Тұсаукесер рәсіміне қаламгердің замандастары, әдебиет сүйер жастар қатысты. Осыған дейін оннан астам кітабын жарыққа шығарып үлгерген ақынның бұл жолғы туындысы мүлдем бөлек. Жалындаған жастық шағынан бастап бүгінгі күнге дейінгі өмір жолынан сыр шертетін туынды күнделік негізінде жазылған.

- Ш.Байғалының 496 беттік жаңа кітабын оқып шықтым. Ел егемендігін алмай тұрған кездегі қиын-қыстау сәттер мен еркіндікке қол жеткізген күннен берігі замана ағысы көз алдыма келді. Автормен ақылдаса келе кітаптың кейбір тұстарына түзетулер енгіздік. Ақынның өмір жолынан елінің тағдырын көргендей болдым, - дейді кітап-тың редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Бәкібай Рамазанов.

Ән әуелеп, күй күмбірлеген әсерлі кеш-те өмірден түйгені мол кітап авторы тың-дармандарына тұшымды әңгімелер айтып, естеліктерімен бөлісті. Айтпақшы, көңіл күнделіктерінен тұратын автордың бұл бірінші кітабы. Туындының екінші бөлігі бүгінде жазылу үстінде.

- Бұл кітапта 1965 жылдан бері қарай қойын дәптеріме түртіп жүрген сәттерден сыр шертетін оқиғаларды қамтуға тырыстым. Мектеп қабырғасында білім алған шақтарым, студенттік кездерім, жұмыс атқарған орындарым, өзіме үлгі тұтатын адамдар жайлы мағлұматтар да жазылды. Осы кітап жарыққа шығысымен «Алтын қалам» әдеби бәйгесіне қатыстым. Тың туындыны оқыған кітапсүйер қауым бүгінде өз пікірлерін айтуда, - дейді Шолпан Байғалы.

Кітаптың жаңаша нұсқада жарыққа шығуына облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мұрындық болған. Электронды нұсқада жарық көрген жаңа кітап ғаламтор қолданушыларына қолжетімді. Ол үшін С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың ресми сайтына кірсеңіз болғаны.

Шолпан Байғалы 1969 жылдан Павлодар облыстық радио және телевизия хабарларын тарату жөніндегі облыстық комитетінде қазақ редакциясының редакторы, 1985 жылдан облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») тілші, бөлім меңгерушісі болып қызмет етті. Тоқсаныншы жылдарда өткен республикалық айтыстарға қатысып, аймақ намысын қорғады. Мұсылман әйелдер лигасы Павлодар облыстық бөлімшесінің «Ақ жаулық» газетін, «Айбат», «Ертіс-бизнес», «Айбар» апталық газеттерін, «Тілтаным» журналын шығарды. Өңірдегі жоғары оқу орындарында тәлім бере жүріп, «Қазақ журналистикасының тарихы», «Қазақ журналистикасы: Баспасөздің дамуы және алғашқы қаламгерлер» секілді ғылыми зерттеу кітаптарының авторы. Бұдан бөлек, өлең-жырлары топтастырылған «Көктем тынысы», «Ай-нұрым менің», «Еркелеймін ертіске», «Сезімді қайтем тулаған», «Жастық әуен», «Сыр сандық», «Сағым уақыт», «Толқиды Ертіс», «Қызылтаң – алтын бесігім» атты кітаптары тағы бар.


А.ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz