Меруерт Сүлейменқызы ес білгелі қолөнермен айналысады. Айтуынша, әжесінен көргенін қайталап, ине-жіпті серік етіп, бала кезден-ақ түрлі керек-жарақты тігуге қызығушылығы туындапты. Кейін өнердің бұл түрін шыңдап, мектепте оқып жүріп туыс-туғандардың өтініші бойынша көрпе-жастық, басқа да тұрмыстық заттарды тіге бастады. Орта мектепті тәмамдаған соң ұстаздық жолды таңдап, 2002-2012 жылдар аралығында Қытай Халық республикасының Шыңжаң автономиялық ауданындағы мек-тепте балаларға есеп-қисаптың қыр-сырын үйретті. 2012-2015 жылдары Қытайдағы Қазақ автономиялық ауданындағы Шалаба орта мектебінде еңбектен сабақ берді. Ал 2015 жылы атажұртқа қоныс аударып, Ақсу қаласының тұрғыны атанды.

- Тарихи отанымызға оралу туралы шешім қабылдаған тұста таңдауымыз Ақсу қаласына түсті. Себебі мұндағы халықтың ақжарқын көңілі ұнады, тұрғындарға қарастырылған әлеуметтік жағдайдың жақсы екенін байқадық. Көшіп келген уақытта бірден кәсіп ашуға мүмкіндік болған жоқ. Сондықтан бір жарым жыл бойы тапсырыстарды үйде қабылдадым. Осы уақыт аралығында киім-кешек, қалаға қарасты ауылдардағы мәдениет үйлерінің өнерпаздарына арналған сахналық киімдер, киіз үй жабдықтарын тігіп, тірнектеп қаражат жинадым. Сөйтіп, өткен жылы Ақсу қаласындағы орталық базар ішінен бутик жалға алдым. Мұнда өз өнімдеріммен қатар, фабрикадан шыққан киімдерді сатамын. Оған қоса, әлеуметтік желілерде ресми парақшам бар. Тапсырыс-тар сол ғаламтор арқылы да қабылданады, - дейді М.Сүлейменқызы.

Меруерт Сүлейменқызы жұмысқа қажет маталарды Алматыдан, Қытайдан арнайы тапсырыспен алады. Ұлттық нақыштағы киімдердің бағасы - 5-18 мың теңге аралығында. Бұл ретте кәсіпкер өзге ұлт өкілдерінің тарапынан қазақы нақыштағы киімдерге сұраныстың жоғары екенін атап өтті.

- Сатып алушылар мен тапсырыс берушілердің қатарында өзге ұлт өкілдері де бар. Әсіресе, кішкентай балалар ою-өрнекті киімдерге қызыға қарайды. Жалпы, соңғы уақытта қазақы нақыштағы киімдерді театр сахналарынан, Ұлыстың Ұлы күні қарсаңындағы шаралардан ғана емес, күнделікті өмірде жиі көреміз. Бұл - зор қуаныш. Оған қоса, ұлттық құндылығымыздың дәріптелуіне менің де үлесім болса, одан әрі еңбектенуге ынталанып, отандық нарықты заманауи, сапалы, бастысы қазақы нақыштағы киімдермен толықтыруға құлшынысым арта түседі, - дейді М.Сүлейменқызы.

Кәсіпкер күнделікті киімдерден бөлек, әнші-бишілерге арналған сахналық киімдерді дайындайды. Оған қоса, ертегі кейіпкерлерінің киімдерін ұлттық нақышта тігеді. Ендігі арманы – балабақша тәрбиеленушілері мен мектеп оқушыларына арналған формаларды да ою-өрнекпен безендіру.

Қазіргі күні Меруерт Сүлейменқызы тапсырыстарды жалғыз өзі орындайды. Келесі жылы кәсіп аясын кеңейтіп, қасына көмекшілер алуды көздеп отыр. Себебі кейде тапсырыстың көптігінен, уақыттың тығыздығынан үй шаруасына үлгермей, отбасына көп көңіл бөле алмай қалып жатады. Меруерт Сүлейменқызының жолдасы Өнербек өндіріс орындарының бірінде жұмыс істейді. Тұңғышы Қасиет - студент, екінші ұлы Азамат – Ақсу қаласындағы №2 орта мектептің оқушысы, ал қызы Үкілай балабақшаға барады.

- Бір бутикпен және бір-екі тігін машинасымен шектеліп қалмай, кәсібімді әрі қарай өрлетіп, дамытқым келеді. Ол үшін елімізде мол мүмкіндік жасалған. Бұл ретте Елбасының биылғы Жолдауда «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту туралы тапсырмасы кәсіпкерлер қауымын, өз ісін бастауға ниетті тұрғындарды қуантты деп ойлаймын. Бұл мемлекеттік бағдарламаның көмегімен жеңілдетілген несие алып, жаңа жұмыс орындарын ашуға болады. Көп ұзамай мен де осы бағдарламаның игілігін көремін деген үміттемін, - деп сөзін түйіндеді кәсіпкер.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz