Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаевтың сөзінше, еліміз Тәуелсіздік алғаннан бергі уақыт ішінде Павлодар облысына қарасты қала, аудан және ауылдарда 450 көшенің атауы өзгертілген екен. Сонымен қатар, 15 елді мекен мен екі ауданның атын қайта атау жөнінде шешім шықты. Бұл саладағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Тіл саясаты комитетінің төрағасы Қуат Борашевтің сөзінше, жыл басынан бері осы саланы зерттеп жүрген ғалымдардың, құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен жеті дөңгелек үстел ұйымдастырылған. Жыл басынан бері ауыл, аудан және қала атауларына байланысты 726 ұсыныс түсіп, көптеген елді мекендердің тарихи атаулары қайтарылды. Сонымен қатар, екі аудан мен бір облыстың аты ауыстырылды.

- Ономастикалық салаға байланысты әлі де шешімін таппаған мәселелер бар. Міне, соған сай қажетті шаралардың барлығын қолданып, еліміз бен жерімізге жат атауларды жойып, тарихи атауларды қайта қалпына келтіру керек. Бұл салада республикалық ономастикалық комиссия көп жұмыс атқаруда. Республикалық ономастикалық комиссияның келесі отырысында Батыс Қазақстан облысындағы Зеленовка ауданын - Бәйтерек, Шығыс Қазақстан облысына қарасты Зырянов ауданын Алтай деп қайта атау мәселесі қарастырылатын болады. Бұл ретте мына мәселені ескеруіміз керек: кейбір облыс-тарда республикамызға аты мәлім қоғам және мемлекет қайраткер-лерінің емес, жергілікті жерде лауазымды қызмет атқарған азаматтардың атын шығару мәселесі белең алып кетті. Мысалы, кеңес үкіметінің тұсында аудандық партия комитеті, облыстық кеңес, облыстық халық депутаты болған азаматтардың есімдерін көшелер мен аудан, ауылдарға беру мәселесі ұсынылады. Әрине, ондай азаматтардың еңбегі ұмытылмайды, бірақ есімдерін аудандар мен ауылдарға беруді құптамаймыз. Сонымен қатар, ономастикалық саланы дамытқан кезде жершілдіктен, рушылдықтан аулақ болу керек, - деді Қуат Қаһарманұлы.


Қуат САПАРОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры:

- Кейбір деректерде Ертіс бойында орта ғасыр тұсында болған Сырлықала, Ақсарай, Күйгенсарай, Жаңасарай деген қалалардың орындары болғаны айтылады. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Столыпиннің аграрлық реформасы жылдары шаруалардың Ресейден, Украинадан қоныс аударуы бұқаралық сипатқа ие болды. ХХ ғасырдың басында Павлодар уезінде 220-дан астам қоныс аударушылардың селолары пайда болды. Патша үкіметінің белгісі, император Романовтар әулетіне байланысты: Романовка, Николаевка, Алексеевка, Еленовка, Ириновка, Татьяновка, Борисовка, Ольгина, Наташина, Павлодар (Павелға сыйлық) барлығы 605 топоним қалыптасты. Әрине, жаулап алған немесе отарлап алған елдің жергілікті атауларды өзгертіп жіберуіне екі түрлі себеп әсер етеді: бірі - тілдері келмегендіктен болса, екіншісі - жерді өздеріне меншіктеп алуды көздеген саясаттың әсері.

Міне, осындай атауларға ие болған жерлерге тарихи аттарын қайтаруымыз керек.


Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz