Біз бұл сұрақтарды Павлодар қалалық қаржы бөлімінің басшысы Ғалима Мұқановаға қойған едік. Оның айтуынша, жекешелендірудің ережелеріне сәйкес, екі кешенді жоспар әзірленген. Алғашқысы 2014-2016 жылдары жүзеге асырылды. Ал 2016-2020 жылдарға арналған екінші кешенді жоспар бойынша Павлодар қаласы алғашқылардың бірі болып барлық нысанға сатылымның басталғандығы туралы ақпаратты жалпақ жұртқа жариялап үлгерді. Осы жерде заңды сұрақ туындайды. Жекешелендірудің бірінші кешенді жоспарына енген нысандардың қазіргі жағдайы қалай?

Ғ.Мұқанованың сөзінше, алдымен, жоспарға сәйкес үш кәсіпорын сатылды. Олар – «Павлодарлифт» ЖШС, «ПавлодарГеокарта» ЖШС және «№1 автобус паркі» ЖШС. Алғашқысы шу дегенде-ақ 91 млн. теңгеге, екіншісі 165 млн. теңгеге, үшіншісі 1,2 млрд. теңгеге сатылған. Алайда, кейіннен соңғы кәсіпорынға байланысты дау-дамай басталды.

- Анықталғандай, автобус паркін сатып алған «Қазақстан құрылыс компаниясы» фирмасы келісімшартта көрсетілген міндеттерді орындамаған. Ақыры, екі жақты келісімшарт бұзылды. Осылайша, кәсіпорын мемлекет меншігіне кері қайтарылды. Бірақ кәсіпорынды кері өткізу туралы акт әлі жасалған жоқ. Сондықтан, автобус паркінің нақты қанша шығынға батқанын айта алмаймыз. Бір анығы, кәсіпорын белгілі бір көлемде шығынға ұшырады. Уәде етілген автобустар да сатып алынған жоқ. Көліктердің алғашқы жарнасына деп берілген 20 млн. теңге бюджетке қайтарылды. Салық бойынша қарыздар бар, - деді Ғалима Мұқанова.

Бұған дейін сан мәрте жазғанымыздай, жекешелендірудің екінші кешенді жоспарына Павлодар қаласы бойынша алты нысан сатылымға қойылды. Олар – «Павлодарградкадастр» ЖШС, «Жұлдыз» және «Орталық» стадиондары, «Спортсервис» ЖШС, «Толқын» және «Шымыр бассейндері. Бүгінде аталған нысандар бойынша нақты жұмыстар жүргізілді. Мәселен, қос стадион сатып алу құқығынсыз сенімді басқаруға берілді. Осы қадам арқылы Павлодар қаласы жылына 60 млн. теңге үнемдейді. «Павлодарградкадастр» ЖШС әуелгі бағасынан (286 мың теңге) он есе қымбатқа, яғни 3,2 млн. теңге сатылды. «Спортвервис» ЖШС мен «Шымыр» бассейнін сатып алу құқығымен сенімді басқаруға беру көзделуде. Алайда, үш мәрте саудаға шығарылғанымен, бірде-бір үміткер ниет білдірмеген. Сондықтан, олардың болашағы әлі сұрақ күйінде тұр. «Толқын» бассейнінің де жақын уақытта жекеге өтуі неғайбыл. Себебі барлық процедура қайта басталмақ.

Прокурордың наразылығынан кейін «Толқын» бассейнінің саудасы заңсыз деп танылды. Себеп – алдын ала аудиттің жүргізілмегені. Бассейн шу дегенде
22,7 млн. теңгеге өтті. Негізгі бағасы – 606 млн. теңге. Осылайша, нысан нақты құнының 3,75 пайызына сатылған. Оның үстіне бассейннің негізгі бағытын сақтау талабы да ескерілмеген. Неліктен бұлай болғанын Ғалима Мұқанова түсіндіріп берді.

- Бұл – үшінші сауда. Бұған дейінгі екі аукционда үміткерлер болмады. Ережеге сәйкес, алғашқы сатылымда нысан ең жоғары бағаға өткізіледі. Ал екінші сатылымда нысан бағасы 50 пайызға дейін төмендейді. Үшінші сатылым минималды бағасыз-ақ сатыла береді. Екі үміткер болды. Бірақ, олардың саны біреу болса да сатылым жүзеге асар еді. Егер үшінші шара нәтижесіз болғанда нысан сатылымнан түсер еді. Ал мұндай жағдайда кәсіпорын қайтадан жекешелендіруге жатқызылып, шаралар басынан басталады. Енді кәсіпорында аудит жүргізіледі. Сосын жекешелендіруге қатысты шаралардың барлығы қайта жүргізілмек, - деп түсіндірді Павлодар қалалық қаржы бөлімінің
басшысы.

 

Фархат ӘМІРЕНОВ.

saryarka-samaly.kz