Елена Петкова 1982 жылы Омбы медициналық институтын фармацевтикалық іс мамандығы бойынша тәмамдаған соң Ақтоғай ауданында еңбек жолын бастады. Бірақ, 1997 жылы дәріхананы жеке кәсіпкер сатып алып, ол жұмыссыз қалды. Сол бір қиын тұста тығырықтан шығар жол іздеп, 2000 жылы жолдасы екеуі бос тұрған ғимаратты сатып алды. Сөйтіп, жекеменшік дәріхананы ашты. Соңғы 18 жыл бойы бұл сауда орны тұрғындарға қызмет етіп келеді.

- Қазіргі кезде мұнда жоғары білікті, тәжірибесі мол екі адам жұмыс істейді. Тұрғындардың сұранысы мен қалауын ескеріп, дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтамасыз етуге тырысамыз. Жасыратыны жоқ, қарызға беріп, түсіністік танытатын кездер де болады, - дейді Е.Петкова.

Еуропалық қызмет көрсету стандарттарына көшуге байланысты 2017 жылы дәріхананы кеңейту қажеттілігі туды. Ол үшін қосымша жер телімі қажет еді. Кәсіпкер бұл өтінішін өңірлік Кәсіпкерлер палатасының Ақтоғай ауданындағы филиалы өкілдеріне білдіріп еді, мәселе көп ұзамай шешімін тапты.

- Кәсіпкер «Қайырымдылық», «Мектепке жол» және тағы басқа шараларға белсене қатысады. Аз қамтылған отбасыларға үнемі қол ұшын созып, мүмкіндігі шектеулі балалар мен церебральды сал ауруына шалдыққан балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету кабинетімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қажет дәрілер жеңілдікпен сатылады. Әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін осындай кәсіпкерлерге қолдау көрсету керек. Сондықтан жергілікті биліктің көмегімен бизнесмен өтініші қанағаттандырылды, - дейді палата филиалының директоры Нариман Рахымжанов.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz