Ауыл молдасынан сауат ашып, өзі ізденіп, білімін жетілдірді, қазақ өнеріне ерте ден қойды, бұғанасы қатпай еңбекке араласты. Ел басына түскен ашаршылық жылдарды азапты күндермен, азалы жылдармен өткізді. Ауызға салып айтпас бұл нәубет оны әке-шешесінен айырды, жетімдіктің қамытын кигізді.

Әкесі Асқар жан-жақты, он саусағынан өнер тамған, темірден түйін түйіп, тері илеп, ағаштан түрлі бұйымдар жасаған.Сол уақыттарда қарт Ертістің арғы–бергі жағынан адамдар арнайы шеберге келіп, тапсырыс берген. ал анасы Зағи көзі ашық, білімді болған.

Аумалы-төкпелі заман, тәркілеу, тасмешін ашаршылық қазақтың тұқымын қынадай қырғаны тарихтан белгілі. Осындай өмірдің өткелінен шар болаттай қайралып шыққан Ханафия аға кеңестің қылышынан қан тамып тұрған 1937 жылы Алматы қаласына барып, мұғалімдер институтының қазақ тілі және қазақ әдебиеті бөліміне түсіп, 1939 жылы аяқтап, елге оралып, еңбек жолын Ертіс аудандық бөлімінде нұсқаушы болып бастады. Қазақ мектебіне қанша сұранса да, оның өтініші қанағаттандырылмады.

Сол жылдың күзінде әскер қатарына алынып, Фин соғысына қатысты. Бұл соғыс қысқа мерзімде аяқталса да, оңайға түскен жоқ. 40-шы жылы қатты жарақаттанып, ауруханада ем-домын алып, елге қайтып оралды. Соғыста алған жан, дене жарақаты көпке дейін жазылмады. 1944 жылы күз мезгілінде майданға шақырылып, Алматыдағы атқыштар дайындайтын №109 полкінде екі ай арнайы курстан өткен соң, Ұлы Отан соғысына аттанды. Өзіне жүктелген міндетті үлкен жауапкершілікпен орындап, неміс басқыншыларына соққы бере отырып, Румыния, Венгрия, Чехословакия жерлерін жау қолынан азат етіп, Жеңісті Германияда қарсы алды. Қан майданда жүрсе де, қаруымен қатар қаламын да қолынан тастамады. 1944 жылы туған елге өлеңмен жазған хаты:

Жау жеңіліп, ауылға
Қайтатұғын күн болар.
Ата-анамен кездесіп,
Сәлем берер күн болар.
Аға-ініні құшақтап,
Амандасар күн болар.
Кеудеңе қысып бөбекті,
Мауқың басар күн болар.
Құрметтейтін жолдасың,
Тәтті көңіл сырласың.
Өмірге ортақ мұңдасыңды,
Аялайтын күн болар.
Көрген-білген майданда,
Ертегідей жыр болар.

Туған жерге деген шексіз махаббаты бойына күш берген атамыздың кеудесіндегі алып ұшқан арманы мен елге деген сағынышын жұдырықтай жүрегіне түйіп ауылына да аман-есен оралды.

Ертіс аудандық білім бөлімінде еңбегін жалғастырды. Замана ағымына қарай жұмыс істеп, өзінің еңбекқорлығымен, салмақты мінезімен, басқа да озық қырларымен танылған ол кейіннен мектепте мұғалім, мектеп директоры және аудандық білім бөлімінің басшысы лауазымына дейін көтерілді.

Өзінің өнегелі өмір соқпағында сыйластық пен достықтың ұлағатын ұлықтап, өз ортасының сыйлы тұлғасы бола білді.

Орта бойлы, бұйра шашты, ширақ, сөзге шебер, ойы жинақы ақсақалмен талай кездескенмін, ол кезде елде қызметтемін. Тереңкөл өңірінен шыққан ел жақсылары мен оқымысты ағаларымыз туралы деректер алған едім. Одан кейін де Қ.Әлсейітов, И.Байзақов туралы сұрап білдім, жазған жазбаларын оқыдым. Әсіресе, Құдайберген Әлсейітовтің өмір жолы мен шығармашылығы хақында тың деректер тауып, ел аузынан жинақтап, ақынның жүрген жолымен өтіп, зерттеп, зерделеп, Ресейдің Омбы қаласы Жұматай ауылындағы зиратта ақынның жерленген жерін анықтады. Ақынның соңында қалған жалғыз мұра – бүктемелі домбырасын мұражайға тапсыруға мұрындық болған жан. Оған дәлел, 1985 жылдың сәуір айында Ханафия Асқарұлының ұйымдастыруымен Қ.Әлсейітовтің шығарамашылығына орай бағдарлама түсіріліп, оған ақынның ұрпақтары қатысып, бүктемелі домбыраны облыстық тарихи-өлкетану мұражайына табыс етті. Ал бағдарламаны балалар ақыны, журналист Есентай Ерботин жүргізді.

Қамқорлықтың үлкен-кішісі болмайды. Бір атым насыбаймен ауланатын көңіл шіркін сәл ілтипат көрсетілсе де, шалқыған теңіздей асып-төгіліп жатады. Қамқорлықты ауқымды іспен де, бір ауыз сөзбен де жасауға болады. Ханафия ағаның өнерге деген қамқорлығы ерекше болды. Қаншама қыруар жұмыс атқарды, кей сәттерде қарсы жақ та, жазғанын жоққа шығарушылар да болды, оған мойымады.

Ол өз ісінің білгір маманы еді. Жастарға ақылын айтып, тәжірибесін бөлісуден уақытын аямады, айналасынан бүгіп қалатын сыры да болмады. Халықпен етене араласуы, өзін қарапайым ұстауы, өнерге шексіз берілгендігі, кішіпейілділігі оның биік мәдениетінің иесі екендігін айғақтайды.

Арбаша хат таныған ағамыз көптеген мұрағаттарда тың деректер тауып, кейіннен «Ертіс өрендері», «Алаш зиялылары», «Даналық, тектілік және әулиелік әлемі» атты еңбектері кітап болып жарық көрді. Қазақтың әулиесі, ақын Мәшһүр Жүсіп Көпеев турасында да оқып, білген-түйгені көп. Ақынның 1907 жылы үш кітабының бірі Ханафия атамыздың кітапханасының жеке қорында сақталған екен. Қазіргі күні оны анықтау үстіндемін. Сол секілді қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың төте жазумен шыққан толық шығармалар жинағы сақтаулы, қызы Гүлнар Ханафияқызы музейге тарту етті, жақында көпшілікке таныстырылатын болады.

Осы кітап үшін әкеме «ГАЗ-21» волга автокөлігін бергенде, әкем «Абайды дүниеге айырбастамаймын» деген еді, – деп еске алады қызы Гүлнар Асқарова.

Күнделіктерінің бірінде «Мойнақ - Голубовка. Әлсейітов Құдайбергеннің ізімен жүрдім. Жаңалық ашу, тың дерек беру, өшкенімізді қайта тұтату – ғасырлар тереңіне кеткен қазақ жұртының рухани байлығын бүгінгі күнге сай байыту, жетілдіру» - деп жазыпты. Шын, өз елінің өнеріне берілген ардақты жан тоқсаннан асса да, қаламын қолынан еш тастаған емес, өлең, нақыл сөздерін жазды.

Бала жастан мақал-мәтел, шешендік сөздерді, қисса–дастандарды, «Қыз Жібек», «Қалқаман–Мамыр», «Ер Тарғын», «Мың бір түн», сол секілді А.Құнанбаевтың, М.Дулатовтың, А.Байтұрсыновтың шығар-малары мен «Біржан–Сара», Ақан сері, Құдайберген ақынның айтыстарын жатқа білген. Бұл турасында өзінің еңбектерінің бірінде:

Сүйсіне жаттағандарымды ұзақ жасаған өмірімде Құран дұғасындай табынып, бойтұмардай қасиеттеп, мемлекет заңындай бағынып, дін парыздай орындап, иба қылып өстім, - деп жазыпты.

Білімге, өнерге деген құштарлығын ағамыз өзінің мына бір өлең жолдарымен білдірсе керек:

Тұлпар ат түсте мінген бақыт болмақ,
Ат деген - ер қанаты әуелден –ақ.
Ақылдыға болаттай қанат бітсе,
Ол адам жер мен көкке қожа болмақ.

1991 жылы облыс бойынша ең алғаш араб әліппесі курсының мұғалімі бола отырып, талай шәкірттерге ұшан–теңіз білім берді. Қолына алған жұмысын еш аяқсыз қалтырмады. Қазақ тіліндегі газет–журналдарға жазылу науқанына сыбана кірісті, өз қаржысын да құйды, тіл мәселесінің түндігін түріп, бір адамның қолынан келе бермейтін істерді тындырды, дүниежүзілік қазақтардың үш құрылтайына да қатысып, сөз сөйледі, 2004 жылы мұсылмандық парызы - қажылыққа барды.

Әкем өте ебекқор болатын. Жұмыс бітпей үйге келмеуші еді. Себепсіз жұмыс жібермейтін, іске тиянақты, қазақы мінезге бай, ақ көңіл адам болды. Кімге болса да қол ұшын беруге дайын тұратын. Жұмысына, қызметіне жауапкершілікпен қарады, алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын. Айтқан сөзін де, берген уәдесін орындайтын. Қайырымдылыққа, мейірімділікке бейім еді, - деп еске алды қызы Гүлнармен кездескенімде, музейге көптеген құнды жәдігерлер, жеке заттары мен қолжазбаларын алдым. Ол да - атқарған жұмыстың нәтижесі.

Ханафия Асқарұлының тағылымы биік, қиындығы мен қызығы мол еңбек жолында жиған тәжірибесі де, көргені мен көңілге түйгені де мол. Бір бойына жетерлік серілігі, топ бастайтын серкелігі де болды.

Рухы мықты ұрпақ тәрбиелеу – ұлт арманы. Ол үшін ең алдымен қазақтың тарихын, әдебиеті мен өнерін ұлықтаған жандардың өмірін жан-жақты насихаттасақ, алар асуымыз көп болмақ.

Көзі тірісінде өзінің бағасын ала алмаған Ханафия Асқарұлының өмірінен азын-аулақ сыр шерттім. Оның еткен еңбек, көрген бейнет, тапқан зейнет, алған асуы, жеткен биігі мақтанарлық.

Мақаламды жүзге келген ақ сақалды абыздың мына бір өлең жолдарымен аяқтағанды жөн көрдім.

Баян еттім көрген түс, жат хикая,
Уақыт болса, сарқылмас ой-дария.
Таршылықта асығыс баяндаушы,
Керекулік Асқаров Қанапия.

Ербол ҚАЙЫРОВ, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкері.

saryarka-samaly.kz