1968 жылдың желтоқсан айында Ақсу қаласында қуаттылығы 300 мегаватт болатын станция іске қосылды. Сол уақыттан бастап аталмыш станция 587 млрд. Квт/сағат электр энергиясын өндіріпті. Бұл қуат шағын шаһарды 6 мың жыл бойы жарықпен қамтуға жеткілікті. Бүгінгі күні Ақсу электр станциясы Еуразиялық Топ құрамына кіретін барлық кәсіпорынды энергия қуатымен қамтып отыр.

Осындай ірі өндіріс орнының 50 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кешке облыс әкімі Болат Бақауов, «ERG» компаниясының басқарма төрағасы Александр Машкевич, өзге де кәсіпорын өкілдері мен станция ардагерлері, қызметкерлері, қала тұрғындары жиналды.

Аймақ басшысы Болат Жұмабекұлы Ақсу электр станциясының облыстың экономикасы мен әлеуметтік дамуындағы рөліне тоқталып, әлеуметтік жауапкер-шілігінің жоғары екенін атап өтті.

- Ақсу электр станциясында еліміздегі электр энергиясының бестен бір бөлігі өндіріледі. Индустрияландыру талаптарына сәйкес, мұндағы 8 блоктың бесеуі жаңғыртудан өтті. Осы орайда Еуразиялық Топтың әлеуметтік жауапкершілігіне баса назар аударғым келеді. Аталмыш компания соңғы 7 жылда аймақтың дамуы үшін 18 млрд. теңге қаржы қарастырды. Корпорация басшылығы қызметкерлердің жағдайына да көп көңіл бөледі. Мәселен, бүгінгі күні «ERG» компаниясына қарасты өндіріс орындарында жұмыс істейтін тұрғындардың қандай мекемеде медициналық қызмет алатыны және қандай аялдамаларда автобус күтетініне дейін әлеуметтік зерттеу жүргізілуде. Бұл жауапкершіліктің жоғары екенін көрсетсе керек, - деді Б.Бақауов.

«ERG» компаниясының басқарма төрағасы Александр Машкевич Ақсу электр станциясы компания құрамына кірген кезді еске алып, бүгінгі және ертеңгі жағдайды саралады.

- Мен 1996 жылы станцияға алғаш келгенімде қаңырап бос қалған базалар, терезесі сынған өндірістік ғимараттар ғана тұрған еді. Сол уақытта жұмысшылардың бізге сенім артып, бірлесе жұмыс істеуіміздің нәтижесінде ТМД аумағындағы үздік кәсіпорын дәрежесіне жеттік. Электр энергиясы өндірілмесе, басқа зауыттар болмас еді. Сондықтан, Ақсу электр станциясының өзге өндіріс орындарының қалтқысыз жұмыс істеуінде рөлі зор.

Бүгінгі төртінші өндірістік революция кезінде баламалы энергия көздері туралы көп айтылып та, жазылып та жүр. Біреулер батареялар салып жатыр, енді бірі күн сәулесінен жарық алудың тетіктерін қарастыруда. Бірақ электр энергиясын сақтайтын технология әлемде әзірше жоқ. Демек, бізге алаңдауға негіз жоқ. Көмірді жағып, одан энергия алу ісі әлі жарты ғасыр қолданыста болады. Сондықтан еш уайымсыз еңбек етіп, неғұрлым көп әрі арзан қуат өндіріңіздер. Біз өз кезегімізде ол үшін барлық жағдайды жасаймыз, - деді А.Машкевич.

Салтанатты шара барысында бір топ қызметкерге облыс әкімінің Құрмет грамотасы, корпоративтік марапаттар табысталды. Оған қоса, 7 ардагерге Алматы қаласындағы «Оқжетпес» шипажайына жолдама берілді. Жалпы, мерейтой аясында Ақсу электр станциясының 100-ге жуық қызметкеріне құрмет көрсетілді. Ал басты сыйлық – LADA XRAY автокөлігінің кілті 5 энергетикке бұйырды. Олардың қатарында энергиялық блоктың аға машинисі Хамит Сәтбаев бар.

- Шыны керек, мұндай бағалы сыйлықтың берілетінін күткен жоқпын. 1999 жылы кәсіпорын тарапынан көлік алып едім, биыл тағы бұйырған екен. Демек, станциядағы 40 жылға жуық еңбегім бағаланды. Осындай қуаныш сыйлаған кәсіпорын басшылығына алғыс білдіремін. Әріптестерімді мерекемен құттықтаймын, - деді жаңа көлік иесі.

Мерекелік шара ҚР Халық әртісі Әлібек Дінішев және жергілікті өнерпаздардың қатысуымен өткен концертке ұласты.


Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz