Қоғамға қозғау салған Елбасы ұлтты ұйыстыруға, кешегімізді саралап, келешегімізді кемелдендіруге үндеп, «ұлттық кодты» сақтап қалудың сан алуан бағытын байыптайтын тамаша туындысын тарту етті.

Мақаланың «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана» деп аталған алғашқы тарауында Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа ғасырдың талаптарына төтеп беру үшін экономикамыздың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, сананы жаңғыртудың бірнеше ерекшелігін алға тартты. Дәлірек айтқанда, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, салтымызды сақтап, дәстүрлерімізді дәріптеп, рухани байлықтарымызды абаттандыруға шақырды. Жершілдік секілді жаһандық жаңғырудың талаптарымен жанаспайтын жағымсыз әдеттерден арылып, ысырапшылдықты ысырып, ықылым заманнан қалып-тасқан ымырагершілікті ыдыратпаудың ыңғайын Егемен елге еркін тілмен тағы бір мәрте жеткізді.

Бұдан бөлек, жастарды тәулік сайын түрленген техноголиялық дәуірдің қарқы-нынан қаймықпай, білім кеңістігінде мемлекет ұсынған мүмкіндіктерден құр қалмай, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға қауқарлы болуын да атап өтті. Бұл – Елбасының өсиетін өскелең ұрпаққа өнеге етуінің өлшеусіз үлгісі деген сөз.

Мемлекет басшысы мұнымен қоса ғасырлар қойнауында қалып, жылдар өте саяси себептермен де сергелдеңге түскен «қазақ әліпбиінің» тағдырын да назардан тыс қалдырған жоқ. Елбасы бұл мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатқанын білеміз. Десек те, мақаладан латын қарпіне көшетін кездің келгенін оқығанымызда қатты қуандық. Тіпті, биылғы жылдан бастап қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керектігі айтылып, Үкіметтің іске кірісетінін де тілге тиек етіліпті. Нәтижесінде 2025 жылға қарай латын әліпбиіне толықтай көшу жоспары да жарияланған.

Мақаладағы тағы бір бағдар – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының қолға алынуы. Бұл – әлемдегі ең таңдаулы 100 оқулық әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударылады деген сөз. Кейде студенттер қауымымен кездескенімізде мемлекеттік тілдегі оқулықтар санының аздығын алға тартушы еді. Міне, енді олардың да армандары орындалар күннің алыс еместігін аңғардық.

Патриотизмнің парасаттылығын пайымдайтын «Туған жер» бағдар-ламасының қолға алынатынын айтқан Президент адамзат баласы үшін қастерлі ұғым саналатын «Туған жердің» қадір-қасиетін саралай өтіпті. Бұл бағдарлама өз кезегінде еліміздің әрбір аймағында өткеннен сыр шертетін көне ғимараттар мен тарихи ескерткіштерді, мәдени нысандарды қалпына келтіруді, өңірлерде өлкетану, экологиялық тазарту жұмыстарын жүргізуді, ауыл-аймақты абаттан-
дыруды көздейді. Кәсіпкерлер де, зиялы қауым өкілдері де, шенді-шекпенділер де, жастар да туған жерлеріне қамқорлық танытып, жанашырлықтың жаңаша үлгісін көрсетулері қажет екенін ұсынған Көш-басшымыздың бастамасы қолдаусыз қалмауы қажет деп санаймыз.

Сонымен қатар, Елбасының Тәуелсіздік жылдарында өз ақылымен, еңбегімен, білімімен, дарынымен оза шапқан азаматтардың «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыру идеясымен де танысып шықтық. Жасампаздықтың жарқын жылдарында жақсылықтың жанынан табылған жандардың бұл жинағы жастарға да үлгілі жоба болары ақиқат.

Данияр СҮНДЕТБАЕВ, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы.

 

 

Кино көріп қайтайық...

- Бұған бос уақытты қамту ғана емес, табыс көзі деп те қарау керек. Бизнес құру туралы ой келгенде түрлі нарықты сараптап, сараладық. Көптің «аяғы баспаған» ауылдағы бизнестен бастауды жөн көрдік. Оңтүстік Қазақстан облысынан келген достарымызбен тәжірибе бөлісіп, бұл істің қыр-сырын меңгерудеміз, - дейді Арман Жанаев.

Көп жағдайда 3D форматындағы көрсетілімдерге балалар қызығып жатады. Ал жастар комедия, мелодрама, фантастика жанрларындағы киноларды тамашалауды қаласа, аға буын кеңестік дәуір кезінде таспаланған туындыларға сұраныс білдіреді екен.

- Осы уақытқа дейін Железин, Качир, Ертіс және Шарбақты аудандарындағы бірқатар ауылға барып қайттық. Тіпті, тұрғындар тарапынан қайтадан ұсыныстар түсіп, бір елді мекенге бірнеше рет барған кездеріміз болды. Кино аяқталған соң тұрғындардың зор ықылас білдіріп, қошемет көрсетуі бізді жігерлендіре түседі. «Тағы қандай ауылға барсақ екен?», «Қандай тың туындылар көрсетсек екен?» деген сауалдар төңірегінде ойланып, іздене бастаймыз. Көп жағдайда кинолар мәдениет үйлері мен мектептердің мәжіліс залдарында көрермен қауымға ұсынылады. Ауылдық жерден бізге сондай бір мекеме табылса болғаны. Қажетті аппараттардың барлығын біз өзіміз-ақ жеткіземіз, - дейді жастар.

Айтуларынша, бір сеансқа шамамен 60-70 адам келеді. Бір билеттің құны – 500 теңге. Оған қоса, поп-корн мен түрлі сусын сатылады.

- Билет құнын білген қалалық достарымыз «неге арзан?» деп сұрап, таңданыс білдіріп жатады. Павлодар қаласындағы кинотеатрларда бір билеттің бағасы шамамен 1200 теңге екені белгілі. Біз ауылдағы ағайынның материалдық жағдайын ескереміз. Кейбір елді мекендерде жұмыссыз отырған немесе тек төрт түліктен түсетін табысқа тәуелді адамдар бар. Мұндай жағдайда түсіністік танытып, билет бағасын екі есеге дейін арзандатып жатамыз. Шыны керек, әуелде бұл жобаға тек пайда кілті ретінде қарасақ, уақыт өте келе ісімізді қолдаушылар қатарының көп екенін байқап, бастысы тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау екенін ұғындық, - дейді А.Жанаев.

Жылжымалы кинотеатрдың қанша-лықты қажет екенін білмек болып, облыстың бірқатар азаматын сөзге тартқан едік. Ауыл жастарының барлығы дерлік мұны «құптарлық жоба» деп бағалады.

- Жасыратыны жоқ, аймақтағы ауылдардың көбінде жастардың бос уақыты қамтылмаған. Ал жылжымалы кинотеатр жүйелі түрде ауылдарды аралап, тамаша туындылар ұсына білсе, құба-құп. Осыдан біраз уақыт бұрын Арман мен Самат біздің ауылға келіп, фильм көрсеткен еді. Кейін балалар мен ересектер тарапынан тағы да сұраныс болып, қайта келді. Біз мұндай бастаманы қолдаймыз, - дейді Железин ауданының тұрғыны Азамат Амангелдіұлы.

Жас кәсіпкерлер заманауи үлгіде кино ұсынып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын да ашуға ниетті. Арманның негізгі мамандығы аспаз болса, Самат –
физика пәнінің мұғалімі. Бірақ екеуі де басқа кәсіппен айналысуда құп көріпті. Таяуда бұл істің аясын кеңейтіп, пиар-менеджер, кассирлерді жұмысқа қабылдауды ойластырып отыр. Қазіргі таңда репертуар іздеу, жаңа аппаратуралар сатып алуға қатысты істермен айналысуда.

- Алдағы уақытта облысымыздың өзге аудандарына барып, көрермен қауымға қызықты фильмдер көрсет-пекпіз. Отандық, қазақ тілді туындыларға деген сұранысты арттырғымыз келеді. Сондықтан болашақта Қазақстанда түсірілген киноларды жиі көрсетуіміз әбден мүмкін, - дейді Самат Аймолдин.

Осылайша, жастардың жаңа жобасы көпшілік тарапынан зор қызығушылық тудыруда. Бұл бастама ауылдағы ағайынның бос уақытын қамтуда ғана емес, отандық киноиндустрияны дәріптеуде де серпін береріне сенгіміз-ақ келеді.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

 

 

...Ғалымның хаты өлмейді

Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында студенттер мен оқытушыларға Мұхтар Арынның «Бес анық» кітабы таныстырылды. Ол ұлттық философия, дидактика, этнография, этнолингвистикаға негізделіп, 1996 жылы жарық көрген.

Шараға елімізге танымал жыршы, Абайтанушы Даниял Әсенов, филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Сағындықұлы, айтыскер ақын Айбек Оралхан қатысты.

М.Арын 1953 жылы орта мектепті және 1957 жылы Алматы шет тілдер институтын үздік бітіргеннен кейін осы ұжымда қызметке қалдырылып, еңбек жолын бастаған. 1974 жылдан 1981 жылға дейін Қазақ КСР Білім беру министрлігінде педагогикалық жоғары оқу орындары бөлімін басқарады.

1983 жылы шілдеде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педогогикалық институтының ректорлығына жіберіліп, өмірінің соңына дейін осы қызметте болған. Көзінің тірісінде көптеген еңбектер жазып, ғылымға да, әдебиетке де өлшеусіз үлес қосқан. Сонымен қатар, Мұхтар Арын қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылығын жатқа білген. Себебі Мұхтар Арын жайында ақтөбелік Н.Берікұлының:

«Ұран салдың Абай деп,
Ұйықтадың сен Абай деп,
Түс те көрдің Абай деп,
Халық аузына ілініп,
Өзің де кеттің Абай боп», - деп жоқтау шығарғанына қарап, ағамыздың күллі өмірі Абай шығармаларымен біте қайнасқанын аңғару қиын емес.

«Ғалымның хаты өлмейді» - деген сөз осыдан қалса керек. Қаншама құнды дүниелерді келешек ұрпаққа таныс-тыратын, ұлтшыл, ұрпақшыл, тілін, дінін, ділін сүйетін азаматтар барда Мұхтар Арынның аты мәңгілікке өлмейді.

Март АСЫЛБЕК, ПМПИ-дің филология және тарих факультетінің студенті.

 

 

«Хакатонның» сайыпқырандары

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде республиканың жоғары оқу орындары мен колледждерінің бағдарламашы студенттері арасында «Хакатон» республикалық байқауы өз мәресіне жетті.

Байқау барысында жас бағдарламашылар бір тәуліктің ішінде «EXPO - 2017» көрмесі бойынша жолнұсқалық мобильді қосымша жасап шығаруды көздеді. Бұл ретте С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің ректоры, саясат ғылымдарының докторы, профессор Арын Өрсариев жастардың ойының жүйріктігіне, ізденімпаздығына ризашылығын білдірді.

- Бүгінгі күннің жастары нәтижелі IT-жобаларды жасау үшін коммуникациялық алаңдарды ұйымдастыра отырып, болашақ IT-мемлекетті дамытуға зор үлес қосады. Сіздер қазақстандық қоғамның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына әрі 21-ғасырда қуатты және көркейген мемлекетті құру үшін Қазақстанда ашық ақпараттық орта құрудың жолдарын көрсете аласыздар деген сенімдемін, – деді ПМУ-дің ректоры.

Сайыс нәтижесінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері үшінші орынды иеленді. С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттері «KAYDA» атты мобильді қосымшасын жасап, екінші орынға жайғасты. Ал М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жас бағдарламашыларының жобалары үздік деп танылып, жеңімпаз атанды.

Айта кетерлігі, «Хакатон» – қойылған міндеттер мен мақсаттарды қысқа уақытта жүзеге асыруға бағытталған бағдарламалау марафоны. Бір топқа бағдарламашы, дизайнерлер мен менеджерлер топтасып, сынға түсті.

Өз тілшіміз

saryarka-samaly.kz