Бұл ойында «Ертістің» басымдау болатыны әу бастан белгілі еді. «Тараз» былтырғы маусымда ең соңғы орынға жайғасып, жоғары лигамен қоштасты. Оның орнын өскемендік «Алтай» басты. Бірақ «Алтай» премьер-лигаға өтіп тұрып, клубтың ішкі мәселелерін реттемегені үшін Қазақстан футбол федерациясының шешімімен екінші лигаға жіберілді. Міне, осы бір қадам «Таразды» жоғары топқа қайта әкелді. Мұндайды күтпеген «Тараздың» жаңа маусымға толықтай дайындалып үлгермегені анық. Десе де, «Тараз» - мінезді команда. Барын салса, мықты деген ұжымның кеудесін баса алады.

«Ертіспен» болған ойында Руслан Мухаметшин есеп ашып, «Таразды» алға шығарғанда жанкүйер қауымның абдырап қалғаны рас. Бірақ жерлестеріміз бірден ес жинады. Кездесудің 20-минутында Карлос Фонсеко таразы басын теңестірді. Артынша Аслан Дарабаев қатарынан екі гол соғып, дубльдің авторы атанды. 66-минутта Фещук мергендік танытып, есеп айырмасын қысқартты. Ал ойын соңына таман алаңға ауысып кірген Пірәлі Әлиев пен Джа Джедже қанжығасын майлады. Қорытынды есеп 5:2.

Айтпақшы, бұл матчта Павлодар футбол мектебінің түлегі Арман Смаилов премьер-лигадағы алғашқы кездесуіне қатысты.

Бұл турда «Атырау» мен «Шахтер» ұпай бөлісті. Есеп – 3:3. «Тобыл» мен «Қайрат» та тең тарқасты (2:2). «Астана» 3:0 есебімен «Ақтөбені» ұтса, «Ордабасы» қызылордалық «Қайсардан» басым түсті (1:0). «Ақжайық» пен «Оқжетпес» матчында 1:1 есебі тіркелді.

6-турдан кейін 14 ұпай жинаған «Ертіс» көш бастады. Екінші орында – «Астана» (13 ұпай). Үшінші орындағы «Ордабасыда» да 13 ұпай бар.

«Ертіс» келесі турда қызылордалық «Қайсармен» шеберлік байқасады.

 

Фархат ӘМІРЕНОВ

saryarka-samaly.kz