Қобыланбек ҚОЖИН, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты, арнайы мониторинг тобының басшысы:

- Жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың алдын алуда қоғамдық бақылау бірден-бір маңызды орынға ие. Себебі, жемқорлық індеті жариялылықтан қорқады. Қазақ қоғамына бұл бағытқа қатысты жариялылық ұғымы енді-енді еніп келеді. Бұл әлеуметтік желілердің дамуына байланысты болып отыр. Осы ретте, ғаламтордың пайдасын молынан көріп отырғанымызды мойындау керек. Бүгінде пара беру, пара алуға қатысты көптеген қылмыстар интернет пайдаланушылардың көмегімен әшкере болуда. Әрине, бұл тұрғындардың азаматтық белсенділігіне де байланысты. Сөзім дәлелді болуы үшін шағын мысал келтірейін. Павлодар қаласына қарасты Ленин кентінің Мәншүк Мәметова атындағы көшенің жолына жөндеу жүргізілген. Өкінішке қарай, мердігер кәсіпорын міндетін сапасыз орындаған. Бұған бейжай қарай алмаған аталмыш көшенің тұрғындары дабыл қағып, бізге хабарласты. Нәтижесінде, арнайы мониторинг тобы оқиға орнына барып, мәселені бақылауға алды. Мердігер барлық кемшілікті түзетуге мәжбүр болды. Міне, бұл - қоғамдық бақылаудың нақты нәтижесі. Мұндай мысал әр қала, аудан, елді мекенде бар. Бір жерде жол салынып жатса, енді бірінде әлеуметтік нысандар бой көтеріп жатыр. Арнайы мониторинг тобының өкілдері, құзырлы органдар барлығын бақылай алмайды. Сондықтан жергілікті жерлерде қазына қаржысының тиімді игерілуін бақылауда тұрғындардың көмегі маңызды. Әлемдік деңгейдегі белгілі саясаткер Маргарет Тэтчер айтқандай, мемлекет қаражаты деген ұғым жоқ. Қазынадағы қаражат - халықтікі. Демек, халық жемқорлық мәселесіне келгенде жанашырлықпен қарауы тиіс.

Шерхан ҚОҚАНОВ, «Ертіс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

- Жемқорлықтың алдын алу бағытындағы шараларға қоғам өкілдері белсенді араласса, тиімдірек болар еді. Осы мақсатта Павлодар қаласында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облысымыз бойынша департаменті жанынан «Ертіс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі құрылды. Бүгінде аталған кеңседе үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен, кәсіпкерлерден және өзге де сала мамандарынан құралған сарапшылар тобы жұмыс істейді. Басты мақсатымыз – күнделікті өмірде кездесетін тұрмыстық жемқорлықтың алдын алып, тұрғындардың сапалы мемлекеттік қызмет тұтынуына қолайлы жағдай жасау. Бұл ретте, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы, сот, құқық қорғау сияқты басқа да салалар назарға алынады. Егер тұрғындар осы салаларға жауапты мемлекеттік мекемелердің жұмысынан қандай да бір кемшілік көріп, кедергіге тап болатын болса, онда «Ертіс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне хабарласа алады. Біз өз кезегімізде бұл мәселелерді шешу үшін бар күшімізді саламыз. Мемлекеттік мекемелердің жұмысында жемқорлық қаупі бар бағыттарды анықтауға ден қоямыз. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облысымыздағы департаменті мен облыс әкімдігі арасындағы тығыз қарым-қатынас жобалық кеңсе өкілдеріне жоғарыда аталған мәселелер бойынша жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Сондықтан қоғамдық мәселелерге бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымы жоғары тұрғындарды әріптестікке шақырамыз. «Ертіс – адалдық алаңы» облыс орталығындағы Кривенко көшесі, 25 (214-кеңсе) мекенжайы бойынша орналасқан. Сондай-ақ, фейсбук және инстаграмм желілерінде ресми парақшаларымыз бар.

Маханбет АМАНГЕЛДІ,кәсіпкер:

- Әділдікті ту еткен ата-бабамыз «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп бекер айтпаған. Сыбайлас жемқорлық - қоғам індеті. Демек, оған қарсы қоғам болып күресуіміз қажет. Бірақ, билік, құзырлы орган өкілдері сол қоғамның пікіріне құлақ аса қояр ма екен? Әйтпеген жағдайда, жұртшылық парақорлық мәселесін талайдан айтып, жазып та келеді. Егер шенділер мен шекпенділерге тұрғындардың пікірі соншалық қымбат болса, онда бұған дейін де біраз мәселенің басын қайыруға болатын еді. Бұл – бір. Екіншіден, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын шаралардың, құқықтық түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттырудың маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір заңға қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады.

«Алаңды» үйлестірген – Данияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz