Кәсіпорын өнімі Павлодар мен Астана қалаларында, Ресей елінің бірқатар өңірінде қолданыста.

Ірі өндіріс орындары мен кәсіпорындардың атмо-сфераға зиянды заттар тарататыны белгілі. Олар адам өміріне қауіп төндірмес үшін белгіленген нормадан аспаса болғаны. Ал сол көрсеткіштерді «Проманалит» серіктестігі дайындайтын талдамалық шкафтар бақылайды. Атап айтқанда, қатты отынды жағу кезінде пайда болатын газ, оттегі және басқа да заттардың көрсеткіштерін онлайн режимде есептейді. Арнайы желілер арқылы газ құралға түсіп, ылғал мен шаңнан тазартылады, кейін талдамалық шкафқа жөнелтіледі. Ол өз кезегінде газдың құрылымын анықтайды. Компания басшысы Игорь Исуповтың айтуынша, дәл осындай құралдар 5-6 жыл бойы «ПАВЛОДАРЭНЕРГО», «Қазақстан алюминийі» АҚ қарасты жылу-электр орталықтарында жұмыс істейді. Сонымен қатар, Астана қаласындағы орталықтардың барлығы павлодарлық құрал көмегі арқылы экологиялық көрсеткіштерді біледі.

- Компания құрылған 10 жылға жуық уақыт аралығында 70 жобаны жүзеге асырдық. Жылына 10-12 талдамалық шкаф әзірлейміз. Біреуін дайындауға 1-3 жыл аралығында уақыт кетеді. Құны 15 млн. теңгеден басталады. Бір қазандыққа бір талдамалық шкаф қажет. Кейде бір құрал 4 қазандықтағы көрсеткіштерді қабылдай алуы да мүмкін. Тапсырыс беруші кәсіпорынның әрқайсысының орналасуы, қатты отынды жағу көлемі және сол сияқты көрсеткіштеріне байланысты жеке-жеке шкаф жасаймыз. Бұған дейін өндіріс орындары тарапынан сұраныс соншалық жоғары болмайтын. Бірақ еліміз «жасыл экономика» бағытына ауысып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы кәсіпорындардың экологиялық көрсеткіштерді бірыңғай мемлекеттік жүйеге беруі туралы тапсырма берген соң сұраныс арта түсті. Қазіргі уақытта ҚР Энергетика министрлігі Цифрландыру департаментімен бірлесіп, ел көлеміндегі бірыңғай мәліметтер базасын дайындап, сынақтан өткіздік. Бұл – цифрландыру аясындағы жобалардың бірі, - дейді И.Исупов.

Игорь Исуповтың айтуынша, Қазақстанда осы бағытта жұмыс істейтін 4-5 кәсіпорын бар. Бірақ отандық және ресейлік өндіріс орындарының таңдауы «Проманалитке» жиі түседі. Себебі ол былтыр «SIEMENS AG» халықаралық компаниясының Solution серіктесі деген мәртебеге ие болды. Оған қоса, компанияда оттегі өлшейтін құрал шығарылады. Бұл - «Проманалит» компаниясының төл туындысы. Мамандар бұл жобаны ойлап тауып, патенттеп үлгерді. Нәтижесінде жылу-электр орталығындағы операторлар қазандықта отын жағу кезінде қанша оттегі қажет екенін біле алады. Оның 200 данасы Қазақстанда сатылды. Тағы біразын Ресейдегі кәсіпорындар алды. Қазіргі уақытта «Проманалит» жобалаушылары көміртек қышқылы мен газдағы ылғалдылық деңгейін есептейтін құралдар жасауда. Сонымен қатар, экологиялық бақылау пункттерін ашуды мықтап қолға алмақ. Осы жоспарлар сәтті жүзеге асар болса, басқа қалалардағы өкілдіктер саны артуы ықтимал. Әзірше мұндай өкілдіктер Өскемен және Ресейдің Омбы, Новосібір қалаларында жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта компанияда 35 адам қызмет атқарады. Оған қоса, дуалды оқыту жүйесі бойынша Инновация-лық Еуразия университетінің 4 студенті тәжірибеден өтуде. Жобалар жетекшісі Ардақ Айтқазиновтің айтуынша, компания серіктестермен талдамалық шкафтың жобасы туралы келісім жасалған уақыттан бастап оның іске қосылуы, пайдаланылуына дейін жұмыс істейді.

- Біздің кәсіпорынның жұмысы талдамалық шкаф, оттегі өлшеуіштерін таныстырудан басталады. 1-2 жыл дересінде өзара тығыз байланыс орнатып, тапсырыс берушілердің сұранысына сай қызмет атқарамыз. Құрамдас бөлшектер сырттан сатып алынады да, жергілікті инженерлер көмегімен құрастырылады. Оған қоса, сервистік қызмет көрсетіледі. Қандай да бір бөлшек істен шықса, уақыт оздырмай ауыстырып береміз. Кепілдік мерзімі – 1-2 жыл, - дейді А.Айтқазинов.

Мұндағы жұмысшылардың орташа жалақасы – 140 мың теңгеден жоғары. Компания директоры Игорь Исупов әр жыл сайын қызметкерлердің еңбекақысын 10 пайызға өсіру – қалыптасқан үрдіс екенін айтты. Сонымен қатар, қызметкерлерді тасымалдайтын автобус, асхана қарастырылған.

Ендігі кезекте «Проманалит» ЖШС жобаларды жүзеге асырып, отандық және ресейлік нарықты жауламақ ниетте. Кәсіпорынды «Павлодар» арнайы экономикалық аймағына ауыстырып, мемлекеттік қолдауға жүгінуді де ойластыруда.


Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz