Табиғатпен сырласу

(Алматыға арнау)

Таза ауа жұттым бүгін шыңға барып,
Төбемнен қарап тұрды күн қадалып.
Шыңырау шығып биік тау басына,
Көз салдым көркем сұлу Алматыға,
Тұрмын мен сұлулыққа таңдай қаға,
Пах, шіркін, мынау өзі қандай қала.
Келемін сай ішімен баяу өрлеп,
Сағымдар сан алуан салады өрнек.
Арудың аппақ жұмыр білегіндей.
Билеуден ақ қайыңдар тұр ерінбей,
Тиіндер талдың ішін сыбдырлатып,
Сырласу табиғатпен - бұл бір бақыт.
Шағыл тас сайға қарай саудыраған,
Күз күні қандай ғажап маужыраған.
Шөгіпті шың басына ақ мамықтар,
Қалғандай бауыр басып тасқа бұлттар.
Көрінед көп ағашты қойнау өрден,
Адамдай қызыл-жасыл тойға келген.
Көз тоймас құбылыстар көп секілді,
Теректер келе жатқан көш секілді.
Өзендер сарқырайды шатқалдардан,
Жартастар әжімге ұқсас қатпарланған.
Аралап шығып едім сайдың ішін,
Тау жаққа ұшып кетті қайғы құсым.
Осындай табиғатты көріп тіпті,
Мен шіркін аңсап кеттім кеңістікті,
Тұрған жоқ тау басынан түскім келіп.
Түсуге мәжбүр болып кетіп барам,
Бұлақтан етектегі ішкім келіп.

Атымды ақын деген өшірмеймін

Жігіттер, мына заман барады өтіп,
Көңілді өткен сайын алаң етіп.
Балдәурен балалық шақ күнде алыстап,
Тұрғаны-ай сағыныштың самалы есіп.
Өткені бұл өмірдің білінбейді,
Ойласам, жүрегімді тілімдейді.
Ол бізді мәңгілікке басары хақ,
Біз мәңгі баса алмаймыз жұмыр жерді.
Жігіттер, жастық шақта жүру керек,
Қадірін тіршіліктің білу керек.
Ұйқыда жатсам-дағы тоқтауы жоқ,
Сағатқа сыртылдаған жыным келед(і).
Сүреміз бұл жалғанды бір ғана рет,
Заманай зыр-зыр еткен тұрлауы жоқ.
Жастықты өткізіппіз аңғалдықпен,
Киімдей алқам-салқам бір бауы жоқ.
Өтсе өтсін, өте берсін, өкінбеймін,
Несіне оны ойлап опық жеймін.
Басымды исем-дағы ит өмірге,
Атымды ақын деген өшірмеймін.

saryarka-samaly.kz