Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің директоры:

- Балаларға екпе салу үшін Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымында сертификаттаудан өткен препараттар ғана қолданылады. Яғни, Қазақстандағы екпелердің сапасы жоғары. Олар Америка Құрама Штаттары, Бельгия және Жапониядан жеткізіледі. Мұндай қымбат препараттарды екі елдің бірі ала бермейді. Себебі, сапасы жоғары болғандықтан құны да қымбат. Соған қарамастан, мемлекет адамдардың денсаулығы үшін қомақты соманы аяп отырған жоқ.

Екпе алмаған балаларды білім беру ұйымдарынан шектеу мәселесіне келер болсақ, бұл тәжірибе әлемнің бірқатар елінде бар. Яғни, жоспарлы түрде екпе салмағандар балабақша мен мектепке бара алмайды. Қазақстанда да бұл жүйені енгізу туралы ұсыныс жасалғанда көпшілік «бұл - білім алуды шектеу» деген ойын білдірді. Иә, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, баланың оқуға деген міндетті құқығы қарастырылған. Бірақ, бұл құқық ҚР Конституциясының 39-бабы бойынша реттелуі мүмкін. Аталмыш құжатта қоғамдық тәртіп пен адамның денсаулығы туралы айтылады. Біздің басты мақсат - балалар арасында ұжымдық иммунитетті қалыптастыру, екпе алмаған бүлдіршіндердің инфекция таратушы болуына тосқауыл қою.


Тұңғышбай БАЙМАХАНОВ, «Салауатты өмір салтын қолдау орталығы» ЖШС директоры:

- Екпе – түрлі қауіпті инфекцияларға қарсы қолданылатын басты шара. Сондықтан, ата-аналардың балаға екпе салудан бас тартуы оның денсаулығына қауіп төндірумен тең. Оған қоса, бүгінгі күні дәрі-дәрмектің басым бөлігінің сырқаттарды түбегейлі, бірден жоятын қасиеті жоқ. Осыларды назарға ала отырып, баланың міндетті түрде екпе алуы тиіс деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, кейбір ата-аналар БАҚ пен әлеуметтік желі арқылы «екпе алған соң бала айықпас дертке шалдықты» деген мәліметті көріп, оқып, естіп алады да, баласын емханаға апарудан қорқады. Бірақ, екпеден соң сырқатқа шалдығуы – сирек жағдай әрі көбінесе ақ желеңділердің немқұрайлығынан болып жатады. Қоғамдағы осындай сенімсіздікті жойып, өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайту үшін құзырлы министрлік екпе алмаған балаларды білім беру орындарынан алшақтату туралы ұсынысты ортаға салды. Бұл бастамамен келісемін, бірақ толыққанды емес. Бүлдіршінді балабақшаға немесе мектепке қабылдау кезінде міндетті түрде екпе күнтізбесі болуы керек. Бұл құжат болмаса, қабылдамаған дұрыс. Ал балабақша мен мектепке барып, тәлім-тәрбие алып жүрген, бірақ кезінде екпе алмаған баланы «сен екпе алмапсың ғой» деп кіргізбей қою – заңсыз. Сондықтан, ұсынысты әлі де талқылап, жүйелеп, саралау қажет деп ойлаймын.


Назерке МҰҚАТҚЫЗЫ, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Ұлым дүниеге келген соң дәрігердің айтуы бойынша жоспарлы түрде барлық тиісті екпені алдық. Ал қызым өмірге келген соң, екпенің қай-қайсысынан болсын бас тарту жөн деп шештім. Себебі, екпеден соң аутизм, басқа да ауруларға шалдығып, тіпті дүниеден өткен балалар бар. Бұл - менің әлдекімдерден естіген хабарым арқылы ғана түйгенім емес, өзім осындай бірқатар келеңсіз жайттардың куәсі болдым. Шыны керек, мұндай жағдайлардан соң баламды емханаға апарудан тартынатын болдым. Қазіргі кезде екпе алған ұлым мен екпе алмаған қызымның иммунитеті, денсаулығы бірдей, қалыпты. Яғни, екпенің қандай да бір жұқпалы аурулардан мықты қорған болғанын байқамадым. Тағы бір себеп – препараттарды тендер арқылы сатып алуы. Мемлекеттік сатып алулардың қалай жүргізілетінін жақсы білеміз. Кім арзан баға ұсынса, сол басты жеткізуші болып танылады. Ал оның сапасына баса мән беріп, бақылап отырғандар некен-саяқ. Сондықтан, көп күмән тудырады. Бұл ретте министрліктің балаларды білім беру ұйымдарынан шектеу туралы ұсынысы шикілеу сияқты. Жаппай екпе алуға міндеттеу үшін алдымен оның сапасына көңіл аудару керек. Онсыз мәселе шешілмейді.


«Алаңды» үйлестірген – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz