Бұл жөнінде «Павлодар электр тарату желілері компаниясы» АҚ-нда өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.

- Елбасы жуырда электр қуатын өндіру бойынша тарифтерді төмендету жайында тапсырма бергені белгілі. Бүгінде қорытындысы шығарылуда. Үкімет басшысы да алдағы жылы тұрғын үй-коммуналдық қызметтерінің тарифтерін арзандатуды қолға алу қажеттігін айтты. Облысымызға келетін болсақ, электр қуатының алдағы жылы арзандауы оны өндіретін станциялардың босату тарифіне тікелей байланысты, - деді Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Олег Костенко.

Жиында «ПЭТК» АҚ бас директоры Федор Бодрухин биыл өзі басқарып отырған кәсіпорынға қалалық прокуратура тарифтерді қалыптастыру заңдылықтарына жүргізген тексерістердің қорытын-дысымен бөлісті. Құзырлы орган тексерістерден кейін бірқатар кемшіліктің барын анықтап, арнайы анықтама берген. Ф.Бодрухин ондағы ескертулердің кейбірімен ішінара келіспейтінін алға тартты. Қарсылық білдіріп, хат та жолдаған. Әзірге, ешқандай жауап жоқ.

- Тексеріс барысында көрсе-тілетін реттелуі тиіс қызмет көлемін ұлғайту дерегін анықтады. Яғни, сметалық құжатта жылына 2 млрд. 282 млн. кВт/сағат электр энергиясы көрсетілсе, бұл көлем 2015 жылы 207 миллионға, 2016 жылы 262 миллионға, ал былтыр 329 миллионға ұлғайтылған. Проку-ратура заңбұзушылық деп таныған бұл кемшілікті біз ешқандай заңсыз әрекет деп санамаймыз. Себебі табиғи монополиялар туралы заңда, нормативтік актілерде «жоспарланған көлемді көбейту заңбұзушылыққа жатады» деген бірде-бір сөз жоқ, - дейді кәсіпорынның бас директо-рының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Галина Татарь.

Сондай-ақ, мамандар ұлғай-тылған көлем жөнінде ақпарат жыл сайын құзырлы департаментке тапсырылып отырғанын алға тартты.

Прокуратура кәсіпорынның әлеу-меттік салықты төлеудегі шығындар артығымен көрсетілген деген байлам жасаған. Бұл шешімге де «ПЭТК» басшылығы өз уәждерін айтуда.

- Тарифтік сметамызда бізде әлеуметтік салық шығындарының арнайы бабы бар. Салық кодексіне сәйкес әлеуметтік салық жалақының 11 пайызы көлемінде есептеледі. Одан кейін ол әлеуметтік аударымдар және әлеуметтік салық болып бөлінеді. Ол ақша екі жерге аударылады. Прокуратура тексергенде тек қана әлеуметтік салықты есептеп, нәтижесінде бізде салық кем болып шыққан, - дейді Г.Татарь.

Десе де, кәсіпорын басшылығы тасымалдау көлемін, шығындарын қайта есептеп, компенсациялық тарифке өтінім берген. Нәтижесінде, биыл төртінші тоқсанда электр қуатының тарифі 1 кВт/сағ электр қуатының құны 10,5 теңгеден 9,8 пайызға түсірілген.

Ал жылу бағасына келетін болсақ, департамент өкілінің айтуынша, тексерістерден кейін Павлодар жылу желілері тарифті 2,6 пайызға азайтты. Ал оны жеткізетін кәсіпорынның шығын-дары ескеріліп, түпкі тұтынушыға 1,4 пайыздық төмендеумен жетіп отыр. Егер көмір бағасы қымбаттаса, төтенше жағдайда тарифті қайта қарауға тура келеді, дейді департамент басшысы. Дегенмен, алдағы жылы бағаның өспейтініне сендірді. Себебі биліктегілер жылу өндіруші-лерге қара отынды делдалсыз жеткізудің жолын қарастыруда.

Жалпы, «ПЭТК» АҚ басшылығы тарифтің өсімінен алынған қаржыны мақсатты жұмсап, инвестициялық жобалардың толық жүзеге асқанын атап өтті. Биыл 2 млрд. 606 млн. теңгенің жобалары жоспарланып, іске асырылған. Мұның барлығы негізгі құрылғылардың тозуын төмендетіп, электр қуатын жоғалту көрсеткіштерін кемітуге, құрал-жабдықтардың сенімді жұмысын арттыруға бағытталған. Мәселен, былтыр тозығы жеткен электр желілерінің үлесі 8,02 пайызға төмендетілсе, биыл тағы азайыпты. Сонымен қатар, желіге жаңадан қосылған тұтынушыларды электр-мен кедергісіз қамтуға мүмкіндік берген. 2015 жылдан бастап 2018 жылдың 9 айына дейінгі аралықта жеке және заңды тұлғаларға 11 мың 71 техникалық құжат берілген. Яғни, қосымша 1547, 5 мВт қуат беріліп отыр. 2012-2014 жылдармен салыстыр-ғанда тұтынушылар қатары айтарлықтай өскені аңғарылады, дейді мамандар.


Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz