Қазіргі таңда өңірдің барлық санатты шаруашылықтарында 446,2 мың бас ірі қара, 582,5 мың қой, ешкі, 163,9 мың жылқы бар. Олардың жартысынан көбі фермерлік шаруашылықтарға тиесілі болса, қалған бөлігі - тұрғындардың меншігіндегі мал. Биыл облысымызда төрт түлікті қыс мезгілінде азықпен қамтамасыз ету және мал қыстауын ойдағыдай өткізу мақсатында 1 млн. 300 мың тонна шамасында шөп дайындалған. Бұл жалпы жоспарланған көлемнің 144 пайызын құрайды. Бұдан бөлек, қыстақтарға 64,9 мың тонна пішендеме, 145 мың тонна сүрлем және 224 мың тонна сабан жеткізілген. Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашевтің айтуынша, биыл шөп шүйгін шыққан. Мал азығының өнімділігі былтырға қарағанда 15 пайызға жоғары болыпты.

- Аймағымызда мал шаруа-шылығы қарқынды дамып келеді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау шаралары өз нәтижесін беруде. Биыл облысымызда аталған саланы дамытуға 3 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінген болатын. Бұл ретте, жергілікті шаруалар «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 426 бас ірі қара мал сатып алды. Олардың көбі қазақтың ақбас сиырлары және абердин-ангус тұқымдас малдар. Жыл соңына дейін облысымызға тағы шамамен 2 мың бас асыл тұқымды мал жеткізілмек, - дейді Н.Мақашев.

Атап өтерлігі, үстіміздегі жылы ет өндірісі 4,1 пайызға, ал сүт өнімдерін өндіру көлемі 3,2 пайызға артқан. Сондай-ақ, жыл басынан бері 1183 тонна ет экспортталыпты.


Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz