Төл ойынды төрге оздырған айтулы бәсекеге осы жылы Павлодар облысының барлық аудандарымен қоса Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау, Жамбыл өңірлерінен, Астана мен Семей қалаларынан, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының бірнеше аудандарынан спортшылар келеді. Былтырғы жылы Қырғыз мемлекетінің тоғызқұмалақшылары осы додада бақ сынаса, биыл аталған турнирге Өзбекстан, Моңғолия, Әзербайжан, Түркия, Ауғанстан, Қытай, Қырғызстан мемлекеттерінің спортшылары қатысып, жүлдеге таласпақшы.

Тоғызқұмалақтан әлемдік деңгейде өнер көрсетіп, үздік үштіктің қатарынан көрініп жүрген Моңғолия тоғызқұмалақшыларының газет турниріне деген дайындықтары қызу. Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің бәсекесіне қатысу үшін Моңғолия республикасының Тоғызқұмалақ федерациясы арнайы іріктеу жарысын өткізген. Аталған федерацияның жауапты хатшысы Ербол Долдайұлының айтуынша, іріктеу сайысына Баян Өлгей аймағына қарасты 14 мектептен барлығы 150-ге жуық спортшы қатысып, бақтарын сынаған.

- Біз 1994 жылдан бері жастарға тоғызқұмалақ ойынын үйретіп келеміз. 2014 жылы ресми түрде Моңғолия республикасының «Тоғызқұмалақ федерациясы» болып құрылдық. Федерация президенті - Баян Өлгей аймағының әкімі Ғылымхан Айыпұлы. Атқарушы директоры - ұлттық ойынның жанашыры Асылхан Сәкейұлы. Қазіргі таңда халықаралық ірі бәсекелерге, Азия, Әлем чемпионаттарына қатысып, еліміздің намысын абыроймен қорғап жүрген шәкірттеріміз баршылық. Павлодардағы газет жүлдесі үшін өтетін турнирге қатысуға ниетті жастар бізде жетерлік. Олар Қазақстандағы бәсекеге қатысып, тәжірибе жинақтап, тарихи Отанымызды көріп қайтсақ дейді. Бұл жастар үшін жақсы мүмкіндік болар. Алайда жер шалғай. Әркім өз қаражатымен сайысқа баратын болғандықтан, алыс жолды көпшіліктің қалтасы көтере бермейді. Құдай қуат берсе, Павлодарда өтетін жарысқа бізден 14 спортшы қатысады, - деді Ербол Долдайұлы.

Сондай-ақ Ербол мырза Моңғолиядан келетін спортшылардың қатарында халықаралық додалардың 2 мәрте жеңімпазы, 2016 жылы тоғызқұмалақтан Ресейде өткен III Азия ойындарының чемпионы Нұрдәулет Қадысхан мен Азия чемпионатының қола жүлдегері Абдолла Тойлыбайұлының бар екендігін айтты.

Газет турнирі алғаш рет өткізілгенде қатысушылар саны 180 адам болса, былтырғы жылы X мәрте ұйымдастырылған сайысқа 405 спортшы қатысып, еліміз бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Қатысушылардың ең жасы 6-да болса, ең егде тоғызқұмалақшы 75 жастағы Бақыт Бадамшина болды. Ал биыл республикалық деңгейде екінші мәрте өтетін сайысқа бұдан да көп спортшы қатысып, рекордтық көрсеткіш тағы да жаңаруы мүмкін.

Жарыстың ережесі бойынша қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай 5 топқа бөлініп өнер көрсетеді. Ұлдар мен қыздар 8, 10, 12, 15 жас аралығында сынға түссе, 16 жас және одан жоғары ересектер арасындағы сайысқа ерлер мен әйелдер (қыздар) қатыса алады. Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің турнирінің басты ерекшелігі - бұқаралық сипатқа мән беруінде. Яғни, сайысқа кәсіпқой спортшылар мен бірге әуесқой тоғызқұмалақшылар да қатыса алады. Спортшылардың саны мен жас ерекшелігіне шектеу жоқ. Турнир жекелей есепте ұлдар мен қыздар арасында рапид түрінен швейцар жүйесі бойынша өткізіледі. Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы сыйлықтармен қоса, естелік медальдармен марапатталады. Сонымен қатар «Ең жас тоғызқұмалақшы», «Жеңіске деген құштарлығы үшін», «Шеберлігін шыңдағаны үшін» номинациялары бойынша арнайы марапаттар тағайындалған.

Құрметті спортсүйер ағайын! Еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін қатысуға болатын айтулы додадан сіз де шет қалмаңыз. Ой жарыстыратын ойынға келіп, қатысыңыз, жанкүйер болыңыз! Төл ойынның төресін жас ұрпақтың бойына сіңіру сіз бен біздің қолымызда!


Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz