Қазақ менталитетіне жат «альфонс» ұғымы 90-шы жылдары пайда бола бастаған. Яғни, заманның аумалы-төкпелі шағында қазақ әйелі ала дорбасын асынып, базар жағалаған шақта азаматы үйде отырып, шаңырақ күзетті. Десе де, сол кездегі азаматтардың көбі «дайын асқа - тік қасық» болуды қаламады емес пе?!

Қазақ қашаннан ерді намыс өлтіретінін, азаматтың әйелден бір саты жоғары тұратынын, шаңырақтың асыраушысы әрі қорғаушысы еркек екенін жастайынан ұлы-қызының құлағына құйып өсірді. Сонда «альфонстар қайдан шығады?» деген заңды сауалдың туындайтыны да ақиқат.

Көбіне, махаббаттан басы айналған сұлулар сүйген жанының шынайы бет-бейнесін көре бермейді. Олар талай жыл жатпай-тұрмай еңбек етіп жүріп қол жеткізген баспанасы мен машинасынан, қомақты қаражаты мен бағалы заттарынан айрылып жатады. Өзінен 3 жас кіші жігітке ессіз ғашық болған Камила - осындай құрбандардың бірі. Ол әкесі сыйға берген 1 бөлмелі пәтері мен машинасын жігітінің атына аударып берген.

- Оны бір көргеннен ұнаттым. Әрбір сөзі жанға майдай жағатын. Қыз-жігіт болып қол ұстасып небары 2 ай ғана кездесіп жүрдік. Кейіннен бір-бірімізді жақын танып-білу мақсатында азаматтық некеде бірге тұруға шешім қабылдадық. Сөйтіп, жарты жылдан кейін ол маған той жасап, заңды некеге тұру жөнінде ұсыныс тастады. Тойға қарбалас дайындық басталды. Бір күні келіп, «жаным, достарым күліп жатыр. «Тұрып жатқан үйің де, машинаң да әйеліңнің атында. Тойдан кейін өзің де соның тегіне өтіп аларсың, деп келемеждеді», - деп ренжіп келді. Азаматымның достарының алдында еңсесі түспесін деген ниетпен ойланбастан пәтерім мен машинамды оның атына аударып бердім. Менің пәтерім 1 бөлмелі болатын. Ол маған пәтерді сатып, 2 бөлмелі үлкен пәтер алуға ұсыныс тастады. Оған сенгенім сонша, қалған ақшаны қайдан алатынын да сұрамаппын. Сөйтіп, біз пәтерді сатып, тойға дейін уақытша пәтер жалға алдық. Сонымен, той өтетін мейрамхана таңдалып, қонақтарды шақырып, өзіміз дайындық үстінде жүрдік. Үйлену тойымызға 1 апта қалған кезде ол із-түссіз жоқ боп кетті. Кейіннен үйдегі менің қымбат әшекейлерім мен бағалы тондарым, тойға деп жинаған ақшамыз, менің банк карточкаларым орнында болмай шықты. Сол кезде ғана өзімнің алданғанымды білдім. Оның маған айтқан жылы сөздері, болашаққа құрған жоспары, әлемді бірге аралаймыз дегендерінің бәрі жалған болып шықты, - деп қамығады Камила.

Әрине, бір күнде болашақ жарының шынайы бет-бейнесін көріп, оның құрбанына айналу, бар мүлкінен айрылу кім-кімге де болсын оңайға тимесі анық. Камиланың айтуынша, осы оқиғадан кейін ол психолог мамандардың көмегіне жүгінген. Ол өзінің ер азаматтарға деген сенімінің өшіп, болашақта сүйікті жар боламын деген арманының қалмағанын айтады.

Бұл - тек бір ғана қазақ қызының басынан өткен жағдай. Естеріңізде болса, актриса әрі әнші Әсел Сәдуақасова да бір кездері альфонс жігітіне алданып, пәтерінен айрылып, қомақты қаражатын ұрлатқан болатын. Сонымен қатар, қазақ сахнасында «Бегімайдың жырымен» танылған әнші Ақбота Керімбекова да бұрын отау құрған 2 күйеуінің де «асыранды» болғанын жайып салған еді.

- Қазіргі қазақ жігіттерінде намыс қалмай барады. Менен 10-15 жас кіші жігіттер «мені алыңызшы, қасыңызда жүре берем, өзіңіз үйретіп аласыз ғой бәріне» деп арланбай, ашық айтады. «Сені бала қылам ба, не істеймін?» деп ұрыссам да, ұялу былай тұрсын, қытықтарына да тимейді ол сөз. Сонда олардың көздегені - жайлы тұрмыс. Белдерін ауыртып ақша тапқылары келмейді. Бәрі дайын қыздарға үйленіп, дәлірек айтқанда, «тиіп» алса, бар мәселе шешіледі деп ойлайды. Қит етсе, «қазір қыздар көп, біз жігіттер азбыз» деген статистиканы алға тартып шыға келеді. Рас, қазір қыздар мықты: оқу оқып, жұмыс істеп, әлеуметтік жағдайын жасап алады. Солардың арасында әлгіндей жігіттерді үйіне кіргізіп, еркелетіп отырған құрбыларым да жоқ емес. Мен оларды еш түсіне алмаймын. Жігіттің өзін емес, ақшасын, атағын «сүйетінін» қалай көрмейді? Күні ертең-ақ беттің ажары кеткен соң, оның жас қызға үйленіп, өзіне сезімдік тұрғыдан қасірет шектіріп әрі пайдаланып кете бермесіне кім кепіл?! Жақсы азаматтар бар ғой, қыздар, соларды тани білейік, - дейді әнші.

Жігіттердің мұндай әрекетке баруын психолог мамандар жүйке жүйесінің ауытқуы мен отбасында дұрыс тәрбиенің болмауы- мен байланыстырады.

- Жалпы, бұл мәселе - бүгінгі күннің ең ауыр дертінің бірі. Соңғы 5 жылдың ішінде жігітіне алданып, сан соғып қалған 7 қыз менің көмегіме жүгінді. Өз басым, жігіттердің әйелінің есебінен күн көріп, соған алақан жайып отыруын отбасындағы тәрбиенің әлсіздігінен дер едім. Яғни, ол бала кезінен «дайын дүниеге» үйреніп өскен. Отбасындағы әкенің рөлінің төмендігі, анасының ықпалының басым болуы да осының бір себебі бола алады. Сонымен қатар, жалқаулық басым. Өз жанын қинап, еңбек еткісі келмейді. Сол себепті, өтірік сөйлеп, өзгелердің көңіліне жол тауып, солардың қаражатына күн көреді. Мұндай адамдар ешқашан тұрақты отбасын құрып, өзін әке немесе шаңырақтың егесі ретінде сезіне алмайды, - дейді психолог Айгүл Рахымжанқызы.

Маманның айтуынша, кейбір алаяқтар қалталы бойжеткенмен көңіл жарастырып, некеге тұрғаннан кейін араға жылдар салып өзінің арам ойын іске асырып, әйелдің бар мүлкін атына түсіріп алғаннан кейін із-түссіз жоғалып кетеді немесе әйелінің «етегіне оратылып» күн көреді. Ондайлардың құрбаны бір ғана адаммен шектелмейді екен.

Әрине, барлық ер азаматтарға топырақ шашып, кінәлаудан аулақпыз. Бірақ ауруын жасырғанның өлетінін ескерсек, бұл мәселе де қоғамның талқысында болуы керек.

Түйін: «Жігіттің құны – жүз жылқы, ары – мың жылқы» деген жақсы бір тәмсіл бар. Қандай сұрапыл, сұм заманда да әйелге күнін қаратпаған қазақтың қайсар ұлдары бейбіт күнде де ұсақталмаса игі. Намысы от, жігері жалын, мақсаты айқын азаматы бар ел ғана елдігін мәңгі сақтай алады.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

 

 

Көктем келді, мен сені таєы ойладым...

Ғашық жыры – көлемі ешбір геометриямен өлшенбейтін тіршіліктің көкейкесті өлеңі. «Махаббатсыз дүние бос» деп білетін халық жан жылуы, мейірім мен сүйіспеншіліктен кенде емес, кем де емес. Махаббат. Маңызы терең, күші алпауыт, ауқымы кең ұғым кімнің болса да жүрегіне жылулық ұялатары хақ. Ғаламның жаратылысының өзі махаббаттан құралса керек.

15 сәуір – Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күні. Әулие Валентинге табынып, әспеттеген жастарымызға қайтарым болған ғашықтар күні бұл. Қос ғашықтың махаббатын ұғынып, осы екі жүрек иелерінің атына күн белгілеп, махаббатты дәріптеген мереке халық арасында 1999 жылдан бері тойланып келеді.

Өзгенің қызығына көзімізді қызартпай, төл мәдениетіміз бен төл әдебиетіміздің кейіпкерлерін ұлықтау мақсатында «Көктем келді, мен сені тағы ойладым» атты Баянауыл ақындарының жыр кеші өтті. «Махаббат – дүниедегі барлық күштің көзі, барлық қуаттың бұлақ-бастауы. Онсыз еш жерде жеңіс жоқ», – дейді Ә.Нұршайықов. Біз жеңіске бірге жетейік! Махаббат әрқашан аласармасын! – деп ұрандаған, жүректері жырға, көңілдері нұрға толы баянауылдық жастар жырмен сусындады. Жеңісбек Пәзіл, Айбат Ыдырысов, Әбілхан Марат, Жоламан Әйткен, Баянбек Съез, Раушан Амангелдіқызы сынды ақындар өлең-сөзді төгілтті. Сондай-ақ, жыр кешіне Арқа төрінде бас болған Астана қаласынан Айзада Сәдуақасова, қарағандылық Ерік Нарынов, Бек Ықылас, Ақмаржан Жорабаева арнайы келді.

«Махаббат – өмір көркі» дегенді айтқан абыз Абайдың, Мағжан мен Қасымның, Мұқағали мен Жұматайдың жырлары қаншама ғашықтың жан жарасын жазды. Ғашық жүректерге шуақ сыйлайтын мерейлі мерекеге арқау болған Қозы Көрпеш – Баян сұлудың тағдырынан жыр кешінде сыр да шертілді. Махаббат жолындағы күрес әсерлі әңгіме өзегіне айналды. Жас та жалынды ақындардың отты жырлары көңіл толқытты. Баянауылдық әншілердің әуелете шырқаған әндері жүрек түкпіріне жетті. Залда отырған көрермен күйбең тірлік, мазасыз ойлардан, бұл әлемнен алшақтап, қиял әлеміне беттегендей болды. Барлығы да ән мен жырдың, өлеңнің әсері болса керек.

Ләйлі–Мәжнүн, Жүсіп–Зылиқа, Фархад –Шырын, Қозы Көрпеш–Баян сұлу, Еңлік–Кебек, Сәлиха – Сәмен, Қыз Жібек–Төлеген, Қалқаман–Мамыр, Естай–Қорлан... Тізе берсек, бір-біріне деген сүйіспеншілігі күллі адамзат баласын ізгілікке жетелеген осынау ғашықтардың ғасыл сезімі әлемді ғадауаттан қорғап тұрғандай... Төбелі төрде жиылған жұртты сырлы өлең, нәзік жырмен сусындатқан, жүректерді тербеп, көңілді қозғаған ақындар бұл дүниенің қызығы махаббатпен екенін тағы бір мәрте дәлелдей түскендей.

Әлия ТАУКЕНОВА.

saryarka-samaly.kz