- Әдетте, «капитал» дегенде біздің ойымызға бірінші кезекте қаржы, байлық ұғымы келетіні белгілі. Осы ретте, соңғы жылдары көп айтыла бастаған «адами капитал» ұғымының мән-маңызын оқырмандарға түсіндіріп өтсеңіз...

- Бүгінгі күні адами капитал дегеніміз - адамның бойындағы білімі, қабілеті, тәжірибесі, даналығы, іскерлігі, бәсекелестік замандағы оның адамдық, кәсіби құндылығы. Осыған байланысты білім, енді экономикалық категорияға айналды. Яғни, енді ақшалы адам емес, білімді адамның мәртебесі жоғары болады.

Мемлекет басшысы Жолдауда адами капиталға ерекше басымдық берді. Себебі, барлық мәселені адам шешеді. Қандай қоғам болмасын, сол қоғамның жағдайы ең алдымен оның азаматтарының қадір-қасиетіне, біліміне байланысты болмақ.

Бұл - ерекше капитал. Бүгінде әлемнің дамыған елдерінде адами капиталды мемле-кеттің, қоғамның және экономиканың негізгі тұғыры деп қабылдайды. Ол түсінікті де. Мемлекеттің әлеуеті, интеллектуалды болашағының басты көрсеткіші – сапалы білім, сындарлы ғылым.

Мына бір жайтқа назар аударғым келеді. Экономикалық әлеуеті жоғары дамыған елдерде мектеп бітірушілердің 80 пайызға жуығы кәсіби біліктілігі жоғары жұмысшы мамандығын игеруге ден қояды екен. Біздің де осыған бетбұрыс жасайтын кезіміз келді.

- Бүгінде адами капиталдың сапасын арттыру бағытында білім беру саласы модернизациялауды бастан кешіруде. Осы ретте, облыстық мәслихат депутаты әрі білім беру мекемесінің басшысы ретінде қандай жұмыстар атқарудасыз? Қандай бағыттарға ерекше мән берілуде?

- Елбасы отандық білім беру саласын жетілдіру арқылы адами капиталды дамытуға бағытталған біртұтас саясат құруда. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында білім беру жүйесі заман талаптарына, экономиканың сұранысына жауап беруі тиіс екеніне назар аударды.

Мектептегі білім арқылы адами капиталдың негізі қаланатыны белгілі. Себебі, балалар оқушы кезінде негізгі білімнен бөлек тіл, сөйлеу мәдениеті, адами таным-түсінік сияқты басты өмірлік қағидаттарды меңгереді. Осы жайтты ескере келе, Екібастұз қаласының дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған мектеп-лицейінде кешенді шаралар қолға алынған. Атап айтсақ, үш тілді оқыту жүйесі енгізілді. Оның аясында мемлекеттік тілде Қазақстан тарихы бойынша, ағылшын тілінде физика, химия, биология, информатика пәндері бойынша арнайы курстар өткізіледі. Бұдан бөлек, балалардың оқудағы жетістіктері жаңаша талаптар бойынша есептеледі. Ал сабақ барысында көбіне тәжірибелік бағытқа назар аударылады. Оқушылар бірінші сыныптан бастап ғылыми зерттеу әдістерін меңгереді.

Әрине, оқушылардың рухани-адами және азаматтық тәрбиесі де назардан тыс қалдырылмайды. Өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеуге бар күшімізді салудамыз. Бұл бағытта Елбасымыздың «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсат-міндеттерін арқау етіп келеміз.

- Елбасының тапсырмасына сәйкес мектептерде Назарбаев зияткерлік мектебінің оқыту жүйесі мен әдістемесін енгізу мәселесі қолға алынбақ. Бұл мектеп білімін реформалауға қандай септігін тигізбек?

- Мектептерде Назарбаев зияткерлік мектебінің оқыту әдістемесін енгізу – білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеру бағытындағы басты қадам. Ол оқушылардың сауаттылығын арттыруға, бойларындағы қарым-қабілеттерін одан әрі дамытуға бағытталған. Қазіргі кезде ұстаздарымыздың 80 пайызы Назарбаев зияткерлік мектебі мен Кембридж университеті құрастырған жеті модульдік бағдарламалық деңгей бойынша курстардан өтті. Педагогтар меңгерген тың оқыту жүйесі мен әдістерін тәжірибе жүзінде пайдалануда. Оның ішінде, білімді толық меңгеру, тұлғалық бағыттағы білім беру, когнитивтік-коммуникативтік, диалог арқылы оқыту, ақпараттық бағдарламалар технологиясы сияқты басқа да ерекше әдістер бар. Назарбаев зияткерлік мектебінің идеяларын жүзеге асыру барысында мектеп-лицейді дамыту бағдарламасы құрылды. Ол оқушылардың білімін жаңа талаптар бойынша бағалау, интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін дамытуды көздейді.

Жаңа жүйе ұстаздар қауымы үшін де пайдалы болып отыр. Педагогтарымыз сабақ берудің тиімділігін арттыру жолында ұтымды мүмкіндіктерді пайдаланып, кәсіби тұрғыдан дамуға, өзін-өзі дамытуға мүмкіндік алып отыр.

- Мемлекет басшысы «Педагог мәртебесі туралы» заң әзірлеуді тапсырды. Бұл заң қаншалықты маңызды? Онда педагогтарға қатысты қандай мәселелер қамтылуы тиіс деп есептейсіз?

- Бұрындары педагогтың мәртебесі көбіне қоғамдық пікірмен өлшенетін. Ол абыройлы, құрметті мамандық саналатын. Ал бүгін ше? Жағдай күрт өзгерді. Қоғам да «ұстаз – ұлы есім» деп сөз жүзінде айтқанымен, іс жүзінде олай қабылдамайтын болған. Бұған педагогтардың еңбегінің дұрыс еленбеуі себеп болған сыңайлы. Дейтұрғанмен, ұстаздық мамандық маңыздылығына ешкім шүбә келтірмейтіні белгілі. Сондықтан педагогтың мәртебесін арттыру бағытындағы жұмыстарға осыншалықты жоғары мән беріліп отырғаны түсінікті.

Еліміздің білім және ғылым министрлігі енгізіп жатқан жаңашылдықтардың салдарынан педа-гогтардың жүктемесі геомтериялық прогрессиямен өсуде. Ал жалақы деңгейі елімізде төмен сақталуда. Онымен қоса, ұстаздардың жұмысы қағазбастылыққа толы. Оған толассыз аттестацияларды қосыңыз. Соған қарамастан, мұғалімдердің құқығы көп қорғала бермейді. Олар өз мәселелерімен бетпе-бет қалып жатады. Меніңше, мемлекет тарапынан ұстаздарға деген психологиялық, материалдық, әдістемелік көмек зор болуы тиіс.

- Ұстаздардың жалақысын көтеру бар мәселенің шешімі бола ала ма?

- Жоқ әрине. Жалақы көтеру ұстаздың жұмысының тиімділігін арттырады. Алайда саладағы бар мәселені шеше алмайды. Біздің ойымызша, материалдық көмектен бөлек, заңгерлік және психологиялық қолдауды да қарастыру қажет. Алайда бұл да жеткіліксіз. Педагог мәртебесін көтеру үшін келесідей шаралар қамтылуы керек сияқты. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ұстаздардың қызметін насихаттауды, білім беру тақырыбына қатысты әлеуметтік жарнамаларды көбейткен жөн. Мектептерде оқушылар үшін педагогикалық-психологиялық бағытта курстар ұйымдастырып, педагогикалық сыныптар ашу қажет. Бір мекемеде кем дегенде үзбей он жыл жұмыс істеген мұғалімдерге бір жыл көлемінде ұзақ мерзімді еңбек демалысын беру, еңбек өтіліне қарай зейнетке ерте шығу мүмкіндігі қарастырылса дейміз. Бұдан бөлек, ұстаздар қауымына кезектен тыс баспана алу мүмкіндігі берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ, педагог мамандығы мемлекеттік қызмет дәрежесіне теңестірілсе деген тілегіміз бар.

- Өзіңіз басшылық етіп отырған білім беру ордасында нендей бағыттарға ерекше мән бересіз?

- Мектеп директоры ретінде отбасы мен білім беру мекемесі арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға, қосымша білім беру жүйесін дамытуға ерекше мән беремін. Білім беру барысында жаңа әдістерді енгізу, оқушыларды бірыңғай ұлттық тестілеуге дайындау мәселелері де назардан тыс қалмайды. Тағы бір маңызды бағыт – ұл-қыздарды жазғы демалыс кезінде еңбекпен қамту. Атап өтерлігі, биыл шілде айында он оқушымыз жұмысқа орналас-тырылды.

- Депутаттық қызметіңіз аясында қандай жұмыстар атқардыңыз? Тұрғындардың қандай мәселелерінің шешілуіне ұйытқы бола алдыңыз?

- Депутат ретінде облыстың мәдени, қоғамдық жұмысына белсене атсалысуға тырысамын. Атап айтсақ, облыс әкімінің шешімімен бекітілген «экология жылы» аясында мектеп-лицейімізде тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап жинау бойынша бөлімше ашылды. Облыстық мәслихаттың экология жөніндегі комиссиясымен бірге қоқыс полигонының, сынабы бар жарық құрылғыларын жоятын кәсіпорынның жұмысымен таныс-тым. Солнечный кентіндегі мектеп, кеншілер шаһарының 21 шағын ауданындағы бірнеше тұрғын үйдің, қалалық перзентхананың құрылыс барысын қадағаладым.

Қаладағы №1, 2, 3 емханаларда тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамту мәселесіне қатысты рейд өткізілген болатын. Нәтижесінде, жұртшылықтың тегін дәрі-дәрмекке қолжетімділігі 60 пайызды құрайтыны анықталды.

Жасөспірімдердің құқығын қорғау бойынша комиссияның өкілі ретінде өз еркіммен бір патронаттық отбасын қамқорлығыма алдым. Бұдан бөлек, «Үміт» балалар үйімен, «Әлем» балаларды сауықтыру орталығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеймін.

«Жастар – Отанға!» партиялық жобасының аясында қала мектептерінің оқушыларын ұлтжандылыққа дәріптейтін бірқатар шаралар атқарылды.

«Ардагерлерді ардақтайық» атты тағы бір партиялық жоба аясында мектеп-лицейімізге қазыналы қарияларымызды шақырып, құрмет көрсету, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің үйін, ауласын жинауға көмектесу дәстүрге айналған.

Бұдан бөлек, тұрғындардың жекелей мәселелерін тыңдап, оларды оңтайлы шешуге атсалысудамын.

- Сұхбатыңызға рақмет.


Сұхбаттасқан – Данияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz