- Туған жерге қош келдіңіз! «Жол азабын жүрген біледі» дейді қазақ. Ала-таудан Арқаға қалай жеттіңіз?

- Қыркүйек айының 11-і күні қарт Алатаудың бауырынан сапарға аттанған едім. Әзірге жоспарым ойдағыдай жүзеге асуда. Жол бойы өзімді жеңіл сезіндім. Неге десеңіз, туған жерім – Павлодар өңірінде көптен бері болмаған едім. Ерке Ертістің жағасындағы ел-жұртымды әбден сағынып қалыппын. Олар да мені ыстық ықыласпен құшақ жая қарсы алды.

- Жапан далада жалғыз жүру қауіпті емес пе? Жол бойында есте қалған оқиғаларды айта отырсаңыз?

- Мен әуелі Аллаға, сосын өзіме сенемін. Жалғыз жүру мүлдем қорқынышсыз немесе қауіпсіз деп айта алмаймын. Мәселен, осы жолғы сапарымда жапан түзде 3 бірдей бөрі алдымнан шықты. Алдын ала қорғануға тырыстым. Мен бір кездерде аңшылықпен де айналысқанмын. Түз тағысының психологиясын жақсы білемін. Адам қасқырға қастандық ойламаса, олар бірінші болып шабуыл жасамайды. Қос бөлтірігін ерткен қаншық маған көз тігіп біраз тұрды да, жөніне кетті. Айта берсем оқиға көп. Бірде иен далада жалғыз келе жатып, ұйқы қысып шаршаған соң көз шырымын алуға оқталып, шатырымды құрдым да, жамбастап жата кеттім. Кенет әлдененің тықырынан ояндым. Сыртқа шықсам, тал басына іліп қойған азық дорбамның «қызығын» сасықкүзен көріп жатыр екен. Сөмкедегі шұжықтың иісі айуанның мұрнына келсе керек. Осылайша, Алматыдан алып шыққан дәмім дала жануа-рына бұйырды. Аштықты да, тоқтықты да көру адам баласын тәуба етуге үйретеді.

Павлодар өңіріне келген бойда бірден Баянауылдың тау-тасын араладым. Мәшһүр Жүсіп атамыздың басына барып, құран бағыштадым. Жолай Екібастұзға соғып, екі-үш күн аялдадым. Екібастұз бен Павлодар арасындағы тас жол тамаша екен. 6 сағат ішінде облыс орталығына қалай жеткенімді өзім де аңғармай қалдым.

- Велоспортпен қашаннан бері айналысасыз? Спорттың осы түрін таңдауыңызға не түрткі болды?

- Қоғамда қазақ – жалқау, қазақ – марғау, қазақ – жайбасар деген секілді кері пікірлер қалыптасқан. Бірақ бұл мақтанарлық дүние емес. Сондықтан, кейінгі толқынға ісіммен үлгі болғым келеді. Осы ойымды жүзеге асыру үшін осыдан 4 жыл бұрын велоспортпен біржола айналыса бастадым. Алғашында велосипедтің алдына 10 келілік жүк артып, аяғыма ауыр қап байлап, тауға өрмелеп шығып, ылдилап төмен түсіп, жаттықтым. Күн сайын дайындығымды үдете түсуге тырысатынмын. Бабыма келе бастаған сәтімде жақын қашықтықтарға жолға шығуды әдетке айналдырдым. Күніне 100-150 шақырым қашықтықты жүріп өту мен үшін үйреншікті дүние болды. Осынау 4 жылдың ішінде бірнеше мәрте жолға шықтым. Тау-таспен, елсіз иен даламен жүріп, жүздеген, мыңдаған шақырымдарды артқа тастаған кездерім болды.

- Тау-таспен, елсіз жерлермен жүргенде немен қоректенесіз?

- Алыс жолда маңыздысы – сусын. Сосын табиғи сүттен жасалған өнімдер адамға керемет күш-қуат сыйлайды. Әсіресе, құртты алыс жолға алып шыққан өте пайдалы. Арасында бір түйірін аузыңызға салып қойсаңыз, шөліңізді басады. Ұйқыны ашады.

- Алға қойған мақсатыңыз не?

- Мен жасымда Орта Азия, Қытай, Араб елдерінде діни білім алдым. Шет елдегі дін ғұламаларымен танысып, арласа бастадым. Кейіннен елге оралған соң да өз бетімше ізденіп, білімімді ұштауға тырыстым. Атақты дін қайраткері – Халифа Алтаймен жақсы қарым-қатынаста болдым. Сол кезден бері Мекке мен Мединеге барып, қажылық сапарын өтеуді армандайтынмын. Қасиетті орынға енді велосипедпен барсам деймін. Ол үшін бірнеше мемлекеттің шекарасынан өтуге тура келеді. Болашақта құжат мәселесі ойдағыдай шешілетін болса, алға қойған мақсатыма жететініме сенімдімін.

- Сапарыңыз туған жер төрінен аяқтала ма? Әлде жол жүруді ары қарай жалғастырасыз ба?

- Әлбетте, жалғастырамын. Павлодарда бірнеше күн аялдаймын да, Семейге бет аламын. Абай туған қасиетті топырақты басқан соң Өскеменнің көрікті жерлерін аралаймын. Одан соң Аягөзге ат басын тіреп, Қытаймен шекараласатын аумақ - Үржар мен Мақаншы жеріне соқсам деймін. Осыдан соң Алакөлді айналып Үшарал арқылы Алматыға жетсем деген жоспарым бар.

- Бәрекелді! Сапарыңыз сәтті болсын! Алдыңызға қойған асқақ арманыңыз орындалсын!

Сұхбаттасқан – Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz