс Қазақстан облысының мықтылары үздік үштікті түйіндеді.

Бегендік және Шегендік батырларды еске алуға арналған ел чемпионатының өтуіне батырдың ұрпақтары демеушілік жасады.

Облыстық жекпе-жек спорты федера-циясының президенті Жарқынбек Амантайдың айтуынша, аймақ атынан жарысқа түсіп, жүлдегерлер қатарына енген спортшылардың барлығы дерлік - жергілікті «Абылай» спорт клубының өрендері.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz