Кездесу барысында жергілікті аяқдопшылар қонақтарымыздан аз да болса басымырақ өнер көрсетті. Әсіресе, португалиялық футболшылар Усгу Секу мен Карлос Фонсеканың жұбы жасыл алаңдағы ойынды қыздыра түсті. «Ертіс» бірнеше мәрте жүйелі шабуыл ұйымдастырғанымен үзіліске дейін «Атырау» қақпасының кілтін таба алмады.

Кездесудің екінші жартысы бастала салысымен «Ертіс» алға ұмтылды. Ұрымтал сәттердің бірінде «Ертістің» жартылай қорғаушысы Карлос Фонсека қарсыластар алаңында тұрған Угу Секуге допты сәтті жеткізді. Ол қақпаға допты шірене тепті. Доп атыраулық қақпашының уысынан сырғып, голға айналды. Бұдан соң қонақтарымыз бірнеше рет қарымта шабуылдар ұйымдастырып көрді. Абырой болғанда, «Ертіс» қорғаныста сәтті ойнап, қақпасын үнемі голдан аман алып қалып отырды. Осылайша, «Ертіс» өз алаңында маңызды деген 3 ұпайға иелік етті.

- Бұл біз үшін аса маңызды ойын еді. «Атырау» - біздің басты бәсекелестеріміздің бірі. Әрине, ойын сапасына толықтай көңілім толады деп айта алмаймын. Дегенмен, жеңіске жеткеніміз жанкүйерлерді де, ойыншыларды да желпінтіп тастады. Келесі ойындарға тыңғылықты дайындаламыз, - деді «Ертіс» футбол клубының бас бапкері Димитар Димитров.

«Ертіс» ел чемпионаты аясындағы келесі кездесуін 6 қазан күні сырт алаңда Қостанайдың «Тобылына» қарсы өткізеді.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz