Міне, сондықтан бірнеше жауапты орган және қоғам өкілдері нормадан тыс жүк тиеген тасымалдаушылардың әрекетіне қарсы тұрмақ ниетте күш біріктіруде. Соның бір дәлелі облысымызда еліміздің көлік комитеті төрағасының орынбасары Самат Гилимовтің төрағалығымен өткен жиын. Жергілікті билік, көлік прокуратурасы, қоғамдық ұйым өкілдері мен тасымалдаушылар қатысқан отырыста автомобильдермен жүк тасымалдауға қатысты елімізге ортақ мәселелер талқыға түсті.

- Жыл сайын жолды жөндеуге және салуға қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ, жасыратыны жоқ, оның кей учаскелерінің бірер жылдан соң тозығы шығып жатады. Сондықтан, мемлекеттің қаржысы босқа кетпеуі үшін тиісті салмақты сақтамайтын тасымалдаушыларды да жөнге келтірмекпіз. Бұл ретте, Павлодар облысы бақылауды күшейтіп жатқанынан хабардармыз, - деді Самат Қуанышұлы.

Облысымыздың бас көлік проку-роры Рүстем Тоқбергенов бұл мәселенің өңірімізде өте өзекті екенін алға тартты. Себебі, аймағымызда ірі кен орындары көп. Олардың өндіретін өнімдерінің басым бөлігі тас жолмен тасымалданады. Прокурордың айтуынша, заңнамалық тұрғыда реттелу тиіс тұстар да бар. Мәселен, бөлуге келетін, яғни ұсақ жүктерді шамадан асыра артуға арнайы рұқсат қағаз беруге тыйым салған жөн. Мұндай рұқсат тек бөліп тиеуге келмейтін ірі қондырғыларды бір жерден екіншісіне жеткізуде ғана берілуі тиіс деген пікір айтылды. Жалпы, биыл облыста артық жүк тасымалдаған 370 көлік ұсталыпты. Оның 90-ы әкімшілік жауапқа тартылған.

Ал облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермұрат Нұрхановтың айтуынша, тасымалдаушылардың тиісті талаптарды сақтамауынан жөнделген жолдарды жыл сайын қалпына келтіруге тура келуде. Мысалы, биыл 20 мың шаршы метр жолды ретке келтіруге 600 млн. теңге жұмсалған.

«Бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа-орталық» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Руслан Асылбеков жолдың сақталуына тасымалдау-шылар да мүдделі болуы керек деген ойда. Оған қоса, көлік инспекциясы қызметкерлері бейқамдық танытпауы тиіс, деді. Айтуынша, елімізде биыл аталмыш саланың сыбайлас жемқорлыққа жол берген 33 қызметкері жауапқа тартылған. Қуантарлығы, мұндай олқылық облысымызда тіркелмеген. Алайда, қоғамдық ұйым өкілдері жүргізген мониторинг барысында мұндай келеңсіздіктерге жетелейтін жайттар аңғарылған.

Жиында көрсетілген бейнежазбаларда көлік инспекциясы бекеттері бола тұра, тыйым салу белгісі тұрған жерлерден ауыр жүк көліктерінің жүйткіп жүргені байқалады. Ал мұнда мамандардың оларды тоқтатып, әлде бір әрекет жасағаны көрінбейді. Яғни, заңсыздыққа көз жұма қарап тұрғаны айқын көрініп тұр. Сонымен бірге, инспекция қызметкерлерімен бірге бөгде адамдардың тоқтатылған жүк көлігі жүргізушілерімен жұмыс жасап жатқаны да жазбаға түсіп қалған. Міне, осы заңсыз әрекеттер мен әрекетсіздіктер жол жағдайының тиісті деңгейде сақталмауына жетелеуде, дейді Р.Асылбеков. Сондай-ақ, ол мұндай көріністерді жемқорлық тәуелкелдерінің белгілеріне балап отыр. Кейбір тасымалдаушылардың заңсыздықтарына көз жұма қарайтын «көкелерінің» барын ашық айтты. Қоғамдық ұйым өкілі алдағы уақытта инспекция көрсететін қызметтер толығымен электронды форматқа көшірілсе, біраз кемшіліктер жойылады деген сенім білдірді.

Жергілікті көліктік бақылау инспек-циясының басшысы Серік Талдыбаев қадағалау қамын арттыру үшін облыстық әкімдіктің айтарлықтай қолғабыс жасап жатқанын атады. Яғни, жүк тасымалдау ағыны көп аралықтарға арнайы бекеттер орнатылып, қажетті жабдықтары бар бақылау көліктері сатып алынған. Биыл арнайы берілген рұқсат қағаздардың саны 13 пайызға өсуі жүк тасымалдаудағы заңдылықтардың артқанын аңғартады, дейді ол.

Тасымалдаушылар қазіргі жол салу технологиясы өзгертіліп, бетон төселгендіктен, ауыр жүк көлігінің бір білігіне түсетін салмақты 10 тон-надан 13 тоннаға дейін көтеруді сұрауда. Алайда комитеті өкілі Самат Қуанышұлы мұндай жомарттық жасалмайтынын кесіп айтты. Өйткені, арнайы институт жүргізген зерттеу нәтижесі бір білікке түсетін салмақты 1 тоннаға көтергеннің өзінде жолдың тозу жылдамдығы 2 есеге жеделдей түсетінін көрсеткен. Яғни, шектеулі салмақ ұлғайтылса, тапқанымыз жол жөндеуге ғана жұмсалып отырады. Сондықтан құзырлы мекемелер бақылауды босаңсытпауға бекініп отыр.


Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz