Өңірлік коммуникациялар қызме-тінде өткен кезекті брифинг осы мәселеге арналды. ҚР Ұлттық банкі Павлодар филиалының директоры Ердос Спандияровтың айтуынша, 27 қыркүйекке дейін облыстың 13 тұрғыны жалпы құны 143 млн. теңге болатын пәтерлерді аталмыш бағдарлама аясында алуға өтініш білдірген. Алайда оның тек жетеуі мақұлданып, павлодарлықтардың баспаналы болуы үшін 81,5 млн. теңге ипотекалық займ берілді. Олардың қатарында пәтерді Астана және Алматы қалаларынан алғандар бар. Мәселен, «БанкЦентрКредит» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Ержан Акрамовтың сөзінше, осы уақытқа дейін 3 өтініш мақұлданып, 35 млн. теңге қарыз берілді. Оның екеуі қаржыны Астана қаласында баспана алуға жұмсаса, енді бірі облыс орталығындағы пәтердің иесі атанды. Сонымен қатар, мақұлданған, бірақ әзірше берілмеген екі өтініш бар. Оның екеуі де Астана мен Алматы қалаларынан баспана сатып алуға арналған.

Облыстық құрылыс басқарма-сының басшысы Рүстем Раисовтың айтуынша, бүгінгі күні Павлодар мен Екібастұз қалаларында «7-20-25» бағдарламасы бойынша 305 пәтер сатылымға шығарылды. Жыл соңына дейін бұл тізімге тағы 400-ге жуық пәтер қосылады. Ал оны алушылардың қатарын арттыру үшін түсіндіру жұмыстарын мықтап қолға алу керек.

- Бағдарламаның іске қосыл-ғанына үш айға жуық уақыт өткенімен, баспаналы болудың тиімді тетіктерін түсіндіру жұмыстарының кемшін түсіп жатқаны байқалады. Тұрғындардың басым бөлігі баспаналы болудың тиімді жолын жіті ұғына қойған жоқ. Сондықтан түсіндіру жұмыстарына баса мән береміз. Сонымен қатар, жеке құрылыс компанияларымен өзара байланыс орнатамыз. Бүгінгі күні «Клочан», «Әлем-ПВЛ», «Аружан», «Шайгазинов» құрылыс компаниялары белсенділік танытып, баспана құрылысына кірісіп кетті, - дейді Р.Раисов.

Айта кетелік, Павлодар облысында «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспаналы болу үшін пәтер құны 15 млн. теңгеден аспауы тиіс. Осы орайда Ердос Спандияров ай сайынғы төлем көлемін анықтау үшін Ұлттық банк сайтындағы калькулятордың көмегіне жүгінуге кеңес берді. «АТФ» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Талғат Асқаров «7-20-25» бағдарламасы аясында баспаналы болу үшін жалақы кем дегенде 180 мың теңгені құрауы тиіс екенін айтты. Сол кезде ғана өтініш берушінің 25 жыл бойы ай сайын 80 мың теңге төлей алу қабілеті бар екені нақтыланады.

- Осы уақытқа дейін банктің облыстық филиалына 200-ге жуық адам келіп, бағдарламаға қатысуға ниет білдірді. Олардың басым бөлігі әңгімелесуден соң кері қайтты. Себебі бірінің жалақысы жетпейді, бірінің атында пәтер бар, тағы бірінің несиелік тарихы «бүлінген». Сондықтан, әзірге бірде-бір ипотекалық несие берілген жоқ. Бірақ үш өтініш қанағаттандырылды. Таяу уақытта қаржыны қолға береміз. Атап өтерлігі, өтініш 2-3 күн аралығында қаралады, - дейді Т.Асқаров.

Осы орайда Екібастұз қаласында бірнеше жыл бұрын салынып, бірақ қолданысқа берілмеген пәтерлерді мемлекет тарапынан субсидиялап, «7-20-25» бағдарламасы бойынша үлестіру қолға алына бастағанын айта кету керек.

- Екібастұз қаласында 180 пәтер, яғни бес қабатты үш үй «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы арқылы салынған болатын. Пәтерлердің бір шаршы метрі 145-150 мың теңгеге шығып, тұрғындардың оны сатып алуға мүмкіндігі болған жоқ. Сәйкесінше, үш конкурс барысында небары 2 өтініш түсті. Пәтерлердің қымбаттығын ескере келе, мемлекеттік қолдау көрсетуді жөн көрдік. Атап айтқанда, облыстық және жергілікті бюджет есебінен субсидиялап, бағасын айтарлықтай төмендеттік. Бұдан былай екібастұздықтар үш үйдегі пәтерлердің бір шаршы метрін 100 мың теңгеге сатып ала алады, - деді Р.Раисов.

Сонымен қатар, Рүстем Раисов бір аптадан соң облыс орталығындағы «Сарыарқа» шағын ауданында тағы 8 үй салу бойынша мемлекеттік конкурс жарияланатынын айтты. Сол арқылы келесі жылы 1000 пәтер пайдалануға берілмек. Оған қоса, 2019 жылы Павлодар қаласында бірыңғай типте салынатын 73 жеке тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Олардың барлығын «7-20-25» бағдарламасы бойынша саудалауға мүмкіндік болады.

Айта кетелік, бүгінгі күні облыс орталығында тұрғын үй кезегінде 25 мың адам тұр. Ал «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамында 50 мың салымшының шоты бар.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz