Облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXIV сессиясында облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаев аймағымыздың басты қаржылық құжатына енгізілетін өзгерістерді атап өтті. Айтуынша, бюджеттің кіріс бөлігі түзетілді. Оған қоршаған ортаға эмиссия төлемдерінің 3 млрд. теңгеге артық түсуі ықтималдығы себеп болған. Сонымен қатар, қазынаның шығыс бөлігінде құзырлы басқармалардың сұранысы бойынша өзекті мәселелерді шешуге 692 млн. теңге сомасына қаржыландыру көздері іздестірілген. М.Тұрлыбаев көлік, инфрақұрылым, тұрғын үй құрылысы, ауыл шаруашылығы салаларында жекелеген бағаттар бойынша шығындардың оңтайландырылғанын мәлім етті.

Жалпы, облыстық бюджеттік комиссияға жалпы сомасы 6 млрд. теңгенің ұсынысы түскен көрінеді. Бірақ, мамандар әр өтініштің орындалу мерзіміне, қазына қаржысының мүмкіндіктеріне қарай басым бағыттарға бюджеттен қосымша қаражат бөлді. Яғни, үнемделген қаражат, қосымша кіріс және бағдарламалар ішінде қайта бөлу есебінен пайда болған қаржыға қазіргі таңда ең өзекті деген мәселелердің түйінін шешу көзделген. Мәселен, 21 елді мекенде ауызсумен қамту мәселесін шешуге 1,1 млрд. теңге бөлу қарастырылған. Бұл қаражатқа ағымдағы жылдың соңына дейін 17 сумен жабдықтау нысанын қолданысқа беру мүмкін болады. Бұл ауылдық елді мекен тұрғындарын орталықтандырылған сумен қамту көрсеткішін жыл соңына дейін 23,8 пайыздан 27,9 пайызға көтеруге септігін тигізеді. Республикалық қазынадан қосымша бөлінетін қаражат есебінен тағы 6 нысан құрылысы аяқталса, таза ауызсуға қол жеткізгендер қатары 29,6 пайызға жетпек. Тағы бір айта кетерлігі, аймағымызда ауылдарды сумен қамтудың 33 нысанына жобалық-сметалық құжат жасау үшін қазынадан 6,6 млн. теңге бөлінген болатын. Қалалықтардың да мүддесі назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, облыс орталығында кәріз жүйесін және Ақсу шаһарында магистральді су құбырын жөндеуге қаржы қарастырылған.

Бюджетті бөліске салатын жауаптылар соңғы кезде басты назардағы тұрғын үй құрылысын да құр алақан қалдырмады. Яғни, Үкімет басшысының алға қойған мақсатты индикаторына қол жеткізу үшін әрекет жасалуда. Бұл ретте, Екібастұз қаласында 4 үйдің құрылысын аяқтап, оларға инженерлік инфрақұрылымдар тарту үшін 338,4 млн. теңге бөлініп отыр. 75,5 млн. теңге қазына қаржысы Павлодар қаласындағы «Достық» шағын ауданының жылумен қамту желілерінің және Әуежай ауданында жеке үйлер шағын ауданын тігінен жоспарлау құрылысына қосымша бағытталмақ.

Басқарма басшысы Екібастұздағы «сақалды құрылыс» атанған жылу-энергетикалық сала мамандарын даярлайтын өңіраралық орталықты қалпына келтіру жұмыстарын кестеден алда жүргізіліп жатқанын айтты. Сондықтан бұл нысандағы жұмыстарға 618,3 млн. теңге көлемінде қосымша қаржы қарастырылды.

Облыс орталығын абаттандыруға да бюджет қаржысы бөлініп отыр. Нақтысы, аулаларды, әлеуметтік нысандарға іргелес аумақтарды, 2-Павлодарда дренажды жүйелерді жөнге келтіруге қаржы қарастырылмақ. Көшелердің ағымдық жөндеуіне 219 млн. теңге бағытталды. Осылайша, жыл соңына дейін облыс орталығында 12 мың шаршы метрден астам көше жөндеу көрмек. Тағы бірқатар бағыттағы автожолдардың құрылысына қосымша қаржы берілді.

Мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға мән берілуде. Яғни, ауыл шаруашылығы секторындағы кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдауды кеңейту көзделген. Бұл ретте, субсидиялауға 411,9 млн. теңге шамасында қосымша қаражат бөлінді.

Осылайша, нақтыланған бюджеттің көлемі 169,7 млрд. теңгені құрады. Оның 47,7 млрд. теңгесі - республикалық бюджеттен түсетін трансферттер мен несиелер.

Өзгерістерді облыстық мәслихат депутаттары бірауыздан құптады. Мәслихаттың экономика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Анатолий Бойчин ұсыныстарды қарастыру барысында барлық басым бағыттар ескерілгенін атап өтті. Яғни, қосымша қаражат ең өзекті деген мәселелерді шешуге жұмсалмақ.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz