Бұл тарихи маңызы бар шара ауылы-мыздың төрінде өтіп жатқан соң, осы тойды өткізу жолында тізе қосқан азаматтардың бірлігіне бастан-аяқ куә болдық. Ол азаматтар күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жұмыс барысын қалт жібермей бақылаумен болды.

Солардың ішінде бастамашылдығымен, осы тойдың өтуі жолында тың ойымен танылған деп, ел азаматы, өзімнің үлгілі шәкіртім, қазір ПМПУ-дың ректоры Алтынбек Нухұлын айтар едім.

Алтынбек Нухұлы алдымен ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуге аудан әкімі Қайыргелді Оразгелдинов қатысты. Алтынбек өзінің іс-жоспарымен таныстыра отырып, бой көтеретін кесененің үлгісіне, жұмсалатын қаржыдан бастап орындалып жатқан және орындалатын игі істерге толық тоқталды. «Елді іс біріктіреді» дегендей, бұл игілікті істі ел толық қолдап, қуанышқа бөленді.

Бүгінде Теңдік ауылының іргесінде Шорман әулетінің қорымында Мұса Шорманұлының кесенесі өткен-кеткен жанның бәрін өзінің асқақ бейнесімен менмұндалап өзіне шақырады. Сәулеті де сырға толы, ақ мәрмәрмен көмкерілген бұл кесене барша Ертіс-Баян жұртының ішінде жатқан арманы іспетті. Бұл нысанды әулие Мәшһүр Жүсіп кесенесінен соң өңірімізде салынған мәдени жауһар деп айтуға да болады.

Сол кесенені салу туралы ой Алтынбек Нухұлының тікелей бастамасы екендігін айту керек. Сәулетін кесіп-пішуден бастап, құрылыс жұмыстарының барысына дейін қалт жібермей басы-қасында болды. Алыстағы Ақтаудан ұлутастар жеткізіп, қабырғасын сол әсем тастармен қалатты. Кесенені салу жұмыстарында да басы-қасында болып, соңғы тасы қаланып, соңғы өрнегі салынғанға дейін өз бақылауында ұстады. Төккен тердің, алға қойған мақсаттың нәтижесін мыңдаған халық той барысында көзімен көрді. Мұса Шорманұлының кесенесі алыс-жақыннан келген барша жұрттың арнайы келетін мәдени орнына айналарына бүгін көз жетуде. Оған дәлел - той өткеннен кейін кесенеге ағылып келіп зиярат етіп жатқан халық легі толастар емес.

Жаңадан ашылған мәдениет үйінің екінші қабатында орналасқан «Туған жердің тарихи тұлғалары» атты музейді жиналған халық ықыласпен тамашалады. Өлкеден шыққан Бұқар жырау бабамыздан бастап, Шорман және Үкібай билер, Мұса Шорманұлы, Шоқан Уәлиханов, Сәдуақас Шорманов, Майра Шамсутдинова, Әбікей Сәтбаев, Қаныш Сәтбаев, Кемел Ақышев сынды тұлғаларға арнайы стенд арналғаны бізді тіптен қуантты. Музейді Мұса мырза жайлы ескілі–жаңалы деректерді жинап, жүйелі топтастырып, көпшілікке ұсынылған алғашқы жұмыс деп айтуға болатындай. Әрине, Мырзағұл мен Жәдігер батырлардың және Зейнеп Шорманқызының портреттері өз орнын тапқаны - өте құптарлық іс. Сол музейдің ішінен Мұса Шорманұлы туралы екі бірдей кітапті көзіміз шалды. Қолымызға алып, парақтап көрдік. Тарихи маңызының жоғары, құнды дүние екендігіне көзіміз жетті. Бұл кітаптарды құрастырып, деректерді топтастырып, оқырманға ұсынған, жалпы осы тарихи музейдің басты идеясын жасаған да Алтынбек Нухұлы болатын. Той өтті. Барша жұртты тамсандырып өткен бұл той барлық зиялылардың арғы тегін бауырына алып жатқан Ақкелін тауының бауырында республика облыс, аудан көлемінде өз мәресіне жетті. Бұл жұмыс есімі елге белгілі тарихи тұлға Мұса Шорманұлының есімі мен еңбегін келер ұрпаққа қалдыру жолындағы шоқтығы биік өрелі істің бастамасы екенін білемін.

Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымас» қағидасымен ата-баба есімін дәріптеп жатқан жандар кім-кімге болса да үлгі. Бұл жұмыс тоқтап қалмайды, әлі де жұмыс аяқталған жоқ. Бұл жұмыстың жалғасы бар деген ойды Алтынбектің үнінен сездім. Иә, қыруар жұмыс әлі де бар. Осы істі әрі қарай әкететін игі іске мұрындық болар ауыл жастарына, үлкен-кішіге айтарым «Өшкеніңді жандырып, өлгеніңді тірілтіп», алақаныңа салып берген Алтынбектей ағаларыңның еңбегіне нық сеніммен қарап, ұлы мұраның жалғасы болсаңдар екен деп тілеймін. Бұл игілікті істен халықтың күтері Мәшһүр мен Мұса Шорманұлының арасындағы алтын көпір жалғасып, елім деп соққан әр жүректен зиярат ететін ақ жолы туристік маршрутқа айналса екен деймін. Бұл бодандық қасіреттен құтылғанына жиырма жеті жыл болған ел үмітінің ақталғаны емес пе! Тіреуі бар, тілеуі бар халықтың бұл тілегі орындалады да. Өйткені 2005 жылы Теңдік ауылының атауын Мұса Шорман ауылы деп атау туралы ұсынысты алғаш жасаған Алтынбек Нухұлы еді. Халықтың үмітін, үнін жеткізген бұл ұсыныс өз шешімін тапты. Павлодар облыстық мәслихатының шешімі бойынша Теңдік ауылы «Мұса Шорман» ауылы, Қараащы «Қ.И.Сәтбаев», ал Жаңажол ауылына «Мәшһүр Жүсіп» есімі берілді. Бұл елінің үмітін ақтаған Алтынбектей ұланның ерен еңбегі деп білеміз. Бұл – Мәшһүр мен Мұса Шорман ауылдарының алтын көпірі. Бұл шешімді жүрек жарды қуанышпен естіген халқы Мұса Шорманов кесенесінен тарап тұрған шамшырақ деп қабылдаймыз. Бүгінде бұл шамшырақ Қ.И.Сәтбаев мектебінде «Қазақтың Қанышы», «Шормантану» авторлық бағдарламасы бойынша өз өлкесін тану ретінде ұрпаққа беріліп отыр. Туған жердің асылдары Шорман мен Сәтбай әулеті келер ұрпақ үшін тот баспай жарқырай береді. Ел өресін өрге тартқан өнегелі істерді маржандай теріп, еліне жауһар еткен елінің сүйікті ұлым Алтынбек Нухұлы, саған туған елің дән риза!

Нескен МӘЛІКОВА,
Қазақ КСР еңбек сіңірген мұғалімі, еңбек ардагері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы.

saryarka-samaly.kz