Павлодар қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Амангелді Иманберлиновтің сөзінше, биылғы жаңа оқу жылында үш жаңа автобус сатып алынған. Бұл ретте бюджеттен 40 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. Жаңа автобустар Ленин, Теміржолшылар кенттерінің, Жетекші ауылының балаларын шаһардағы 8 мектепке тасымалдайды.

- Бұрынғы автобустар ескі болатын. Әсіресе, қысқы мезгілде біраз қиындықтар туындайтын. Аяз күндері бұзылып қала беретін. Ал жаңадан алынған «ПАЗ» маркалы автобустар қыста жүруге ыңғайлы. Өйткені, қала сыртына шығатын болатындықтан, қосымша жылытқыштар орнатылған. Автобустар арнайы кестеге сәйкес, екі ауысымда білім алатын 67 баланы білім ошақтарына жеткізеді, - дейді ол.

Мәселен, қалалық №43 мектептің қарамағындағы автобус Теміржолшылар кентінен 24 баланы жеткізеді. Жаңа көліктегі барлық орындықтар балаларға арналған қауіпсіздік белдіктерімен және оқушы сөмкесін орналастыруға арналған сөремен жабдықталған.

Теміржолшылар кентінің тұрғыны Анна Тишкова мұндай сыйлық үшін жергілікті билікке алғысын жеткізді.

- Екі балам Павлодардағы №43 мектепте білім алады. Ата-ана ретінде жаңа автобус үшін жергілікті билік өкілдеріне алғысымды білдіремін. Мұндай қуанышты сәтті көп күттік. Жүргізуші де тәжірибелі. Енді баламның қалаға қатынауы мәселе туғызбайды, - дейді ата-ана.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz