Бұл – Қазақстанда Қанжығалы Бөгенбайға арналған алғашқы роман. Автор аталған туындыны жазар кезде көптеген тарихи туындыларды ақтарып, кітапқа Бөгенбайдың қолбасшылығы туралы көп айтылмаған деректерді арқау еткен.

Бөгенбай Ақшаұлының қазақ тарихын-дағы, қазақ елінің Тәуелсіздігі жолындағы орны ерекше. Жазушы Серік Елікбайдың сөзінше, батырдың қазақ-жоңғар шапқын-шылығы тұсындағы ерлігі бір романға емес, ондаған туындыға тарау бола алады.

- Менің ұғымымдағы Бөгенбай - рулық батыр емес, ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі үлкен тұлға. Қазақ елі Тәуелсіздігін алған ширек ғасырдан астам уақытта қазақтың бас батыры – Қанжығалы Бөгенбайға арналған толымды еңбек таппай дал болдық. Бізден бұрын қазақ тарихын қадау туындылармен қалауға тырысқан Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин, Қабдеш Жұмаділ, Софы Сматаев ағаларымыздың еңбегіне қарай отырып, оқырман қауымға барымызды ұсынуды жөн санадық. Мақсатымыз – Алаш деген алып ұғым үшін қан мен тер төккен батырға сөзден мінәжәт жасау. Артығы да кемі де болуы мүм-кін. Менікінің бәрі дұрыс деуден аулақпын, - дейді Серік Төлеубайұлы.

Тарихшы Ертай Жүсіптің сөзінше, «Қанжығалы Бөгенбай» романы Бөгенбай Ақшаұлының жекпе-жектегі жеңістерін яғни батыр тұлғасын ғана емес, сонымен қатар, қолбасшылық қасиетін де жоғары деңгейде ашып көрсеткен.

- Жаугершілік заманда қазақ даласында хандардың ғана емес, қолбасшылардың да ықпалы жоғары болған. Мысалы, соғыс кезінде хандар қолдарына қару алып шайқас-қа шыққан жоқ. Қолбасшыларына бұйрық беріп, ордаларында отырды. Ал ел мен жер үшін атқа қонған әскерді Бөгенбай сынды қолбасшылар басқарып, жаумен шайқасты. Ұрыс кезінде батырлар қандай қадамдарға барады, қандай әдіс-тәсілдер жасайды? Барлығы қолбасшылардың бұйрығымен болады. Батыр майданда өзі үшін және мінген аты үшін жауап берсе, қолбасшы бүкіл ел үшін жауап берген. Міне, «Қанжығалы Бөгенбай» романында Бөгенбай батырдың қолбасшылық еңбегіне лайықты баға берілген, - дейді Ертай Жүсіп.


Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz