Максим Сергеевич ФЕДИН

Туған жері: Павлодар облысы, Екібастұз қаласы
Туған күні: 1996 жыл 8 маусым
Бойы: 175 см
Салмағы: 70 келі
Алаңдағы қызметі: Шабуылдаушы жартылай қорғаушы
Клубы: «Тобыл» (Қостанай)
Сүйікті тағамы: Палау
Сүйікті сусыны: «Латте» кофесі
Сүйікті фильмі: «1+1» және «Неприкасаемые»
Сүйікті кітабы: Футболшылар жазған кітаптарды ғана оқиды. Әзірше ең ұнағаны – Златан Ибрагимовичтің кітабы
Сүйікті футболшысы: Коутиньо («Барселона» (Испания) мен Бразилия құрамасының ойыншысы)
Сүйікті клубы: «Реал Мадрид» (Испания)


Жас талант Максим Фединнің аяқ алысын көптен бері бақылап жүрміз. Азды-көпті зерттедік. Іздендік те. Демек, футбол жанкүйері һәм спорт журналисі ретінде оның өнеріне белгілі бір деңгейде баға беруге хақымыз бар.

Командасының шабуылын ширатып, қарсыластың қорғанысын «қиратып» жүрген Максим Федин – Екібастұздың тумасы. Аяқдоптың әліппесін осы жерде тауысқан. Кейін Павлодарға ауысқан. «Ертістің» жастар командасында шындалды. Бұл 2008-2013 жылдар еді.

Ал үлкен футболдағы кәсіби карьерасы «Бәйтеректе» (Астана) басталды. 2014 жылы Қазақстанның Бірінші лигасында 24 матч өткізіп, 6 мәрте мергендік танытты.

Елеусіз жүрген бозбаланың бұдан кейінгі өмірі өзгелердікіне ұқсамайды.

Оң-солын танып үлгермеген 19 жастағы Максим бір-ақ күнде жиналып, шекара асып кетті. Іргедегі Ресейге емес, сонау Сербияға тартты. Әдетте бұл елдің чемпионаты ешкімді қызықтыра қоймайтын. Бірақ, Федин Сербияны бетке алды. Бір ойлағаны болды-ау, сірә.

Оның футбол айналасында жүрген мамандар мен жанкүйер қауымды алғаш елең еткізгені де осы шақ.

Шынында да, көрмеген, білмеген елде өмір сүру ерлікпен пара-пар. Өйткені, оның жасындағы бозбалалардың көбі мұндай қадамға бара алмайды. Ал Максим таңдаған жолында табандылық танытты.

«Шамалы уақыт болса да, шетелде ойнап келгенімді мақтан тұтамын. Азды-көпті тәжірибе жинадым. Тұрмыстық қиындықтарға тап келсем де, моральдық, психологиялық тұрғыдан тозған жоқпын. Өз-өзіме деген сенімділік артты. Қазақстан мен Сербия чемпионаттарында анау айтқандай айырмашылық жоқ. Десе де, сербтер жергілікті ойыншыларға иек артады. Жас таланттарды тәрбиелеп, шетелдік клубтарға сатады. Сербия клубтары осымен табыс тауып отыр. Бірақ футболшыларға жасалған жағдай жұпыны. Біздің елмен салыстыруға келмейді», – дейді Максим Федин.

Ол Сербияның жоғары лигасындағы «Спартактың» (Суботица) намысын қорғады. 2015-2016 жылдары небары 5 ойынға ғана қатысып, елге оралды. Ойын практикасы аз болды демесеңіз, Сербияда жүріп Максимнің деңгейі кәдімгідей өсті. Ол енді қай клубқа ауысса да, өзін жоғалтып алмайтындай деңгейге жетті.

Сербиядан келген соң «Атыраумен» келісімшартқа отырды. 2016 жылы ел біріншілігінде 13 ойын өткізіп, 1 гол соқты. 20 жасар футболшы үшін бұл жаман нәтиже емес.

Ал 2017 жылғы маусымда «Оқжетпестің» (Көкшетау) негізгі ойыншысына айналды. 26 матчта 2 рет мергендік танытты. Дегенмен, «Оқжетпес» премьер-лигадағы орнын сақтай алмады. Сондықтан Максимге жаңа клуб іздеуге тура келді. Осылайша, «Тобылға» келіп тұрақтады.

«Тобыл» сапындағы алғашқы кездесуін осы жылдың 11 наурызында өткізді. «Жетісуге» қарсы ойынның екінші бөлігінде Жасұлан Молдақараевты ауыстырды. Әзірше 25 матчқа қатысып, 3 рет көзге түсті. Ең бастысы – ел чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Ол «Тобыл» сапында жақсы қырынан танылды. Бапкер сенімін ақтады. Жанкүйер қауымның сүйікті ойыншысына айналды. Клубтың қола жүлдені иеленуіне өлшеусіз үлес қосты.

Ел чемпионаты әлі аяқталған жоқ. Ал Максим Фединге «құда» түсушілер көбейді. Әсіресе, күні кеше ғана қатарынан бесінші рет чемпион атанған «Астана» көз тігіп отыр. Елордалық клуб жас талантты өз қатарына қосқысы келеді. Ал кәрі құрлықты тәнті еткен «Астананың» анау-мынау ойыншыға қызықпасы белгілі.

Күн өткен сайын көсіліп, тур өткен сайын төселіп келе жатқан Фединнің Ұлттық құрамаға шақырту алуы – үлкен еңбектің жемісі! Осы күні қазақ футболының болашағы ретінде Еркебұлан Сейтахмет, Бақтиер Зайнутдинов секілді бірнеше аяқдопшының аты аталып жүр. Бұл қатарда Максим Федин де бар.

Ол клубтық деңгейден бөлек, ұлттық құрама сапында да жақсы қырынан танылды. Алдымен 17 жасқа дейінгі құраманың намысын қорғады (2012 жыл, 3 ойын өткізді). 2014 жылы 19 жасқа дейінгі құрамаға ауысты (3 ойын өткізді). Одан кейін 21 жасқа дейінгі құраманың белді ойыншысына айналды. Осы уақытқа дейін жастар сапында 12 кездесуге қатысып, 2 рет гол соқты. Ал биыл ұлттық құрама сапында алғаш рет алаңға шықты.

Негізі ол Александр Бородюктің кезінде де бас командаға шақырту алған еді. Алайда, бірде-бір ойынға қатысқан жоқ.

Максим ұлттық құрама жейдесіндегі алғашқы кездесуін осы жылдың 13 қазанында өткізді. УЕФА Ұлттар Лигасы аясында Латвиямен болған ойынның 75-минутында Бауыржан Исламханды алмастырды. Осы матчтан үш күн өткен соң Андорраға қарсы кездесуде тағы да алаңға шықты. Бұл жолы Еркебұлан Сейдахметпен (77-минутта) ауысты. Екі ойында бар-жоғы 30 минуттан аса уақыт ойнаса да, сауаттылығымен, әбжілдігімен баршаны тәнті ете білді. Гол соғатын мүмкіндіктері де болды. Әттең, сәттілік жетіспеді.

Максим Фединнің бар кемшілігі – осы. Шабуылды аяқтай алмайды. Оны өзі де жақсы біледі.

«Осал тұсым – шабуылды түйіндей алмаймын. Көп гол соққым келеді. Осы жағын жетілдіруім керек», – дейді ол.

Ал басты артықшылығы – әбжілдігі. Өте жылдам ойыншы. Алаңда өзін еркін ұстайды. Өзгелер секілді доп келсе қайда теберін білмей, абдырап қалу деген жоқ. Сосын алаңды жақсы көре біледі. Ашық тұрған ойыншыны дәл табады. Берген пастары да діттеген жерге дөп жетеді. Мұндай қасиеттер кез келген футболшының бойынан табыла бермейді.

«Тобылдағы» әріптестерім Азат Нұрғалиев пен Таңат Нөсербаев маған үнемі жылдамдығыңды дұрыс пайдалан деп ақыл айтады. Менің артықшылығым да осы шығар», – дейді Максим.

Ол өз карьерасында қорғаныста да, орталықта да, шабуылда да ойнады. Алайда, Максимнің өзі жартылай қорғаныстың оң немесе сол қапталында ойнағанды құп көреді.

Федин - футболды ақылға салып ойнайтын спортшылардың қатарынан. Оны алаңдағы өнерінен аңғару қиын емес. Техникалық қабілеті жоғары. Қарсыласты әдемі алдап өтеді. Тамаша голдар соғуға құмар. Португалиялық Рикарду Куарежманың стилінде гол соғатын әдеті бар. Сол себепті оны Қазақтың Куарежмасы деп де атайды.

Рикарду Куарежма – Португалия ұлттық құрамасының және «Бешікташтың» жартылай қорғаушысы. Еуропа чемпионы. Әйгілі Криштиану Роналдудың досы. Екеуі футболды бірге бастаған. Жұп құрап бірге келе жатыр. Куарежма допты аяқтың сыртқы жағымен айналдырып, қақпаға бағыттаудың шебері. Көп жағдайда мұндай допты қақпашылар қайтара алмайды. Өйткені, доптың ұшу траекториясы басқаша. Ойын барысында мұндай әрекетті жасау кез келген футболшының қолынан келе бермейді. Бірақ, бұл - біздің Максим үшін қалыпты дүние.

Айтпақшы, жас футболшының бағасы да күрт өсті. Немістің «Трансфермаркт» сайты Максим Фединді 2015 жылы 50 мың еуроға бағалаған еді. Ал 2017 жылы оның бағасы 250 мыңға жетті. Биыл да біраз шарықтайды-ау шамасы.

Жоғарыда Фединге «Астана» клубы қызығушылық танытып отырғанын айттық қой. Негізі елордалық ұжым оны былтыр сатып алмақ болған еді.

«Владимир Муханов мені «Ақтөбеге» де алып кеткісі келді. Бірақ нақты ұсыныс айтылмады. Бұл тақырып сол күйі жабылды. Бәлкім, мен жағдайды дұрыс түсінбеген шығармын. Негізі реалистпін. Өз мүмкіндігімді бағалай аламын. Біздің біріншіліктегі кез келген ойыншы «Астана» секілді клубқа ауысқысы келеді. Бірақ, маған ойын практикасы керек. Қосалқы құрамда отырғым келмейді. Бәсекелестіктен қашпаймын, әрине. Егер дұрыс жолмен келе жатқаным анық болса, ірі клубтардан әлі-ақ шақырту келеді. Бұл ретте, «Астана» ең бір ұтымды варианттың бірі болып қала бермек», – деген болатын Максим Федин жыл басында берген сұхбаттарының бірінде.

Жерлесіміз жақында отау құрмақ. Анастасия есімді павлодарлық бойжеткенмен сөз байласып жүргеніне төрт жылдан асыпты.

Павлодар футбол мектебінің өзіндік тарихы, дәстүрі бар дегенімізбен, соңғы жылдары біздің өңір ұлттық құрама деңгейінде ойнай алатын футболшы дайындап шығара алған жоқ. Иә, бас командада екібастұздық Дмитрий Шомко жүр. Бірақ, одан басқа кім бар? Өкінішке қарай, ешкім жоқ.

Енді, міне, жарқырап Федин шықты. Ендеше павлодарлық өрендер Мессиге емес, Максимге қарап бой түзеуге тиіс.


Фархат ӘМІРЕНОВ, арнайы «Сарыарқа самалы» үшін Астана қаласынан.

saryarka-samaly.kz