Шымкент қаласында болған қос команда арасындағы алғашқы ойында маңызды 3 ұпайды қоржынға салған «Ертіс» қарымта кездесуді асықпай-саспай бастады. Бұл жолы «Ертіс» сапында жас шабуылшы Арман Смайылов алғашқы минуттардан ойынға араласты. Кездесудің алғашқы бөлігінде есеп ашылған жоқ. Үзілістен соң қос тарап та қолдан келгенін көрсетіп қалуға тырысты.

Ойынның 65-минутында «Ертіс» командасындағы нигериялық легионер Джон Чибуике Арман Смайыловқа допты сәтті жеткізді. Мүмкіндікті мүлт жібермеген Арман есеп ашты. Араға 10 минут салып «Қыран» командасының жартылай қорғаушысы Серікжан Абжал «Ертістің» қақпасын алыстан көздеп, таразы басын теңестірді. Ойын соңына қарай алаң иелері қарсыластар қақпасын жиі торуылдады. Амалы таусылған шымкенттік жартылай қорғаушы Қуанышбай Данабек Илья Калининді шалып құлатып, төреші айып соққысын белгіледі. Бұл жолы «Ертістің» қорғаушысы Милош Стаменкович нысананы дәл көздеп, есепті 2:1-ге жеткізді.

- «Ертістің» биылғы жылы көрсеткен өнеріне жанкүйерлердің риза еместігін жақсы білемін. Алдағы маусымда команда құрамының 80 пайызын жаңартсақ дейміз. Екібастұз клубынан да 1-2 ойыншыны командаға қосуымыз мүмкін. «Ертісті» келер жылы бұрынғы деңгейіне көтеруге күш саламын,-дейді «Ертістің» бас бапкері Димитар Димитров.

Ал шымкенттік «Қыран» командасының бас бапкері Ғалымжан Төлегенов «Ертіс» клубымен жасыл алаңда доп тебу, өз командасына мол тәжірибе екендігін айтты.


Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz