Себебі де жоқ емес. Астық ору науқанына қатысты баяндама жасаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашевтің келтірген деректері аудандардағы бүгінгі таңдағы орын алған нақты жағдайды көрсете алмады. Онымен қоса, кейбір өңірлердің әкімдері қанша астық, көкөніс жиналғанынан да бейхабар болып шықты. Атап айтсақ, астықты өңір саналатын Железин ауданының әкімі Қанат Қашкиров қанша астық бастырылып, қаншасы кептіруге берілгенін нақты айта алмай, біраз састы.

Әркімнің бұл олқылықтарға қатысты өз түсініктемелері бар. Мысалы, Н.Мақашев «бұл аудандардағы ауыл шаруашылығы бөлімдерінің берген деректері» деп түсіндірді. Демек, басқарма мен бөлімдер арасында тиісті байланыс жоқ, деп түйді облыс әкімі Б.Бақауов.

- Сіз баяндамаңызда келтірген деректер мен аудан әкімдерінің айтқан көрсеткіштері сәйкес келмейді. Мысалы, ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, аймақтағы элеваторларға жеткізілген астықтың көлемі мардымсыз. Олай болуы мүмкін емес. Биыл өнімнің ылғалдылығы жоғары. Сондықтан шаруалар астықты уақытылы кептіріп алуға асығатыны белгілі. Бір ғана Мыңкөл элеваторына күніне 500 тонна бидай тасымалданатынын нақты білемін. Дәл осындай жағдай картоп, көкөніс қоймаларына да қатысты болып отыр. Менің қолымдағы деректер бойынша, Ақсу өңіріндегі қоймалар қазірдің өзінде 90 пайызға толтырылған. Ал сіздер қу шөппен ауыз сүртіп отырсыздар. Күзгі жиын-терім науқанының қызған шағында мұндай олқылықтарға жол берілмеуі тиіс, - деп қадап айтты аймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі Б.Бақауов жөнсіз деректер беріп, жалпы көрсеткіштерді шатастырған аудандағы ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшыларын анықтап, тиісті жаза қолдануды тапсырды.

Жалпы, биыл аймағымыз бойынша егіс алқабының аумағы 1 млн. 50 мың гектарды құрағанын атап өткен жөн. Аудандардың барлығы алдағы аптада, дәлірек айтсақ, қазан айының 10-ына дейін егін жинауды аяқтаймыз деп отыр.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz