С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті Гуманитарлық-педагогикалық факультеті Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айман Зейнулинаның айтуынша, жылда дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын шараның ашылу салтанаты жоғары деңгейде өткізілді. Осы орайда, Алаш көсемдеріне арналған театрландырылған қойылым көрсетіліп, Алаш зиялылары және ұлттық тіл тақырыбына кітап көрмесі ұйымдастырылған. Қазақтың ұлттық қолөнер туындыларынан құралған жәрмеңкеге қатысушылардың санында шек болмады. Тіпті, студенттер ұлттық ойындар мен қолөнерден көріністер қойды. Бұл ретте асық, тоғызқұмалақ ойындары, киіз басу, ұршық иіру сынды төл өнеріміз ортаға салынды. Сондай-ақ, қатысушылар ұлттық тағамдардан дәм татты. Қыз-жігіттер халық әндерінен ән жарысын ұйымдастырды. Ашылу салтанатын студенттер «Қара жорға» биімен тәмамдады.

- Шараның басты мақсаты - ұлттық тіл мен Алаштың рухын ұлықтау. Апталықта студенттер, магистранттар, оқытушылар бақ сынауда. Бұл ретте 8 факультет қатысып отыр. Жастардың барлығы өз еріктерімен қатысуда. Ұстаздар тарапынан оларды ешкім күштеген жоқ. Студенттердің белсенділігі өте жоғары. Ұлтқа деген махаббатты бірге оятуымыз қажет, - дейді А.Зейнулина.

Апталықтың екінші күнінде студенттер, магистранттар және оқытушылар құрамы арасында университетішілік ашық жатжазу ұйымдастырылды. Үшінші күні қазақ руханияты, тіл, дін мәселесі және Алаштықтарға арналған мәнерлеп оқу сайысы өткізілді. Бұдан бөлек, 1-2 курста оқитын өзге ұлт өкілдерінің студенттері 3 кезеңнен тұратын олимпиадада бақ сынады. Олар алғашқы кезеңде эссе жазса, екінші кезеңде грамматикалық тапсырмаларды орындады. Ал үшінші кезеңде өз өнерлерін ортаға салды.

Атап өтерлігі, жеңімпаздарға жүлделі орындармен қатар 3 аталым беріледі. Жүзден жүйрік атанғандарға бағалы кітаптар табыс етілмек.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz