Бұл күні жергілікті билік өкілдері, түрлі сала қызметкерлері, табысты кәсіпкерлер – барлығы қалалық мәдениет сарайында жиналды. Аймақ басшысы Болат Бақауов облыс жұртшылығын ең қастерлі атаулы күн – Тәуелсіздік күнімен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.

- «Тәубенің ең зоры – тәуелсіздік» дейді дана халқымыз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясаты мен стратегиялық дамуының жоспары нәтижесінде өзге елдерде 100 жылда орындалатын жетістікке 27 жылда жеттік. Тәуелсіздік жылдары әлемдік аренадағы беделіміз артып, абыройымыз асқақтады. Павлодар облысында да іргелі істер атқарылды. Біз индустриялық орталық деген деңгейді сақтап қана қоймай, оны нығайта түстік. Екібастұз қаласындағы ГРЭС-тердің, «Бозшакөл» тау-кен байыту комбинатының салынуы, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының құрылуы – атқарылған ауқымды жұмыстың бір парасы. Сонымен қатар, Павлодар облысы Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне өнім экспорттайтын өңірлердің үздік үштігіне енді. Әлеуметтік жағдай да назардан тыс қалған жоқ. Айталық, биыл Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында аймақ көлемінде 30 жаңа әлеуметтік нысан іске қосылды. Жоғарыда аталғандардың барлығы – Тәуелсіздігіміздің жемісі, - деді Б.Бақауов.

Осы орайда аймақ басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасына тоқталып, ата-бабалар аңсаған азаттықты өскелең ұрпаққа жеткізу – аманат екенін атап өтті.

Салтанатты шара барысында түрлі салада елеулі еңбегімен көзге түсіп, облыс пен республиканың дамуы жолында аянбай қызмет етіп жүрген бір топ азаматқа мемлекеттік марапаттар табысталды. Успен ауданындағы «Галицкое» ЖШС директоры Анатолий Касицын «Парасат» орденін, бірқатар павлодарлық «Құрмет» және «Үшінші дәрежелі Еңбек даңқы» ордендерінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атанды. Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің  көркемдік жетекшісі Талғат Кәрімовке «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Сонымен қатар, еліміз бен өңіріміздің дамуына үлес қосқан жерлестеріміз ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен, «Астананың 20 жылдығы» және «Еңбек ардагері» медальдарымен, «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталып, Павлодар облысының Құрметті азаматы атанды. Марапатқа лайық деп танылғандар қатарында журналистика саласының ардагерлері – Мұхит Омаров, Жұмасейіт Бижан және Ақмарал Сағымбекова бар.

«Астана-Опера» балет театрының әртістері Досжан Табылды, И.Байзақов атындағы облыстық филармония өнерпаздары мен жергілікті әншілер, «Шернияз» би ансамблі кештің көркін келтіріп, жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.


Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz