4 пен 14 жас аралығындағы балалардың зияткерлік қабілетін дамытуға арналған бағдарламаның тарихы Қытайдағы «абакус» есептеу құрылғысының пайда болуымен байланысты. Себебі ментальді арифметиканы осы құрылғы арқылы меңгеруге болады. 1993 жылы малайзиялық профессор Дино Вонг ойлап тапқан бағдарлама бүгінде әлемнің 78 елінде сұранысқа ие. Қазақстанда мұндай орталықтар 2011 жылдан бастап ашылды. Сала мамандарының айтуынша, абакуспен жұмыс істеу барысында бала миы тез дамып, зейіні мен есте сақтау қабілеті артып, байқампаздық, өз-өзіне сенімділік, нақтылық, жылдамдық қасиеттері ашылады.

Бұл ретте өңіріміздегі оқушылардың жетістігі де жоқ емес. Мысалы, жуырда Тереңкөлдік есепке жүйрік оқушылар Ресей мемлекетінде өткен жарыста топ жарып, ойша есептеу бойынша рекорд орнатқан болатын. Санкт-Петербург қаласында қыз балалар арасында ментальді арифметика бағдарламасы аясында жарыс ұйымдастырылды. Білімділер додасында 5 жастағы 150 қатысушы 26 минут, 26 секунд ішінде 30 мың арифметикалық жатты-ғуларды орындаған. Жарыста А.Елгин атындағы №1 орта мектептің 5-сынып оқушысы Ділназ Қазбай бақ сынап, берілген есептерді ойша есептеу арқылы жылдам шығарып, әлем мамандарын таң қалдырды.

Десе де, аталмыш бағдарлама жөнінде жұртшылықтың пікірі әртүрлі. Бірі қажет деп тапса, енді бірі балаға артық салмақ салады деген ойда.

- Қазіргі балалар күні-түні компьютер мен ұялы телефоннан бас алмайды. Үйге берілетін тапсырмалары да оңай емес. Ғалымдар балалардың 5 пайызы ғана тума дарынды болатынын айтқан еді. Ал ментальді арифметика – есептеудің тәсілі. Жаңашылдық жоқ. Бұл әдісті кез келген бала үйреніп алады, - дейді Гүлнәр Исаева есімді ата-ана.

Бұл туралы белгілі физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев басылымдарға берген сұхбатында да айтқан болатын.

– Біреу шойын темірді майыс-тырса, келесісі биік өкшемен жүгіріп жарысады. Бірақ оны спорт деуге келмейді. Сол сияқты, ментальді арифметика да ғылым емес. Ол - математикалық тәсіл. Дүниеде пайдасыз нәрсе көп қой. Мысалы, темекі. Пайдалы болмаса да бәрі тартады. Ментальді арифметика - керек емес өнердің біреуі. Дәлірек айтсақ, бұрын болған өнер. Бұдан жүз жыл бұрын ешқандай компьютер, калькулятор болмаған. Сол кезде жапондар мен қытайлардың ойлап тапқан өнері. Онда екі таңбалы санды екі таңбалы санға көбейтеді. Сіз оны бір минут көбейтесіз, ол отыз секундта есептейді. Бас тірлік жасау үшін керек. Ал мұндай есеппен кім тірлік жасай алады? - дейді ол.

Шыны керек, калькуляторсыз есеп шығару 4-14 жас аралығындағы бала үшін үлкен жетістік. Дегенмен техника дамыған заманда заманауи есептеуіш құралдардың барын да естен шығармағанымыз дұрыс шығар.


А.ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz