Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында «7-20-25» бағдарламасының тиімді тұстарын халыққа кеңінен түсіндіру үшін жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырған еді. Осы мақсатта «Баспана» акционерлік қоғамы да құрылды. Компания басшысы Қайрат Алтынбековтің айтуынша, елімізде алдағы екі жылда «Баспана» бағдарламасы аясында шамамен 15 мың пәтер салынады. Ал Павлодар облысында қазірдің өзінде 305 пәтер аталмыш бағдарлама қатысушыларына қолжетімді. Жыл соңына дейін тағы 400 пәтер тұрғындар игіліне берілмек.

ҚР Ұлттық банкі Павлодар филиалы ұсынған мәлі-метке сүйенсек, 25 қазанға дейін 28 павлодарлық «7-20-25» бағдарламасы аясында баспаналы болуға ниет білдіріпті. Өтініштердің жалпы сомасы 270 млн. 363 мың 461 теңгені құрады. Соның қатарында құны 96 млн. 722 мың 637 теңге болатын 9 өтініш мақұлданды. Ал 7 өтініш кері қайтарылды.

«7-20-25» бағдарламасына қатысу үшін өтініштерді «Банк ЦентрКредит», «Цеснабанк», «RBK Bank», «Халық банк» акционерлік қоғамдары қабылдайды. Ал Еуразиялық банк пен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі әзірше тек кеңестер береді. Бағдарламаға қатысудың негізгі талаптары туралы төмендегі инфографикадан толығырақ білулеріңізге болады.


Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz