Ұйымдастырушылар Елбасы өмірінің бес кезеңінен үзінділер көрсетіп, соңын Президент Нұрсұлтан Әбішұлы сүйіп тыңдайтын әсем әндермен түйіндеп отырды. Қазақ эстрадасының өкілі Талғат Жорабаевтың орындауындағы «Үшқоңыр» әні кештің шымылдығын ашты. Бұл әсем әнмен көрермендер Елбасының туған жеріне саяхат жасады. Яғни, Президенттің балалық шағына аттанды. Бұл ретте, кішігірім көрініс арқылы актерлер бала Нұрсұлтанның жастайынан білімге айрықша құштар болғанын көрсетуге тырысты. Елбасының ер жетіп, алғаш Теміртауға жол тартпақ сәті де сәтті сахналанды. Украинада өткен студенттік шағы да қойылымның өзегі болды. Одан кейін, Украинадан Отанына оралып, қызметін Теміртау металлургия зауытында жалғастырып, шыдамдылық пен төзімділіктің үлгісін көрсете білген шымыр Нұрсұлтанның бейнесі де көпшіліктің көңілінен шықты. Айта кету керек, әрбір көрініс кезінде сахнаның айрықша безендіріліп, сол кезеңді дәл көрсетуі қойылымның реңін аша түсті. Елбасының, оның әкесі мен анасының, достары мен ұстазының бейнелерін Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының әртістері шебер сомдады. Атап өтерлігі, қойылымның режиссері - елімізге әйгілі продюсер Алтынбек Рахметов.

- Тұңғыш Президент күніне орайластырған театрландырылған концертіміз өзгелерге ұқсамайды. Әдетте, мереке қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінде Елбасының сүйіп тыңдайтын әндерін орындауға басымдық береді. Ал біз биыл Президенттің өмірін бағдарламаның өзегі еткенді жөн көрдік. Яғни, Елбасының балалық шағынан бергі кезеңдерге көңіл бөлдік. Бес кезеңнен тұрды. Осылайша, 60 минут ішінде әндер, мәтіндер мен бейне қолдаулар арқылы Нұрсұлтан Әбішұлының қалып-тасу жолын көрсетуге тырыстық, - дейді Алтынбек Рахметов.

Қойылым-концертке 100 шақты адам қатысты. Режиссер облысымыздың өнердегі әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Сондықтан Тұңғыш Президент күніне жоспарланған жұмысты жүзеге асыру қиынға соқпағанын атап өтті. Мерекелік концертте ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Жорабаева әннен шашу шашты.


Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz