Ақтоғай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы арқылы сайланған 12 депутат бар. Олардың көбі ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау салаларында қызмет істейді. Жеке кәсіпкерлер де бар. Олардың мақсаты - өздерінің негізгі қызметтерімен қоса, халық арасындағы кейбір түйткілді мәселелердің түйінін шешуге атсалысу. Яғни, депутаттық мандаттарын халықтың игілігіне пайдалану, аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайының жақсаруына атсалысу. Сондай-ақ, қоғамдық жұмыстарға да жиі араласып, өздерінің ой-пікірлерін білдіру.

Аудандық мәслихаттың аппарат басшысы Асхат Аксаповтың мәліметінше, депутаттар өңірге қарасты елді мекендерге жиі ат басын бұрып тұрады. Мысалы, ауылдарға қатынайтын жолдың жайы, әлеуметтік нысандардың сапасы, ауыл тұрғындарын таза ауызсумен қамту деңгейі үнемі депутаттардың назарында болады.

- Жақында ауданымызға облыстық мәслихат депутаттарынан құрылған жұмыс тобы ресми іссапармен келіп, өңірдегі әріптестерімен бірге құрылыс нысандарын аралады. Басты мақсаты - атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын бақылау. Халық қалаулыларының алғашқы аялдамасы Қараоба ауылы болды. Мұнда бүгінде ауызсу құбыры тартылуда. Құбырдың құрылысы кестеге сәйкес жүргізіліп жатқандықтан, жұмыс барысына қатысты ешқандай ескерту жасалмаған. Бұдан кейін Жаңабет ауылына ат басын бұрып, Қ.Нығманов орта мектебінде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмысымен танысты. Сонымен қатар, Ақтоғай ауылындағы ауылішілік жол құрылысы мен су құбырының құрылысы да назардан тыс қалмады. Атқарылып жатқан жұмыстармен толық танысып шыққан облыстық және аудандық мәслихат депутаттары барлығы жоғары деңгейде, талапқа сай екенін атап өтті, - дейді А.Аксапов.

Айта кетейік, Ақтоғай ауылына тартылып жатқан ауызсу құбырының екінші кезеңі жүргізілуде. Мердігер компания - «Ай-Су Мелиорация» ЖШС. Бұл мақсатқа мемлекет қазынасынан 895,7 млн. теңге бөлінген. Ал Қараоба ауылына ауызсу желісін тарту үшін бюджеттен 730,002 млн. теңге қарастырылған. Сонымен қатар, Ақтоғай ауылының ішінде 5,6 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілуде. Бұған республикалық бюджеттен 81 333,8 мың теңге бөлініпті.

Былтыр аудандық мәслихат 15 сессия өткізген. Оның 11-і - кезекті, 4-і-кезектен тыс сессиялар. Осы отырыстар барысында барлығы 87 мәселе қаралған екен. Тұрақты комиссиялармен бірге сегіз бірлескен отырыс өткізіп, тиісті қаулылар қабылданды. Барлығы бюджеттік саясатты жүзеге асыру және ауданның экономикалық даму мәселелеріне арналды.

2017 жылдың 27 желтоқсанында өткен соңғы кезекті сессияда депутаттар мен тұрақты комиссия мүшелерінің ұсыныс-пікірлері ескеріліп, аудандық мәслихаттың 2018 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілген болатын. Қазіргі таңда сол жоспар бойынша жұмыс жүргізілуде. Тұрақты комиссия- мен бірлесіп өткізген отырыс-тарда 8 жоспарланған және 9 жоспардан тыс мәселе қаралып, тиісті шешім шығарылды.

- Аудандық жер қатынастары, экономика және бюджетті жоспарлау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерімен бірлесіп көп жұмыс атқарылуда. Яғни, жеке азаматтардың әлеуметтік көмек алу, ауыл шаруашылығы үшін жайылымдық жер беру мәселелері оң шешімін тапты. Сонымен қатар, еліміздегі жер заңнамасына сәйкес пайдаланылмаған жер салығы ставкасының көтерілуі секілді мәселелер талқыланды. Аудандық мәслихат депутаттары Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының және «Туған жер» жобасының жүзеге асуына зор үлес қосуда. Мысалы, орта мектептердің базасын спорттық құрал-жабдықтармен, жиһаздармен және компью-терлік техникалармен толықтыру жұмыстарын атқаруда. Сонымен қатар, мектеп ауласын абаттандыру секілді әлеуметтік жұмыстарға да атсалысып тұрады. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жоғары деңгейде түсініп, осы бағытта белсенді жұмыс жасауда, - дейді ол.

Мәслихат аппараты депутаттарды арнайы біліктілікті арттыру мектептеріне бағыттап, ең маңызды бағыттар бойынша оқытып, тиісті сертификат береді. Биыл қазіргі заман талабына сай өзекті мәселелер бойынша тақырыптарды таңдап оқыту курстары жоспарланған. Сонымен қатар, аудандық мәслихат аппараты депутаттардың құқықтық білімдерін арттыру мақсатында әртүрлі саланың білікті мамандарын шақырып тұрады.

Аудандық мәслихат депутаты Шаяхмет Сәдуақасовтың сөзінше, тұрғындар жол және ауыз су мәселелері бойынша жиі шағымданады. Сондықтан осы бағытта қолға алатын жұмыстар баршылық екенін айтады.

- Аудандық мәслихат депутат-тарының бастамасымен көп мәселе шешімін тауып жатыр. Әсіресе, автомобиль жолдарына көп көңіл бөлудеміз. Атап айтар болсақ, биыл аудан орталығындағы Абай және Қайырбаев көшелеріне жөндеу жүргізілді. Енді ауызсу құбырын тартқаннан кейін қазылып қалған жолдарды қайта қалпына келтіру керек. Бұл да біздің назарымызда. Қазіргі күні Жолболды мен Жолаулы ауылының арасындағы 5-6 шақырым жол батпақтанып, көлік өту қиындап тұрған жайы бар. Болашақта осы екі араны реттеуді ұсынып отырмыз. Билік тарапынан қолдау тауып, қаржы қарастырылады деген үміттеміз. Тым болмағанда қиыршық тас төгіп, жолдың үстін құрғату керек. Сонымен қатар, халықты таза ауызсумен қамту жұмыстары да кезегімен іске асырылуда. Мысалы былтыр аудан бойынша Жолболды, Андрияновка және Приреченск ауылдарына су құбыры тартылды. Биыл да осы бағытта үлкен жобалар қолға алынды. Былтыр ауыл әкімі мен спорт және дене шынықтыру бөлімінің есебі кезінде аудан орталығында балалардың спорт алаңы жеткіліксіз екенін айтып, қосымша алаң орнату жөнінде ұсыныс айтқан едік. Биыл сол ұсынысымыз қабылданып, ауыл- дың шығыс жағына қосымша ойын алаңы салынды. Енді балалар ауылдың бір жағынан екінші жағына сабылмайды.

Біздің араласуымызбен шешімін тапқан тағы бір мәселе - Жаңаауылдағы мәдениет үйіне қатысты. Жақында сұрапыл дауыл соғып, ғимараттың төбесін қопарып кеткен еді. Бұған бюджеттен қаражат сұрайық десек, уақыт тығыз. Сондықтан өңірдегі қалталы азаматтарды, жеке кәсіпорындарды тартып, демеушілік жасауға шақырдық. Соның нәтижесінде ауылдағы мәдениет үйі тез арада қалпына келтірілді, - дейді депутат.

Жазып алған – Тілеуберді САХАБА.

saryarka-samaly.kz