Облыс әкімі Болат Бақауов Ертіс ауданына жұмыс сапарымен барып, жастармен, мектептердегі қамқоршылық кеңесінің мүшелерімен, жергілікті шаруалармен кездесті. Жас мамандар мемлекет тарапынан көрсетілген көмектерге тоқталып, сұрақтарын қойды. Мәселен, жас мұғалім Альбина Асқарова Ертіс ауданының тумасы екен. Сондықтан «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасының қатысушысы ретінде көтермеақы ала алмайды. Аймақ басшысы «бұл - мемлекет тарапынан белгіленген талап» деді.

- Көтермеақыға қатысты аталмыш мәселе бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Бағдарлама белгілеген талаптың шегінен асып, ешқандай шара қолдана алмаймыз. Өкінішке қарай, жас маман тіркеуде тұрған ауылына барған кезде көтермеақыдан үміттене алмайды. Бұл тығырықтан шығудың жалғыз жолы – студент кезден-ақ ауылда жұмыс істейтінін білсе, тіркеу орнын ауыстыру, - деді Б.Бақауов.

Жалпы, биыл Ертіс ауданында еңбек жолын бастаған 17 маман көтермеақы алыпты. Облыс әкімі Б.Бақауов жастардың қиындық көрмесі үшін басты екі қағиданы мықтап ұстануы керек екенін тілге тиек етті.

- Біріншіден, күні-түні, талмай-тынбай еңбек ету керек. Бел жазбай жұмыс істе- ген адамның ғана несібесі мол болады. Екіншіден, халықтың әл-ауқатын жақсартуға мемлекет тарапынан мол жағдай жасалып, бағдарламалар қабылданған. Десе де, кей тұрғындар сол бағдарламалар туралы білмейді. Ал сіздер, жастар, әлеуметтік қорғау, кәсіпкерлік, ауылшаруашылық –барлық бағыттағы бағдарламаны біліп, көрсетілетін жеңілдіктер мен қолдаулардан хабардар болсаңыздар, ұтылмайсыздар, - деді Б.Бақауов.

Содан соң аймақ басшысы қамқоршылық кеңесінің өкілдерімен жүздесті. Кездесу барысында білім саласына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Солардың бастысы – шағын жинақты мектептерді жабу. Болат Жұмабекұлы оның мәнін былай түсінірді:

- Ауылдық аймақтардағы бір мектеп оқушысына жылына 3 млн. 800 мың теңге бөлінеді. Екі шәкіртке 7,5 млн. теңге жұмсалады. Сондықтан автобустар сатып алып, балаларды көрші ауылға апарған әлдеқайда тиімді. Бірақ, осы орайда қаржылық мәселені саралаумен шектеліп қалмау керек. Шағын ауылдардағы мектептерде баланың анасы, тәтесі, жеңгесі сабақ беріп, көп жағдайда көзжұмбайлықпен жоғары баға қоя салады. Материалдық-техникалық база да мықты деп айта алмаспыз. Ал балалар бәсекеге қабілетті болуы үшін үш тілді еркін меңгеріп, цифрландырудың тетіктерін игеруі тиіс. Мұндай мүмкіндікті шағын жинақты мектеп бере алмайды. Облыстағы білім ордаларының 62,8 пайызы – дәл осындай оқу орындары. Оларды жаппаудың жалғыз жолы – оңтүстік өңірлердегі ағайынды көшіріп әкелу. 5-7 баласы бар бірнеше отбасы келсе, оқушылар контингенті артып, мектептің болашағы бар екенін айқын аңғартады. Бес баладан көп білім алатын оқу орны жабылмайды. Сондықтан жергілікті әкімдер қоныстанушылардың келуіне ниетті болуы тиіс, - деді Б.Бақауов.

Ертіс ауданындағы №1 мектеп өкілдері білім орнына судың күніне үш мезгіл ғана берілетінін айтты. Салдарынан оқушылар мен ұстаздарға қолайсыздық туады. Ертіс ауданының әкімі Серік Батырғожиновтің айтуынша, Беловод топтық су құбыры тарифті 380 теңгеге белгілеп отыр. Бұл қарапайым халықтың қалтасына айтарлықтай салмақ салады. Сондықтан ауылдарды таза ауызсумен қамтамасыз етуде күрмеулі мәселе туындап отыр. Аудан басшысы көп ұзамай бұл мәселе шешімін табатынын айтты.

Ал суармалы егіншілікті дамыту үшін Ертіс ауданынан су тарту керек. 6640 гектар алқапты суару бағдарламасына ауданның бірнеше шаруашылығы қатыспақ. Атап айтқанда, «Абай атындағы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Замандас», «Данат», «Талап- кер» және «Оразбаев» шаруа қожалықтары бар. Оларға берілетін жер учаскелері белгілі. Тек құжаттарға қатысты іс қалды.

- Қазір техника-экономикалық негіздемені әзірлеп, жыл соңына дейін тапсыру қажет. Сол кезде ғана келесі жылдың бюджетіне қосуға мүмкіндік туады. Біз өз кезегімізде облыстық бюджеттен қосымша қаржы қарас- тыруға әзірміз. Себебі суармалы егіншіліктің болашағы зор. Сол арқылы өнімділікті есе- леуге мүмкіндік көп. Тек құжаттарды жыл соңынан қалдырмай тапсырса болғаны. Олай болмаса, 2020 жылға қалып қояды, - деді Б.Бақауов.

Мал шаруашылығы мәселесі де назар- дан тыс қалған жоқ. Ертіс ауданының орталығындағы мәдениет үйінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау комитеті өкілдерінің қатысуымен жиын өтті. Оның барысында мал қорымдарын салу мәселесі талқыланды. Белгілі болған- дай, облыстағы қорымдардың басым бөлігі санитарлық талаптарға сай емес. Сондықтан, Болат Бақауов өлекселерді өртеуге арналған орындарды пайдалануды ұсынды.

- Қалай болғанда да тиісті көлемдегі сапалы мал қорымдарын сала алмаймыз. Оған қоса, бір мал қорымы небары екі жыл аралығында толып қалады. Тіпті, Павлодар қаласына қарасты Кенжекөл ауылында жаңа мал қорымы жарты жылда толды. Әр ауданға ветеринарлық пунктте тұратын бір инсинератор сатып алған дұрыс. Ол қажет болған жағдайда ауылдық аймақтарға бара алады, - деді Б.Бақауов.

Айталық, бір мал қорымының бағасы – 6,5 - 12,5 млн. теңге аралығында. Ал 1000 кг дейінгі мал өлексесін өртейтін құралдың құны – 20 млн. теңге. Бірақ мал қорымын жыл сайын салу қажет болса, крематор 20 жылға дейін қызмет ете алады. Қазірдің өзінде 6 крематор сатып алуға қатысты өтініш әзір. Облыста мал қорымдарын алмастыратын осындай 20 құрал бар.

Ертіс ауданына жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Болат Бақауов ауданда су- армалы егіншілікті дамытуға ден қоюды тапсырды. Сонымен қатар, жас мамандардың әлеуметтік жағдайын назардан тыс қалдыр-мауды жүктеді.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА
Ертіс ауданы.

saryarka-samaly.kz