Аймақ шаруалары күздің әрбір жаймашуақ күнін ұтымды пайдалануға тырысып бағуда. Нәтижесінде бүгінгі күні облысымыз бойынша дәндідақылдардың 60 пайыздан астамы, картоптың 80 пайызы, көкөністердің 65 пайызы жиналды. Атап өтерлігі, астықтың шығымдылығы былтырғы көрсеткіштен де жоғары. Диқандар бір гектар алқаптан орташа есеппен 11,6 центнерден өнім жинауда.

Жергілікті диқандар ас атасы – нанның молдығы үшін көктем айларында талмай тер төкті. Соның нәтижесінде облыс бойынша 1 млн. 55 мың гектар алқапқа дән егілген болатын. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,3 пайызға, яғни 50 мың гектарға артық көрсеткіш. Бүгінде береке бастауы саналатын жауапты науқан аймақтың барлық аудандарында қауырт жүргізілуде. Шаруалар ауа райының қолайлы сәтін жібермей, алқаптағы қызу еңбекті жалғастыруда.

Ресми көрсеткіштерге көз жүгіртсек, 28 қыркүйектегі жағдай бойынша облысымызда дәнді дақылдардың 440,1 мың гектары немесе 60,4 пайызы орылған. Атап өтерлігі, былтыр дәл осы уақытта диқандар дәндідақылдардың 93 пайызын жинап үлгерген болатын. Биылғы көктем, күз айларындағы ауа райының қолайсыз-дығы өз әсерін тигізді. Есесіне, қазір былтырғыға қарағанда өнімділік жоғары. Бұл ретте, аймақ бойынша орташа көрсеткіш гектарынан 11,6 центнерді (былтыр 10,7 центнер болған) құрап отыр. Нәтижесінде, қазірдің өзінде қамбамызға 512,0 мың тонна астық түсті. Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашевтің айтуынша, дәнді дақылдардың ең жоғары өнімділігі Тереңкөл ауданында тіркелген. Ондағы шаруалар гектарынан 13,0 центнер өнім алуда. Успен ауданында да көрсеткіш жақсы. Гектарынан 12,5 центнер.

Сондай-ақ, бүгінде 14 мың гектар алқаптан картоп жиналды. Бұл - жалпы көлемнің 80 пайызы. Картоптың шығымдылығы да көңіл көншітерліктей. Облысымыз бойынша орташа өнімділік гектарынан 286 центнерді құрауда. Жалпы түсім 399 мың тонна көлемінде. Бұдан бөлек, көкөніс- тердің 65 пайызы жиналып, қоймаларға 127 мың тонна өнім тасымалданды. Ал бақша дақылдары 100 пайыз жиналған.

Облысымызда күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін қыркүйек айына 8 мың тонна дизельдік отын бөлінді. Ол шаруаларға жеңілдетілген бағамен сатылуда.

Астық жинаумен қоса, оны кептіру, сақтау жұмыстары да аса маңызды екені түсінікті. Онымен қоса, биыл жауын-шашынның көпті-гінен астықтың ылғалдылығы жоғары болып отыр. Сондықтан облысымызға мемлекет тарапынан астықты кептіруге қосымша 2 мың тонна дизельді отын бөлінген.

Қазіргі кезде Павлодар облысында жалпы сақтау сыйымды-лығы 264,3 мың тонна болатын 6 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары жұмыс істейді. Бүгінде барлық элеваторлар астық қабылдау жұмыстарын бастаған.

Ал шөп шабу науқанына келсек, аймақ фермерлері 1,5 миллион гектар аумақта жұмыс істеп, 1,2 миллион тонна жем-шөп әзірлеген.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz