«МинералИндастриГрупп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шикізат ретінде ферроқорытпа өндірісінің қалдықтарын пайдаланады. Нәтижесінде шлактан үш түрлі зат – хром, құм және қиыршық тас алады. Алғашқысы байытылып, өндіріске кері қайтарылады. Ал соңғы екеуі құрылыс саласында пайдаланылады. Айына 80 мың, жылына 1 млн. тоннаға жуық шлак өңделеді. Жобаның құны – 850 млн. теңге.

Кәсіпорынды іске қосу шарасына облыс әкімінің орынбасары Жайық Шарабасов, Ақсу қаласының әкімі Балғабай Ыбыраев, компания директоры Станислав Головин мен жұмысшылар қатысты. Жайық Серікқалиұлы аталмыш өндіріс орнының басым тұстарын атап өтті.

- Біріншіден, бұл – облыс аумағында теңдесі жоқ жоба, екіншіден, Ақсу индустриялық аймағындағы алғашқы кәсіпорын, үшіншіден, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының ірі кәсіпорындар қасынан шағын және орта бизнес нысандарын ашу тапсырмасының орындалуы. Оған қоса, мұнда 60 жаңа жұмыс орны құрылып, орташа жалақы 130 мың теңгені құрап отыр. Толық қуаттылыққа көшкен соң жұмыс орнын 150-ге дейін көбейту көзделуде, - деді Ж.Шарабасов.

Ал Ақсу қаласының әкімі Балғабай Ыбыраев жобаның экологиялық маңыздылығын тілге тиек етті.

- Биыл облыста Экология жылы жарияланғаны белгілі. Ақсу қаласында бұл мәселе бірінші кезекте тұр. Жаңадан ашылған кәсіпорын қалдықтардың ішкі сүзгісі бар тұйықталған контурды пайдаланады. Соның нәтижесінде қоршаған орта ластанбайды және өңірдің экологиялық ахуалы жақсарады, - дейді Б.Ыбыраев.

«МинералИндастриГрупп» серіктестігінің директоры Станислав Головиннің айтуынша, биыл зауыттың бірінші кезегі ғана жұмысын бастады. Алда екінші және үшінші кезектері іске қосылмақ.

- Бірінші кезек барысында айына 80 мың тонна өңделеді. Өндірістің екінші кезегі 2019 жылдың соңында басталған соң бұл көрсеткіш 120 мың тоннаға, үшінші кезек аясында 160 мың тоннаға жетеді. Осы орайда атап өтер жайт, біз жергілікті Ақсу қара металлургия колледжімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Дуалды оқыту аясында студенттерге тәжірибелік білім беруге әзірміз, - деді С.Головин.

Жалпы, 146 гектар аумақты алып жатқан «Ақсу» индустриялық аймағының келешегі зор. Жол салынып, кәріз және су желілері тартылған. Келесі жылы жарық қуатына қосылады. Балғабай Ыбыраевтың айтуынша, индустриялық аймақтағы басты жеңілдік – мұндағы кәсіпорындарға электр энергиясының екі есе төмен бағаға жеткізілуі. Осындай мүмкіндіктерді қалт жібергісі келмейтін кәсіпкерлер қазірдің өзінде түрлі жоба ұсынуда. Демек, алдағы уақытта «Ақсуда» өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылы өнімдерін сақтау, дайындау ісі кең қанат жаяды.


Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz