Байрақты бәсекеге еліміздің өңірлерінен бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия, Ресей спортшылары қатысты. Дзюдошылар 14 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов, дзюдодан Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, Қазақстан дзюдо федерациясының даму жөніндегі директоры Асхат Житкеев қатысты.

- Халықаралық турнир - дзюдошылардың шеберлігін шыңдайтын тамаша мектеп. Дәстүрлі доданың деңгейі уақыт өткен сайын өсіп келеді. Сондықтан, мұндай жарыста бақ сынау жастарды жігерлендіре түседі. Сондай-ақ, турнирдің шет елдерде де таныла бастауы қуантады, - дейді Асхат Житкеев.

Өкінішке қарай, халықаралық турнирден павло-дарлық спортшыларға бір күміс жүлде ғана бұйырды. Оны 78 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен Алмагүл Кашина иеленді.

Әйелдер арасында қарағандылық Әйгерім Төреғожина (48 келі), Назгүл Елмұратова (ШҚО, 52 келі), Ксения Бельдягина (Қырғызстан, 57 келі), Назгүл Құбашева (Атырау, 63 келі), Жанар Қашқын (Алматы облысы, 70 келі) және Арайлым Шегенова (Жамбыл облысы, 78 келі) өз салмақтарында жеңімпаз атанды.

Ерлер бәсекесінде Қылыш Еренғайыпов (Қарағанды, 60 келі), Ерлан Жақсыбеков (Қызылорда, 66 келі), Айдын Дартаев (Қарағанды, 73 келі), Фархат Серіков (Атырау, 81 келі), Алмас Акрашев (ШҚО, 90 келі), Мақсат Иссағабылов (Қызылорда, 100 келі) және Ерасыл Қажыбаев (ШҚО, 10 келіден жоғары) үздік шықты.

 

 

Аққулы өлкедегі бәсеке

Лебяжі ауданының орталығында еркін күрестен республикалық турнир өтті. Балуандар бәсекесі Қазақстанның Еңбек сіңірген жаттық-тырушысы, еліміздің Құрметті спорт қайраткері, Лебяжі ауданының Құрметті азаматы Нұрлан Оразалиновтің 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.

Турнирге Астана қаласынан, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарынан, сондай-ақ Павлодар облысының аудан-қалаларынан келген 2004-2006 және 2001-2003 жылы туған жас балуандар қатысты. Екі күнге созылған еркін күрес додасы аққулы өлкені дүбірге бөледі.

Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне Лебяжі ауданының әкімі Ернұр Әйткенов, аймақ спортының ардагерлері, Нұрлан Оразалиновтің шәкірттері мен ауданның Құрметті азаматтары, 2016 жылы Риода өткен Олимпия ойындарында бақ сынаған еркін күрес шеберлері Дәулет Шабанбай мен Мамед Ибрагимов қатысты. Қобыланды Шәкіров республикалық турнирдің бас төрешісі болды.

- Нұрлан Оразалинов – Лебяжі ауданында еркін күрес мектебін қалыптастырған жан. Оның жетекшілігімен қасиетті аққулы өлкеден 30-дан астам спорт шебері, 100-ден астам спорт шеберлігіне үміткер балуандар даярланды. Нұрлан Қабыкенұлына жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының аға жаттықтырушысы міндетінің сеніп тапсырылуы - даңқты жерлесіміздің мықты маман, білікті бапкер екендігінің нақты дәлелі. Бұл кісінің алдын көрген жігіттер ел намысын әлемдік жарыстарда абыроймен қорғап, сан мәрте жүлдемен оралды. Лебяжі ауданынан Нұрлан Қабыкенұлының шәкірттері ағайынды Ерлан, Ерсайын, Ержан Бегімовтер, Жұматай және Досбек Кенжеғалиевтер КСРО спорт шебері атағына қол жеткізсе, Михаил мен Иван Михайличенко, Ерғанат Оразалинов, Азат Темірғалиев сынды шәкірттері - әлемдік жарыстардың жүлдегерлері. Ғұмырын спортқа арнаған ағамыз 70 жасқа толса да, әлі күнге дейін жаттығу залынан шықпайды. 2014 жылы ардагерлер арасындағы әлем чемпионатында үшінші орынды иеленуі - соның айғағы, - деді жарыстың ашылу рәсімінде мерейтой иесіне ақ тілегін жолдаған Лебяжі ауданының әкімі Ернұр Әйткенов.

Әкім қазақы жөн-жоралғымен Н.Оразалиновтің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Сондай-ақ, ашылу салтанатында спорт ардагері Амангелді Аймағамбетов сөз сөйлеп, облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының атынан мерейтой иесіне арнайы дипломды табыс етті. Сонымен қатар, көпшілік алдында сөз алған Лебяжі ауданының Құрметті азаматы Мэлс Әміржанов Нұрлан Қабыкенұлына арнауын оқыды.

Нұрлан Оразалинов турнирді ұйымдастырған Лебяжі ауданының әкімдігіне, өз шәкірттеріне алғысын айтты. Сондай-ақ, Нұрлан Қабыкенұлы жас балуандарға ақыл-кеңесін айтып, сәттілік тіледі.

Жарыстың ашылу рәсіміне жиналған көпшілікке Нұрлан Оразалиновтің құрметіне ұйымдастырылған республикалық турнирдің естелік медальдары тарту етілді.

Жарыс қорытындысы бойынша Дінмұхамед Ғазизов (Павлодар), Ералы Жеңісов (ШҚО), Қайыржан Сұлтан (Павлодар), Сымбат Ерланұлы (ШҚО), Жантас Есенгелдинов (Лебяжі), Бекзат Сыбанбай (Жарма), Әділ Есенгелдинов (Астана), Төлеген Мұқатаев (Астана), Оңғар Тұрархан (Павлодар), Омар Медов (Екібастұз), Микаил Цечоев (Ақмола), Магомед Мархлев (Ақмола), Александр Кумбриди (Ақмола) және Зейнекен Келдіқайыр (Екібастұз) өз салмақтарында чемпион атанды.

Лебяжі ауданы.

 

 

Табандылық жетіспеді

«Ертіс» ел біріншілігінің 7-нші турында ұпай жоғалтты. Сырт алаңда қызылордалық «Қайсармен» шеберлік байқасқан біздің жігіттер 1:1 есебімен тең түсті.

Тең жағдайда өрбіген матчта біздің жігіттер бірінші болып есеп ашты. Родриго қақпаның сол жақ тоғыздығын дәл көздеді. Айтпақшы, футбол жанкүйерлері «Ертіс» ойыншысының бұл добын осы турдағы үздік гол деп таныды.

Родриго гол соққанда матчтың негізгі уақытының аяқталуына 7 минут қалған-ды. Бірақ, арада бірнеше минут өткенде қызылордалықтар таразы басын теңестірді. Саиди Нтибазонкиза мергендік танытты. Осылайша, болгариялық мамандар Димитар Димитров пен Стойчо Младенов жаттықтыратын қос клуб бір-бірінен айласын асыра алмады. Димитар шәкірттерінің есептегі басымдықты ойын соңына дейін ұстап тұра алмағаны өкінішті. Осының салдарынан «Ертіс» турнир кестесіндегі көшбасшылықты «Астанаға» беріп қойды.

Ал елордалық клуб 7-нші турда «Оқжетпестің» қақпасына жауапсыз үш доп соқты. «Қайрат» өз алаңында шымкенттік «Ордабасыны» 3:0 есебімен ұтты. «Шахтер» мен «Тобыл» кездесуінде 1:1 есебі тіркелді. «Тараз» - «Ақжайық» кездесуінде есеп ашылған жоқ.

Кеше кешкісін «Ертіс» Қазақстан Кубогының 1/8 финал ойындары аясында қызылордалық «Қайсарды» қабылдады.

 

Фархат ӘМІРЕНОВ

saryarka-samaly.kz