25 коворкинг орталық ашылды

Қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясы Елбасы, партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес өз қызметін жаңғырту жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Соның аясында 20-дан астам жаңа жоба қолға алынған. Оның бірі – еліміздегі кітапханалардың қызметін заман талабына сәйкестендіру. Сондықтан М.Әшімбаев аймағымызға жұмыс сапары барысында С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханаға арнайы барды. Бүгінде мұнда 556,7 мың дана шамасында кітап қоры бар. Қазіргі кезде аталған кітаптар «Қазақстанның ашық кітапханасы» партиялық жобасы аясында цифрлы форматқа көшірілуде. Бұл жұмыстар Book Drive, Laren сияқты заманауи, бірегей сканер құрылғыларының көмегімен жүргізілуде. Облыстық кітапхана директоры Шолпан Шахметованың айтуынша, бүгінде 6 мыңнан астам кітап электронды нұсқаға көшірілген. Олардың көбі - өлкетану бағытындағы кітаптар. Осылайша, кітапхана қорының шалғайдағы оқырмандар үшін де қолжетімділігі қамтамасыз етілуде. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары мұндай бастаманың маңызы зор екенін атап өтті.

- Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі мәні - жастардың білімге деген құштар-лықтарын арттыру. Ал бар білімнің негізі кітапта екені белгілі. Сондықтан партия Төрағасының тапсырмасы бойынша біз осындай игі істі қолға алдық. Бұл – бәсекеге қабілетті, интеллектуалды ұлт қалыптастыруға және еліміздің экономикалық дамуына үлес қосуға бағытталған нақты жұмыстар, - деді Мәулен Сағатханұлы.

Бұдан бөлек, мәртебелі мейманға облыстық кітапханада орын тепкен «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жұмысы таныстырылды. Бұдан бөлек, М.Әшімбаев коворкинг орталықта өңірдің зиялы қауым өкілдерімен, жас ақындармен жүздесті. Атап өтерлігі, облысымызда 25 коворкинг орталық ашылған. Онда кітап оқумен қатар түрлі тақырыптарда пікірталастар мен тренингтер және белгілі тұлғалардың дәрістерін өткізу ісі жүйелі жолға қойылған.

Жас ақындар М.Әшімбаевты арнау әнімен қарсы алып, шығарма-шылықтарында орын алған жаңалық-тарымен бөлісті. Жергілікті билік және партия филиалы тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларын сөз етті. Ал ақын Жарқынбек Амантайұлы өзінің жақында ғана жарық көрген «Ескі сурет» атты өлең жинағын «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарына тарту етті.

- Елімізде идеологиялық жұмысты жүргізуде зиялы қауым өкілдерінің алатын орны ерекше. Қазақ елінің тарихы тереңде жатыр. Біздің тамырымыз сақ, ғұн дәуірінен бастау алады. Идеология осы бағытта өрілуі тиіс. Халқымыздың ұлттық рухын насихаттау бағытында еңбек етулеріңіз қажет, - деді М.Әшімбаев.

Бұдан бөлек мәртебелі мейман «Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалында болып, партиялық актив отырысына қатысты. Жиын барысында Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы мен жақында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған басымдықтарды жүзеге асыру барысын талқылады. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов аймақтың әр тұрғыны бұл реформалардың мән-маңызын жақсы түсінетінін жеткізді.

- Бүгінде Елбасының тапсырмасын жүзеге асыру бағытында нәтижелі жұмыстар қолға алынды. Өңірдегі өндіріс орындары өз жұмысшы-ларының жалақысын көтеруде. Коммуналдық қызмет тарифтерін төмендету ісі жолға қойылды. Сонымен қатар, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша да бірқатар нәтижелерге қол жеткіздік. Атап айтар болсақ, бағдарлама аясында тұрғындардан 65 өтініш түсіп, олардың 29-ы мақұлданды, 442 пәтер сатылуда, - деді аймақ басшысы.

Өз кезегінде М.Әшімбаев Мемлекет басшысының аталған құжаттарда айқындап берген басымдықтары жүйелі сипатқа ие екенін айтып, оларды нәтижелі орындау үшін партияның алдында тұрған басты міндеттерге тоқталды. Сондай-ақ, осы ретте павлодарлық нұротандықтарға бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Елеулісі - еңбек қауіпсіздігі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында адам – басты капитал екенін қадап айтқан болатын. Олардың әлеуметтік жағдайын жасау, білім алып, жұмыс істеуі үшін оңтайлы мүмкіндіктер қарастыру аса маңызды. Бұл ретте еңбек қауіпсіздігіне баса мән беру керек. Әйтпегенде, жұмысшылардың қызмет орнында жарақат алып, тіпті оқыс оқиға салдарынан көз жұмуы әбден мүмкін.

Ақсу ферроқорытпа зауытында өткен «Лайықты еңбек – мемлекеттік тұрақтылық негізі» атты еңбекшілер форумында бұл мәселе жан-жақты талқыланды. Естеріңізде болса, осы жылдың сәуір айында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев пен ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым Павлодар облысында өзара қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған меморандумға қол қойған болатын. Соның аясында ауқымды істер атқарылып үлгерді. Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Форум аясында сөз алған Мәулен Әшімбаев қолға алынған шараларға тоқталып, олқылықтардың орнын толтыру үшін жасалатын қадамдарды атап өтті.

- Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның озық отыз ел қатарына қосылу міндетін қойды. Бұл белесті бағындыруда өндірістік орындардың рөлі зор. Бүгінгі республикалық форумның индустриялық орталық – Павлодар облысында, Ақсу ферроқорытпа зауытында ұйымдастырылуы тегін емес. Жарты ғасырлық тарихы бар, жылына 1 млн. тоннадан астам қорытпа шығаратын бұл кәсіпорын – еңбек қауіпсіздігін сақтап, жаңғырту жұмыстарын жүйелі жүргізетін зауыт. Өкінішке қарай, еліміздегі өнеркәсіптің барлығы дерлік осындай деп айта алмаймыз. Өткен жылғы деректерге сүйенсек, республика көлемінде 1678 адам жұмыс орнында жарақат алып, 244 жұмысшы көз жұмды. Әсіресе, мұндай оқыс оқиғалар тау-кен, құрылыс салаларында жиі кездеседі. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін еңбек қауіпсіздігін арттыруы-мыз қажет, - деді М.Әшімбаев.

ҚР Кәсіподақтар Федерациясының президенті Бақытжан Әбдірайым да бірнеше түйткілді тілге тиек етті.

- 2018 жыл «Еңбек қауіпсіздігін сақтау жылы» деп жарияланған болатын. Соның аясында Қазақстан электролиз зауытында «Нұр Отан» партиясымен өзара әріптестік туралы меморандум жасалып, бірқатар істің басын қайырдық. Мәселен, респуб-лика көлемінде жұмыс берушілер өз қызметкерлеріне шамамен 1,5 млрд. теңге болатын жалақыны уақытылы төлемеген. Бүгінгі күні біздің тікелей араласуымызбен 1 млрд. теңгеден астамы өтелді. Тағы бір мәселе – елімізде шамамен 13 мың өндірістік кеңес жұмыс істейді. Солардың небары 7 пайызы, бұл дегеніңіз – 1032 кеңес экономиканың нақты секторында құрылған. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Жұмысшылардың өмірін аман сақтап қалып, олардың денсаулығына қандай да бір зиянның тимеуін қаласақ, мұндай кеңестің санын көбейту керек, - деді Б.Әбдірайым.

Өз кезегінде облыс әкімі Болат Бақауов аймақ көлемінде жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.

- Әр кәсіпорында күрмеулі мәселе болады. Бірақ, табыс табу жолында жұмысшылардың жағдайын назардан тыс қалдырмау керек. Еңбек кодексі – түрлі түйткілді шешіп, мың сұраққа бір жауап беретін механизм. Ал біздің облыста еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қорғаудың 2018-2020 жылдарға арналған бағдарламасы жұмыс істейді. Қазірдің өзінде өңірдегі ірі және орта кәсіпорындар Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында берілген тапсырма – жұмысшылар жалақысын көтеруге әзір. Осы орайда мемлекет, жергілікті билік жұмыс берушілер мен жұмысшылардың уәждерін тыңдап, кеңес беріп, қажет болса қолдау көрсетуге әзір екенін ерекше атап өткім келеді, - деді Б.Бақауов.

Форум соңында кәсіподақтың бірқатар үздік маманы арнайы марапаттарға ие болып, ҚР Кәсіподақтар федерациясының «2018 жылғы ең үздік техникалық инспектор» республикалық байқа-уының қорытындысы жарияланды. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге сый-сыяпаттар табыс етілді. Форумның жұмысы еңбекті қорғау жөніндегі техникалық қызметкерлерге арналған тәжірибелік семинарға жалғасты.


Данияр ЖҰМАДІЛ, Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz