Бұл сауда мерекесіне бес мыңға жуық қала тұрғыны қатысты. Жұртшылық арзан өнім алып қана қоймай, жәрмеңкедегі мерекелік шараларға куә болды.

Павлодар облысының ауыл шаруа-шылығы саласы сапалы өнімдерімен танымал. Әсіресе картоп пен сәбізі, майлы дақылы мен ет өнімдеріне сұраныс жоғары. Аталмыш шарада бұл өнімдер арзан бағамен босатылды. Жәрмеңкеге облыс әкімінің орынбасарлары Дәурен Мақажанов пен Мейрам Бегентаев келіп, азық-түлік бағасын бақылады.

Жәрмеңкеде мерекеге орай концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, тұрғындарға тамаша тарту жасалды. Келушілерге ыстық шай да ұсынылды. Сауда мерекесіне тұрақты келетін Әскербек Мұстафин де таң ата сауда орнына асыға жеткенін айтады. Табиғи таза өнімдерден отбасына қажеттінің бәрін алған. Айтуынша, жәрмеңкедегі қай өнімнің болмасын бағасы көңіл қуантарлық.

- Менің жасым 82-ге келді. Бүгінгі шараға қызымды ертіп әдейі келдім. Мұндай шаралардың ұйымдасты-рылуы - біз үшін зор қуаныш. Жәрмеңке қала тұрғындары үшін өте қолайлы жерге көшірілді. Оның үстіне өнімдердің бағасы да халыққа тиімді. Дүкендерден қарағанда әлдеқайда арзан. Халықтың қамы үшін жасалған мұндай жәрмеңкелер жалғаса берсін деп тілеймін, - дейді Ә.Мұстафин.

Бұл күні әр аудан несібесін арқалай жетті. Облыс орталығына келген тауар өндірушілер шаһар тұрғындарына 100 тоннаға жуық өнім ұсынды. Соның ішінде 22,4 тонна ет, 22 тонна картоп, 13,1 тонна сүт өнімдері әкелінді.


Мереке АМАНТАЙ.

saryarka-samaly.kz