Естай әншіні Түркияда еске алу жиынын ТҮРКІСОЙ Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы, Павлодар облысының әкімдігі және Павлодар мемлекеттік педагогикалық универ-ситеті бірлесіп ұйымдастырды. Ал ақынның еңбегі мен өмір-тарихын түрік ағайындарға кеңінен насихаттау үшін Павлодар өңірінен облыстық мәслихат хатшысы Бақыт Бексейітова, ПМПУ ректоры Алтынбек Нухұлы, осы университеттің профессоры Мұхит Омаров, Естайдың туысы Әбілқақ Түгелбаев, белгілі әншілер Шахимардан Әбілев, Асқар Мұқият және Екібастұздағы Естай атындағы музыка мектебінің директоры Медғат Манапов сынды он шақты азамат барды.

Жалпы, Естайдың тойын Түркияда атап өту туралы бастаманы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нухұлы бірінші көтерген. Уақытында айтылып, ұсынылған бастама облыс әкімдігі тарапынан қолдауға ие болып, іс соңына дейін жетті.

- Қазақтың көрнекті ақыны, әнші, сазгер Естай Беркімбайұлы шығармашылығы әлемдік деңгейде насихатталып, өзінің жоғары бағасын алды. Бұл - біз үшін үлкен мәртебе.  Осы жоба аясында ақынның мерейтойын аса жоғары деңгейде атап өтіп, оның шығармашылығын бүкіл түркі әлеміне жеткіздік деуге болады. Бұған облыс әкімдігінің және халықаралық ТҮРКІСОЙ ұйымының қосқан үлесі зор. Сондықтан, аталған ұйымның бас хатшысы Дүйсен Қасейінов мырзаға облыс жұртшылығы атынан алғысымызды білдіреміз, - дейді  Алтынбек Нухұлы.

Түркиядағы Естай күндерінің алғашқы еске алу шарасы Ыстанбұлдағы Айдын университетінде өтті. Оқу орнының ректоры Ядыгар Измирли, әдебиет және өнер факультетінің деканы Нүкхет Чыкрыкчы, белгілі түріктанушы ғалым Шұғайып Каракаш және ТҮРКІСОЙ ұйымы бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ сынды жергілікті азаматтар қарсы алып, студенттермен кездесу кешін ұйымдастырды. Одан кейін жерлестеріміз Анкара қаласына жол тартып, ТҮРКІСОЙ ұйымының штаб-пәтерінде болған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Онда Қазақстаннан барған делегация мүшелері Естай Беркімбайұлының шығармашылығы, музыкалық мұрасы, қазақ мәдениетіне қосқан үлесі туралы баяндамалар жасап, Естай мұрасының өз елінде насихатталуы, мерейтой қарсаңында игілікті істерге кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, Түркия төріне қазақ халқының дәстүрлі ән өнерін арқалай барған жерлестеріміз Естайдың әндерін опера, дәстүрлі және эстрада жанрларында шырқады. Аталған конференцияға Түркиядағы Қазақстан елшілігінің өкілдері, қазақ диаспорасының мүшелері, ТҮРКІСОЙ ұйымына кіретін Қырғызстан, Өзбекстан,  Түркіменстан, Әзербайжан, Башқұртстан, Греция секілді түркітілдес 14 елдің өкілдері қатысты.

- Түркітектес халықтардың барлығы қазақтың дәстүрлі музы-калық өнерін ерекше құрметтейтінін байқадық. Ал сол елде тұратын қазақ қандастарымыздың көзінен елге-жерге деген сағыныш аңға-рылады. Біздің әншілер Естайдың «Бір мысқал», «Сандуғаш», «Құсни-Қорлан» туындыларын және Ақан серінің «Балқадиша» әндерін орындаған кезде қазақ бауырларымыздың толқығаны соншалық, тіпті көздеріне жас алып отырғанына куә болдық. Егер олардың жүрегінде ел мен жерге деген сағыныш болмаса, дәл бұлай әсерленбес еді, - дейді облыстық мәслихат хатшысы Бақыт Мақанқызы.

Осы сапар барысында Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нухұлы мен Ыстанбұлдағы Айдын университетінің ректоры Ядыгар Измирли әріптестік байланыс туралы меморандумға қол қойды. Болашақта қос оқу ордасы арасында ғылыми байланыс нығайып, білім беру саласында бірлескен жобаларды іске асырмақ.


Мұхит ОМАРОВ, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры:

- Түркияның қос шаһарында болған Естай күндері сәтті өтті. Осы сапардан ерекше әсер алып қайттық. Мұнда түркі әлемін зерттеп жүрген үлкен ғалымдармен және сонда тұратын қазақтармен кездесіп, әңгімелестік. Жалпы, түріктердің қазақтарға деген ықылас-ниеті, жанашырлығы ерекше екенін байқадық. Себебі, олар Қазақ даласын жалпы түркі жұртының қара шаңырағы, яғни атамекені санайды. Ал Естай Беркімбайұлының шығармашылығы арқылы қос елдің мәдени байланысы бұрынғыдан да жақындай түскендей болды. Осы барыс-келіс келесі жылы да жалғаспақ. Олар Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы-драма театрының ұжымын шақырып отыр. Бұл ұсынысты да бірауыздан құптадық, біздің театр ұжымының сапары келесі жылдың бірінші жартысына жоспарланды.


Тілеуберді  САХАБА

saryarka-samaly.kz