Шәкірт тәрбиелеп жүрміз

- Батырбек мырза, өткен жыл «Бәке мен Сәке» дуэті үшін жемісті болды ма?

- Өткен жылға ешқандай өкініш жоқ. Біз үшін ескі жыл жемісті әрі жеңісті сәттерге толы болды деп айта аламын. Соның бірі халықаралық ұйымның шешімімен Саят екеуімізге де «Мәдениет майталманы» деген атақ берілді. Сонымен қатар, былтыр облыста алғаш рет ұйымдастырылған «Музыкалық премия» фестивалінде біз «Әзілкеш әншілер» деген атаққа ие болдық. Репертуарымыз да жаңарды. Яғни, жаңадан 3 ән жаздырдық. Бір өкініштісі, сол жұмыстарымыз халыққа жетпей жатыр. Оған себеп, қаражат мәселесі қолбайлау болып тұр.

- Ресейдің Омбы қаласына барып келдіңіздер. Мұндағы мақсат-тарыңыз не?

- Омбы қаласына арнайы шақыртуымен бардық. Омбыда тұратын қандастарымыздың ара-сында көпшілікке есімі жақсы таныс, павлодарлықтарға да аты белгілі «Мөлдір» қазақ мәдени орталығының жетекшісі Алтынай Жүнісова деген әпкеміз бар. Сол кісінің ұсынысымен ол жақтағы тыңдармандарымызға тамаша бір өнер кешін сыйлауды жөн көрдік. Бұл шақыру бұған дейін де болған. Сол сапарымыздың барысында Омбы қаласының барлық аудандарын аралап, Самара қаласына барып жеке ән кешін өткіздік. Халық ерекше ықыласпен, үлкен қошеметпен қарсы алды. 2 концертіміз аншлагпен өтті. Ол жақтағы қандастарымыз халық әндерін тыңдап, елге, жерге деген сағынышын сәл болса да баса алды деп ойлаймын. Өз басым, сондағы көрерменнің құрметіне ерекше риза болдым. Ал біздегі мақсат біреу ғана, ол - өзге ұлттың бір адамына қазақтың қасиетті бір сөзін ұғындырып, үйрете алсақ - сол бізге үлкен жетістік.

- Жалпы, павлодарлық өнер иелері Омбы қаласымен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Сыры неде?

- Дұрыс айтасыз, Омбы қаласы мен Павлодар облысының арасында үлкен достық байланыс бар. Мәдениеттен бөлек, экономикалық және өзге де салаларды алып қарасаңыз, екі ел бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Ал біз шетте жүрген қандастарымызбен қауышып, қазақтың қасиетті қара домбырасының үнін естіртіп, халық әндерін әуелетіп, жалпы қазақ мәдениетімен таныстыруды мақсат еттік.

- Соңғы уақытта елді елең еткізер хит әндеріңізді тыңдай алмай жүрміз. Не кедергі?

- Атам қазақ «елуінде - ел жаңа» демей ме. Әр заманның өз әншілері, сол заманға лайықты әндері болады. Біз өз заманымызға сай хит әндер жазып, елді елең еткізе алдық. Яғни, біз сахнаға шыққан кезде халыққа осындай әндер керек болды. Біз өзімізге берілген мүмкіндікті дұрыс пайдалана алдық. Бірақ бұған қарап заманымыз өтті деп айтуға болмас. Әлі де жаңа әндеріміз бар. Тыңдармандарымызды сазды әндермен қуантамыз деп айта аламын. Десе де, бүгінгі қазақ эстрадасын плагиат жаулап барады. Ол жасырын емес. Мәселен, Кеңес үкіметі кезінде бір ән жазсаңыз, әнін, сөзін кім жазғаны, әрлеп-өңдеген маманға дейін тіркеліп, көрсетілетін. Қазір ол жоқ. Әуенін шеттен ұрлап алып, сөз жаздырып қана «хит» жасап жатқандар баршылық.

- Жыл сайын Наурыз мейрамы қарсаңында «Бәке мен Сәке» жеке ән кешін беретін еді. Биыл ол дәстүр жалғасын таппады...

- Иә биыл өзімізге өзіміз үзіліс жасадық. Оның өзіндік себептері де бар. Бірінші себеп, репертуарымызды жаңартып, тыңдармандарымызға жаңа әндерді ұсынсақ деген ниетіміз болды. Сонымен қатар, өзге де себептермен осы жылы ән кешін өткізбеуге бел будық.

- «Жеңеше-ай» триосында сіздермен бірге өнер көрсеткен әріптестеріңіз Арман Хасенов бүгінгі таңда республикалық ән кештерінде төбе көрсетіп жүр. Өкініш жоқ па?

- Біз Павлодар облысынан шыққан әр өнер адамы үшін қуанып, олардың өнеріне риза болып отырамыз. Өзіміз шықпасақ та, олар бағындырған белестер үшін қуаныштымыз. Мысалы, Ринат Малцагов, Жанар Дұғалова сынды қазақ эстрадасында жүрген іні-қарындастарымыздың өнерін ерекше атап өтуге болады. Жалпы, Павлодар өңірі киелі әрі өнерге бай. Көптеген атақты азаматтар шыққан жер. Әлі де шығарына сенемін. Олардың жетістігіне қуанбасам, күйінбеймін!

- «Бәке мен Сәке» дуэтін халық әзіл әндері арқылы кеңінен таныды. Соңғы кездері сол әндердің легі үзіліп қалды. Болашақта мұндай әндердің санын арттыру ойларыңызда бар ма?

- Әзіл әндердің легі үзіліп қалды деп айта алмас едім. Қоржынымызда біраз әндер бар. Өкінішке қарай, әндерімізді кеңінен таратуға мүмкіндігіміз болмай жатыр. Әннің әйгілі болуы тек орындау мен жаздыруға ғана байланысты емес. Барлық мәселе қаражатқа келіп тіреледі. Сонымен қатар, бізге жарнама жағы да жетіспей тұр. Репертуарымызды тек әзіл әндермен ғана емес, лирикалық, патриоттық жанрдағы туындылармен де толықтырдық. Алдағы уақытта міндетті түрде бұрынғы әндерімізді жаңаша әрлеп, сонымен бірге, жаңадан жаздырған әндерді тыңдармандарға ұсынатын боламыз.

- Жарнама жағы жетіспей жатыр дейсіз. Қазіргі таңда елге танымал әншілердің көбі продюсермен жұмыс жасайды. Сіздерде мүмкіндік бар ма?

- Бізге продюсер болсам деп біраз азаматтар келді. Бірнешеуімен жұмыс жасап көрдік. Соңғы рет Қазбек Ыдырысов деген азамат «Бәке мен Сәкенің» продюсерлік қызметін атқарды. Ол кісімен де әріптестік байланысымыз көпке бармады. Меніңше продюсердің нәтижелі жұмыс жасауы үшін ең бірінші оның қомақты қаражаты болуы керек. Мәселен, Баян Есентаева, Гүлзира Үсенқызы сияқты продюсерлер болса неге жұмыс істемеске...

- Сіздердің сахнадағы образ-дарыңыз ерекше. Әнді тыңдата отырып, күлдіре аласыздар. Жалпы, сахналық образ қалай қалыптасты?

- Осы орайда Асқар Наймантаев ағамызға үлкен алғысымды білдіргім келеді. «Терісқақпай» әзіл- оспақ театрымен біраз сапарлас болдық. Біздің елге танылып, халық алдына шығуымызға өзіндік үлесін қосқан, марқұм Ұлықпан Есенов ағамыздың үлесі зор. «Тамаша» әзіл театрының дүркіреп тұрған шағында бізді шақырып, бетімізден қақпай, өнер айдынына желкенімізді тіктеп беріп жүздірді. Біздің сахналық образ ымызосы кезде қалыптасса керек. Асқар Наймантаев ағамыздың «сендер образдарың арқылы танылдыңдар» деп айтқан бар еді.

- Алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Алға қойған жоспарларымыз көп. Ән жаздырып, концерт берумен ғана шектелмей, өнер жолында ізімізді жалғайтын шәкір тәрбиелеуді қолға алдық. Республикалық, халықаралық ән додаларында жүлдемен келіп жатқан шәкірттеріміз де бар. Қазіргі таңда бар білген-көргенімізді сол шәкірттерімізге үйретудеміз. Қандай іс жасасақ та, бәрі біздің тыңдармандарымыздың игілігі үшін.

- Батырбек мырза, алтын уақытыңызды бөліп, сұхбаттас-қаныңызға алғысым шексіз.

 

Әңгімелескен - Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz