ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев тұрғындарға тарифтерді төмендету бойынша жүйелі шаралар алдағы айдың біріне дейін ұсынылуы тиіс, деді. Үкімет басшысының айтуынша, жуырда Елбасының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінен кейін тарифтерді төмендету және тариф құру жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар белгіленіпті. Мәселені реттеу үшін Энергетика және Ұлттық экономика министрліктерінің, Бас прокуратура өкілдерінен жұмыс тобы құрылған. Олар түпкі тұтынушыға жететін тарифтердің арзандауына ықпал етулері тиіс.

- Қазіргі таңда электр энергиясын өндірудің өзіндік құнын анықтау әдістемесі әзірленуде. Табиғи монополистердің қаражаттарды мақсатты пайдалануына бақылауды күшейту және монополияға қарсы қызметті нығайту бойынша заңнамаға түзетулер дайындалып жатыр, - деді Б.Сағынтаев.

Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтеріне жаңа тарифтер екі аптадан кейін ұсынылады. Премьер-Министр осындай тапсырма берді. Құзырлы министрліктер электр энергиясы, жылу мен суға, телефон байланысы тарифтері қалай және қаншаға төмендетілетінінің жоспарын Үкіметке ұсынады. Б.Сағынтаев мұның барлығы әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, ашық болу әрі адамдардың сеніміне қол жеткізу үшін жұмысты жаңаша құруды Президент тапсырғанын еске салды.

Ал ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев электр энергиясы тарифтері қалай төмендетілетінін айтты. Министрдің мәліметі бойынша Елбасының тапсырмасына сәйкес электр өндіретін ұйымдарға электр энергиясына шектік тарифтердің объективті деңгейі белгіленетін болады. Демек, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап электр қуаты нарығында энергия өндірісі секторы үшін жаңа тарифтік әдістеме қолданылады. Электр өндірушілерінен электр энергиясының құны қуат тарифі және электр энергиясы тарифі болып бөлінеді. Электр станциялары үшін осы екі компоненттің сомасы бойынша құнын төмендету бойынша министрлік шара қолданады. Айтуынша, қазіргі таңда прокуратурамен бірлесіп, негізгі электр станция-ларына жүргізілген тексеріс аяқталыпты. Министрлік әрбір электр өндіруші компанияның иесімен жеке кездесу өткізеді. Бұл жұмыстар қарашаның 20-сына дейін аяқталады.

- Электр энергиясына шекті тарифтердің объективті деңгейін белгілеу өндірушілердің босататын бағасын азайтуға мүмкіндік береді. Әр станцияның төмендету деңгейі әртүрлі болады. Босатылатын бағаны өзгерту негізінде табиғи монополиялар саласына басшылық ететін құзырлы орган түпкі тұтынушыға электр энергиясының құнын төмендету бойынша шара қабылдайды, - деді Қ.Бозымбаев.


Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

saryarka-samaly.kz